Медициналық зертхана жабдығын өндіретін зауыт ашылмақ
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика саласын дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, 2025 жылға қарай еліміз өз фармацевтикалық өндірісінің үлесін 50 пацызға дейін арттыру керектігін айтқан болатын. Осы тапсырманы іске асыру үшін Үкімет фармацевтика өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарын бекітті. Қабылданған Кешенді жоспардың негізгі бағыттарының бірі – фармацевтика ғылымын дамыту және әлемдік ойыншылардың қатысуымен жаңа өндірістер құрып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту болып табылады.
Фармацевтика – экономикадағы стратегиялық маңызға ие сектордың бірі. Осы орайда Қазақстанның фармацевтика индустриясының даму әлеуеті зор. Басты міндет – жеткілікті қоры мен номенклатурасын кеңейтуді қамтамасыз ету арқылы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісіне серпін беру. Қазіргі таңда дәрі өндірісі Алматы облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында өскені байқалады. Дәл осы үш аймаққа елімізде шығарылатын дәрі-дәрмектің 90 пайызы тиесілі.
Шымкентте бүгінде кәсібін осы саламен байланыстырған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бұған себеп мемлекеттің қолдауы, кәсіпкерлікті дамыту жобаларының қолға алынуы.
Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында биылғы жылы жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын 150 жаңа жұмыс орнымен 5 инвестициялық жоба іске қосылу көзделген.
Жүзеге асырылуы тиіс нысанның бірі медициналық зертхана жабдығын өндіретін «Bio Etica» және «Про-Тек-МП» бірлескен ЖШС-і. Жылына 1 миллион дана жабдық шығаратын зауыттың құрылысы 2020 жылы басталған. Бүгінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында құрылыстың 90 пайызы орындалған кәсіпорын осы жылдың соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Аумағы 0,25 гектар жерге орналасқан жобаға 125 миллион теңге қаржы тартылған.
Өнеркәсіптің осынау маңызды секторының біздің қалада шоғырланып, осында дамуы – Шымкенттің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген үлкен жетістігі. Бұл, тіпті, шырайлы шаһарды елдегі ғылым-білім мен инновацияның, капитал мен өнеркәсіптің маңызды орталығына айналдыратын фактор десек те қателеспейміз.