«DentaFill Kazakhstan» іске қосылуға дайын
Шырайлы Шымқала жасыл желегімен, қызыл қызғалдағымен, қонақжай тұрғындары және дәмді самса, палауымен ғана мақтанбайды. Сонымен қатар миллионды қала өркендеген өнеркәсібімен, табысты зауыт-фабрикаларымен және кәсіпкерлік нысандарының көптігімен де мақтана алады. Әрине мұндай жетістікке жетуге «Бизнестің жол картасы - 2025», «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» секілді мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған үлесі мол. Мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпорынның бірі «Тассай» индустриялық аймағында жүзеге асқан «DentaFill Kazakhstan» ЖШС. Кәсіпкерлік нысан дәрілік және гигиеналық заттарды өндіреді. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 10 миллион дана медициналық дәрі-дәрмек пен гигиеналық құралдар шығаруға мүмкіндік береді.
Жоба құны – 2 500 миллион теңгені құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, кәсіпорынды іске қосуға дайындық жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, импортқа тәуелділікті азайту үшін мұндай кәсіпорындардың маңызды екенін нысанды аралау барысында айтқан болатын.
– Шымкент қаласы фармацевтика өндірісінің орталығы болуы тиіс. Қазір медициналық мақсаттағы өнімдерге сұраныс артып отыр. Жастарды өндірістік практикадан өткізіп, кәсіби мамандар даярлауды қолға алған дұрыс. Біз өз тарапымыздан көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді қала әкімі. Айта кетсек, кәсіпкерлерге индустралдық аймақтан 1 гектер жер берілді. «Бизнестің жол картасы – 2020 бағдарламасы аясында инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілген.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мамандары таратқан мәліметке сүйенсек «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылға 9,4 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі таңда, 2 760 жобаға 5,8 миллиард теңгеге қолдау көрсетілген. Оның ішінде: банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 1 840 жобаға 4,5 миллиард теңге; банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге 886 жобаға 1,2 миллиард теңге; мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша 34 жобаға 170,0 миллионтеңгеге қолдау көрсетілген.