Береке ДҮЙСЕБЕКОВ: Әрекет етіп жатқан кәсіпкерлеріміз баршылық

Oinet.kz 16-10-2022 390

image.png

Шымкентте өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласы қарқынды даму үстінде. Бұл құрғақ сөз емес. Үшінші мегаполисте  өнім көлемі бойынша  ағымдағы жылдың 1-тоқсанында 317,3 млрд  теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1 пайызға артқан.  Ал биылғы меже одан да жоғары болуға тиіс. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков саланың қол жеткізген табыстарымен қатар, көңіл қуантар мүмкіндіктері  мен жаңа жобалар туралы айтты. 

«Қаламызда жоқтан бар жасап, әрекет етіп жатқан кәсіпкерлеріміз, баршылық. Соңғы жылдары іске қосылған жобалардың ішінде әсіресе, дизельді генераторлар шығаратын «New technology Ltd» ЖШС-ін, қантты және қатты печенье өндірісі желісін қосқан «Рахат-Шымкент» ЖШС-ін, жазу қағаздарын шығаратын «Qagaz ordasy» ЖШС -ін атар едім. Бұлардың бәрінде де кемі отыздан астам жұмыс орны ашылды. Ал, шоколадты кәмпиттер мен сағыз шығаратын «NURTAU distribution company» ЖШС -і 60 жұмыс орнын ашса, дымқыл майлықтар шығаратын «DALSAN (ДАЛСАН)» ЖШС 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ шаһарымызда  аяқ-киімнің табанын жасайтын фабрика да бар. «СП «LuxShoes» ЖШС- нің жобалық құны 290 млн теңгені құрайды. Шыныпластикалық арматуралар шығаратын «ЮжСтройСервис» ЖШС-ін де мақтанышпен айтуға болады»,- дейді басқарма басшысы.

Береке Талғатұлының айтуынша кәсіпкерлікті дамыту барысында  әсіресе қалаға жаңадан қосылған елді мекендердің әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық берілуде екен. Ол бірінші кезекте жылыжай шаруашылығын өркендету, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру, сүт өнімдерін өңдеу өндірісіне көңіл бөлу. Бұл орайда 2020 жылы  «Taza Onim» ЖШС-нің жылыжайы ашылды. Сүт өңдеп, ірімшіктің түр - түрін шығарып отырған «Эм-Нұр» ЖШС-нің құны 600 млн теңгелік жаңа жобасы іске қосылған.

Басқарма басшысының айтуынша қалада шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 179,9 мың адамға жетіп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға өскен.

Ал үшінші мегаполисте  өнім көлемі бойынша  ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 317,3 млрд  теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1 пайызға артқан. Биылғы жылдың қаңтар-наурызында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 36,2 пайызды құраған.


Жан-жақты қолдау көрген кәсіпорын
Қолдау тапқан жобалар көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу