Өніміне кепілдік береді
Қазіргі таңда елімізде құрылыс саласы қарқын алған. Жыл сайын өңірлерде қаншама нысан, мекеме, тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл өз кезегінде құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырып отыр. Ал құрылыс материалдарының көбісі бізге сырттан келетіні жасырын емес. Алайда соңғы жылдары мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауының арқасында өз елімізде құрылысқа қажетті заттарды өндірушілердің қатары көбейе бастады. Мұндай кәсіпорындар Шымкент қаласында да жетерлік. Айталық «KAZ PLAST TRADE» ЖШС сумен және газбен жабдықтау, кәріз жүйелеріне арналған заманауи полиэтилен құбырларын шығаруға маманданған кәсіпорын. Зауыт 50 жылдық кепілдікпен берілетін полиэтилен құбырларын нарыққа шығарып жүр. 2009 жылы құрылған компания 10 жылдай уақыт ішінде жоғары сапалы полиэтилен құбырлар өндірісін дамытты. Сапалы шикізат және озық технологияларды қолдану арқылы жоғары өнімділікті құбырлар нарыққа ұсынылуда. Полиэтилен құбырлары жоғары сұранысқа ие. Кәсіпорын жеткізілетін өнімнің жоғары сапасына кепілдік беру, жеткізудің ең қысқа мерзімдерін, жеңілдіктердің икемді жүйесін қамтамасыз ету, клиенттерге ыңғайлы болу үшін жедел қорлар жасауға мән береді.
– Біздің құбырлардың жер асты монтаждау үшін кепілдендірілген қызмет ету мерзімі – 50 жыл. Осының арқасында бізге сенім артатын кәсіпорындар саны артып отыр. Және біздің қызметіміздің географиясы тұрақты түрде өсіп келеді, – дейді компания директоры Махаббат Қойбағарова.
Компания «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан. Өткен жылы «KZI Bank» АҚ-тан айналым қаражатын толықтыруға және жабдық сатып алуға жылына 14 пайыздық несие алған. Оның 8 пайызын «Даму» Қоры субсидиялады.
Бүгінде мекемеде 50-ден астам адам жұмыс істейді. Компанияның алдына қойған басты міндеттерінің бірі – клиенттердің жоғары сапалы өнімге деген қажеттіліктерін толықтай өтеп және қысқа мерзімде қол жеткізу.
Айта кетейік, Шымкент қаласында ағымдағы жылға «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына 9,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда, 2 760 жобаға 5,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілген. Егер сіз микро-шағын кәсіпкерлік субъекті санатына жатсаңыз және бизнес-жобаңызды жүзеге асыруға 20 миллион теңгеге дейін қаржы қажет болса, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы (1-бағыты) аясында қолдау ала аласыз.