«Қазмедприбор»-дың өнімдеріне сұраныс көп

Oinet.kz 15-10-2022 257

image.png

Шымкент қаласындағы фармацевтика индустриясының ірі өкілдерінің бірі -  «Қазмедприбор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 

– Медициналық аппараттар мен құрал-жабдықтар өндіру бойынша Қазақстанда біздің компаниямен бәсекелесетін кәсіпорын жоқ десек те болады. Пандемия кезінде  күніне 20-25 ИВЛ аппараттарын жасап шығардық.  Сонымен қатар біз турбо қондырғысы бар ИВЛ аппараттарын, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар мен ИВЛ аппараттарын және шприцті насостарды өндіре бастадық. Жалпы, біздің кәсіпорында медициналық құрал-жабдықтар мен бұйымдардың 300-ге тарта түрі өндіріледі. Оның ішінде қарапайым медициналық халаттардан бастап, жоғары технология бойынша жұмыс істейтін жылжымалы рентген аппараты мен УДЗ аппараттарына дейін бар. Бізде жасалатын ультра-дыбыстық зерттеу аппараты бір мезетте үш түрлі міндетті атқарады. Ол адамның жүрегі мен ішкі органдарын диагностикалауға, ананың құрсағында жатқан шарананың жүрек қағысы мен дамуын бақылауға мүмкіндік береді, – дейді «Қазмедприбор» ЖШС директоры Қаныбек Қанатбекұлы.

Оның айтуынша, 2013 жылы іске қосылған кәсіпорынға мемлекет жан-жақты қолдау көрсеткен. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өндіріс көлемі 4 есе артқан.   Халықаралық стандартқа сәйкес сертификатын алған зауыт бүгінде еліміздегі ауруханалар мен емханалар ды УДЗ аппараттарынан бастап операция бөліміне қажетті құрал-жабдықтарына дейін қамтып отыр. Соңғы үлгідегі инновациялық жобаларды іске асыруда кәсіпорын Жапония, Испания, Корея сынды алпауыт мемлекеттердің зауыттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы күнге дейін «Қазмедприбор» компаниясы 50 мың дана медициналық қондырғы, 150 мың дана медициналық жиһаз жасап, 1 мың жедел жәрдем автокөліктерін құрастырып шықты. Егер сұраныс болып жатса, компания жылына 1 мың жедел жәрдем көлігін шығаруға дайын.

Компанияның өнімдері республиканың барлық облыстары мен қалаларына жөнелтіледі. Қала берді шет мемлекеттерден де тапсырыс берушілер аз емес екен. Мәселен  пандемия тұсында Өзбекстан мен Қырғызстанның әрқайсысына 50 дана өкпеге жасанды тыныс беру аппараты жөнелтілген.

Медициналық зертхана жабдығын өндіретін зауыт ашылмақ
Тәуелсіздік белестері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу