Жұмысы алға басқан зауыт
Шағын және орта кәсіпкерлік дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде айрықша маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлік өркендесе, халық жеке іспен айналысуға бейім болса, мемлекеттің мұртын балта шаппайтынын олар әлдеқашан түсінген. Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, жол ашуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та өз Жолдауында маңызды саланың басымдықтарын айтып өтті: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады».
Осы ретте үшінші мегаполисте мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының қатары көбейіп келеді. Солардың бірі - «UKO-S Star» ЖШС. Кәсіпорын металл бөшкелерін шығарады. Жұмысы алға басқан зауыт басшылығы қазіргі таңда қырықтан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мамандардың мәліметінше жобаға 500 миллион теңге инвестиция тартылған. Өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталған және жылына сыйымдылығы 150 литр болатын 100000 дана болат бөшке өнімдерін шығаруға қауқарлы. Мемлекеттің қолдауымен «Тассай» индустриялық аймағынан 2 гектар жер телімі берілгенін айта кетейік. «Тассай» деп аталатын өндіріс ошағы негізінен құрылыс кластері мен трансформатор, жиһаз және медициналық құрал-жабдықтар шығаруға бағытталған.
Салаға жауаптыларың мәліметіне сүйенсек үшінші мегаполисте қазіргі таңда 95,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Оның ішінде заңды тұлғалар – 19,0 мың бірлік, жеке тұлғалар – 72,4 мың бірлік, шаруа қожалықтары – 4,0 мың бірлікті құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне бұл көрсеткіш 35,4 пайызға өсім көрсетті. Кәсіпорын ашуға ықылас білдірген кәсіпкерлердің барлығына әкімдік тарапынан түрлі бағытта қолдау көрсетілуде. Қаламызда зауыт, фабрикалардың көптеп салынуы қала экономикасына оң әсерін тигізумен бірге, азаматтарымыз тұрақты жұмыспен қамтылуына әсер ететіні сөзсіз.