Атына заты сай қала
Шымкент – Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен жолдарының қиылысында орналасқан, мәдениеті дамыған, тарихы бай, көне қала. «Шымкент» сөзі көне шығыс тіліндегі «чиминь» яғни, көгалды, гүлденген алқап, ал бұған «кент» сөзінің жалғануымен, «жасыл (гүлденген) қала» деген мағынаны береді. Шымқала қаншама ғасырдан бері атына өңін бермей келеді. Яғни қала қаншалықты дамып, заманауи, зәулім ғимараттар салынып, көшелері асфальтталып жатса да жасыл желегі жойылған жоқ.
Жергілікті билік қашанда Шымкент қаласын көгалдандыру мен абаттандыру ісіне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысының «Жасыл Қазақстан» жобасын іске асыру мақсатында шаһарда бірқатар шаралар қолға алынған. 2020-2024 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасында көрсетілген мәліметтерге сәйкес, алдағы 5 жылда Шымкентте 3 тематикалық саябақ ашу жоспарланған. Мұнан бөлек қаланың солтүстік және батыс жағында Астана қаласының тәжірибесіне сүйене отырып жасыл белдеу құрылады. Оның аумағы кемінде 14 мың гектарды құрайды. Салаға жауапты мамандардың айтуынша 2025 жылдар аралығында қала аумағында 5,46 миллион түп ағаш көшеттер егіледі. Жалпы аумағы 16 979 гектар жер болса, отырғызылатын ағаш түрі – қара ағаш. Ірі қалалардағы жалпыға ортақ жасыл алаңдардың мөлшері бір адамға 24 м² құрайды. Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес қаладағы жалпы жасыл алаңдар 1 адамға 1,3 м2 құраған. Алматы қаласының көгалдандыру Концепциясы бойынша 1 адамға жасыл алаңдардың мөлшері 13 м² (10 ағаш) болып бекітілген. Біз жоғары аталған көрсеткішке жету үшін қала аумағында кемінде 6,0 млн.дана ағаш көшеттері егілуі қажет дейді мамандар.
Десе, де қаланы көгалдандыру тек әкімдіктің міндеті десек, қателесеміз. Қазақстандағы үшінші қаланың гүлденуі – шымкенттіктердің патриотизмі мен белсенділігіне байланысты. Туған жерге, өз қаламызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз. Егер әрбір азамат өз үйінің іргесіне, ауласына немесе көшенің бойына көшет отырғызса, бүтін қаланың экологиясының жақсаруына үлес қосады.
Айта кетейік, қаладағы «Жасыл белдеу» мекемесіне қарасты 976 га жер учаскесінде 260 мың дана, 11 га шатқалда 7,8 мың дана ағаштар өсіп тұр. Қала аумағындағы Түркістан облысына қарасты 3578 га жерде 3,326 миллион түп ағаштар егілген. Жалпы 4565 гектар жер учаскелерінде 3,6 миллион түп ағаштар өсіп тұр.