Еліміздегі ең тиімді арнайы экономикалық аймақ
Мамандардың мәліметінше Шымкент қаласында биыл қаңтар-маусым айларында 17 миллиард 200 миллион теңгенің жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл республикада жеңіл өнеркәсібінің дамуындағы үшінші мегаполистің үлесі 23.5 пайызды құрап отыр деген сөз. Шымкентте бұл сектордың дамуына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ерекше әсерін тигізіп отыр. Биыл бірінші жартыжылдықта Шымкентте өндірілген жеңілөнеркәсіп өнімдерінің 79,1 пайызы осы аймақтың үлесіне тиесілі. Осының өзі мұның еліміздегі ең тиімді арнайы экономикалық аймақтың біріне айналғанын көрсетеді. Нақтырақ айтар болсақ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Шымкент қаласының аумағында бірінші толық интеграцияланған химия зауыты да осы аймақта орналасқан. Әлеуетті «SHymkent chemical company» ЖШС-нің метил трет-этил буфері және ұнтақты полипропилен өндірісімен айналысады. Метил-трет-бутил эфирі - октан отынын ұлғайтуда оттектендіретін қоспа. Ұнтақты полипропилен - қап контейнерлер, құбырлар өндіру үшін қолданылатын шикізат полимер өнімі. Өндірістің жобалық құны - 28 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында жылына 80 000 тонна МТБЭ, 100 000 тонна ұнтақты полипропилен өндіру жоспарлануда. Зауыттың бір ерекшелігі, мұнай өнімдеріне жоғары стандартты қосымша қоспа өнімдерін дайындайды.
Жалпы аталған өндіріс қаланың өңдеу өнеркәсібіне айтарлықтай үлес қосады. Нақтырақ айтқанда, жылына 4 миллиард теңгенің өнімі шығарылмақ. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған болатын. Кәсіпорынның бірінші кезеңі былтырғы жылдың наурыз айында іске қосылған. Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, резервуарлық паркі бар операторлық және төгу-құю эстакадасының құрылысы 100 пайыз толығымен орындалған.