Шымқаланың жиһаздарына сұраныс жоғары
Соңғы жылдары шымкенттіктер жиһаз жасауға әбден кәсіптеніп алды. Бұл сөзімізге бір ғана Шымқалада 400-ге жуық жиһаз жасау кәсіпорындарының бар екені дәліл бола алады. Әрине кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын сезінгендіктен, бизнестерін өрге домалатып отыр. Әсіресе жергілікті кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту секілді түрлі бағдарламалар демеу болуда.
Осындай мемлекеттік жоба аясында ашылған нысанның бірі «Тассай» индустриалды аймағындағы жылтыр MDP плиталары мен жиһаз өндіретін «MegaSmart» компаниясы. Мұнда Оңтүстік Корея технологиясын қолданып, 3D жылтыр тақталарын шығарады. Зауыттың жалпы құны 545 миллион теңгені құрайды. Жалпы, 69 жұмыс орны құрылған.
Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 миллион теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Бұл жобаны іске асыру Оңтүстік Кореядан Қазақстанға әкелінетін жылтыр тақталарды толығымен импорттауға мүмкіндік береді. Яғни, елімізде кәсіпорындағы жиһаз өндірісі 90 пайыз үлесті қамтып отыр.
Компания өкілдерінің сөзінше, зауытта шығарылатын өнім нарықта жоғары сұранысқа ие. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлік субьектілердің бірі ретінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды шет мемлекеттерге жылтыр плиталарды жеткізуге келісім-шартқа отырып, Ресей мемлекетіне өндіріліп жатқан өнімді экспорттау жоспарда бар. Айта кетейік, компанияның Алматы, Қызылорда, Қостанай және Павлодар қалаларында өкілдігі бар. Жалпы, Қазақстан бойынша 16 өкілдікті құру жоспарға қойылған.
Қаладағы өнімдеріне сұраныс мол кәсіпорынның бірі - «KazMebelTrade» ЖШС. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатымен ашылғанына 6 жылдан асқан кәсіпорынның менеджері Бақыт Қалиевтің айтуынша, Шымкент қаласындағы дәмхана, мейрамханалардың жартысы осы компанияның өнімін қолданады. Айта кетерлік бір жайт, кәсіпорынның тауарларына Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Атырау облыстарынан да сұраныс көптеп түседі екен. Одан бөлек, мектепке арналған орындық-парталар, тақталар мен өзге де жабдықтар осы кәсіпорында жасалынады.