Мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде
Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясат аясында Шымкентті индустриалды қала ретінде дамытуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қабылданған «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Осындай мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен өз жұмысын бастаған нысанның бірі автомобиль шыныларды жасап, монтаждаумен айналысатын «Балкибеков» ЖК. 20 жұмыс орны ашылған кәсіпорынға 40 миллион теңге инвестиция тартылған. Енді мұнда жыл сайын 5 000-нан аса шыны шығарылатын болады.
Сондай-ақ мемлекеттің қолдауын сезінген зауыттың қатарында KASPY STEEL ЖШС-да бар. Металл бұйымдарын құюмен айналысатын кәсіпорында 40 адам жұмыспен қамтылып, инвестиция көлемі 400 миллион теңгені құраған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 000 тонналық металл өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.
Ал TABA INDUSTRIAL ЖШС «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан. Жобаға 498,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 65 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Мұнда жылына 150 000 дөңгелек, 300 000 бақша арбасы, 60 000 баспалдақ шығарылады.
Еске сала кетсек, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2021 жылға 2 396,0 миллион теңге бөлінді. Өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 816,1 миллион теңге бөлінген. Бұл бағдарлама аясында несиелерді рәсімдеу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өтінім тапсыру қажет.
Сонымен қатар, Шымкентте әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында әкімдік тарапынан «Мен кәсіпкер боламын» арнайы іс-шара жоспары іске асырылуда. Аталған іс-шара аясында 10,0 миллион теңгеге дейін 1 пайыздық несиелер беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 060,0 миллион теңге қаржы қаралған.