«Оңтүстік» АЭА-ның болашағы зор
Шымкент қаласында «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақтары мен көлік-логистикалық аймағы және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бүгінде бұл аймақтарда Түркия, Қытай, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Еуропа, Таяу және Қиыр Шығыс елдерінен келген шетелдік және қазақстандық инвесторлардың қатысуымен 11 мың жұмыс орнымен 300 млрд.теңгеге 189 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңда 160 млрд теңгеге 124 жоба іске асырылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Мұндағы кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары мен 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында қолдаулар көрсетіліп келеді.
Бұдан бөлек, қала әкімі М.Дүйсенбекұлының бастамасымен жалпы алаңы 306 гектар құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылуда. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және т. б. салаларда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құра отырып, 200 миллиард теңгеден астам сомаға 50-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде.
Бүгінгі таңда «Оңтүстік» АЭА аумағында жалпы инвестиция құны 54,8 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба іске асырылып, 2390 жұмыс орындары құрылды.
2020 жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемінің өсімі былтырғы жылы екі есе ұлғайып 30,3 миллиард теңгені құрады, экспорт көлемі 1,5 есе ұлғайып 13,5 миллиард теңгені құрады, жұмыс орындарының саны 1690 адамнан 2390 адамға жетті. «Оңтүстік» АЭА кәсіпорындарының өнім экспортының географиясы әлемнің 24 мемлекетін қамтиды.
Өткен жылы жалпы құны 12,277 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 277 жұмыс орындары ашылды. Бұл жобалардың қатарында бірқатар жаңа жобалар да бар. Атап айтқанда: «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС 1 кезеңі - метил трет бутил эфирінің өндірісі; «SAGITEX GROUP» ЖШС - көпсалалы тігін фабрикасы; «BAIKRA» ЖШС - гигиеналық мақсаттағы қағаз өндірісі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Оңтүстік» АЭА Басқарушы компаниясы жалпы инвестиция көлемі 28,4 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба тартты. Бұл жобалардың аясында 2000-нан астам жұмыс орындары құрылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында құны 62,01 миллиард теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, 3000-нан астам жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.