Министр «Тассай» индустриалды аймағын аралады
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Шымкент қаласына жасаған іс-сапары кезінде «Тассай» индустриялық аймағына барып, халыққа арналған дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындардың құрылыс барысымен танысты. Бұндағы барлық өндіріс ошақтары мемлекеттік қолдау аясында іске қосылған.
Ведомство басшысы «Эко-Фарм» ЖШС-ға қарасты пайдалануға берілген зауытта медициналық жабдықтар мен жеке қорғаныш құралдарын, атап айтқанда арнайы киімдер мен бетперде және обаға қарсы жиынтықтар шығаратын цех қызметін тексерді.
Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан жоба құрылысын жүргізу үшін толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелері берілді. Сондай-ақ кәсіпорын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры арқылы субсидия алды.
Ашылғанына 10 жылға жуық болған зауыт Оңтүстік Корея, Германия және Австрияның жоғары заманауи технологияларымен жабдықталған. Кәсіпорын арнайы медициналық киімдер, вакуумдық түтіктер, ине мен оны сақтайтын түтікшелер, дәрі-дәрмекке арналған қобдишалар және медициналық дәкелер шығарады.
«Эко-Фарм» зауытының бас директоры Гүлия Жүзенованың айтуынша, жаңа цехты іске қосқаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 600 мың дана қорғаныш киім жиынтығын шығару мүмкіндігіне ие болған. Бұдан бөлек, бүгінде 500 мың дана медициналық киім-кешектер, 40 мың медициналық қорғаныш көзілдірігі және 20 миллион бетперде мен респираторлар өндіріледі. Жаңа кәсіпорын жергілікті еңбек нарығы үшін 150 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Одан кейін Қайырбек Өскенбаев дәрі-дәрмек және гигиеналық құралдар шығаратын «Dentafill Kazakhstan» ЖШС зауытының құрылыс барысымен танысты. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін индустриялық аймақтан арнайы жер бөлініп, «Бизнестің жол картасы - 2020» аясында қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.
Бүгінде құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, кәсіпорынды іске қосуға дайындық жүргізілуде. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 10 миллион дана медициналық дәрі-дәрмек пен гигиеналық құралдар шығаруға мүмкіндік береді. 90 жаңа жұмыс орны ашылды.
Айта кетейік, үшінші мегаполисті фармацевтика өндірісінің орталығына айналдыру көзделіп отыр.