Жаңа гүлзар ашылды
Үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов пен жергілікті тұрғындар жаңа гүлзардың ашылу салтанатына қатысты. Демалыс орны 11-шағынауданның ортасынан орын тепкен. Мұрат Дүйсенбекұлы саябақты аралап танысып, тұрғындармен тілдесті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен қаламызда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, экологияны қорғау, қаланы абаттандыру мен жасыл желекке айналдыру жұмыстары жалғасуда. Міне, соның бірі – жаңа гүлзар ел игілігіне беріліп отыр. Мұның барлығы – сіздер, тұрғындар мен балалар үшін. Ендігі мақсат – осы ортақ мүлікті күтіп ұстап, қамқорлық таныту керек, – деді Мұрат Әйтенов.
Тұрғындар қалада экологиялық ахуалды жақсарту және абаттандыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға алғыс айтып, ақ жаулықты аналар бата берді. Қала әкімі бастаған қонақтар гүлзар аумағына тал көшеттерін екті. Осы ретте айта кетейік, Мемлекет басшысы «Мен Қазақстан бойынша орман қорында 2,0 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш егу бастамасын ұсындым. Өйткені біз, шын мәнінде, көгалдандыруға зәруміз. Ағаш егу – биік мәдениеттіліктің белгісі" деп атап өткен болады.
Жаңа гүлзар ерекше үлгіде салынған. Жауапты мамандар, бұл демалыс орны, әсіресе кешкі уақытта әсемдене түседі дейді.
Гүлзар жалпы аумағы 1,6 гектар учаскеде орналасқан, көп қабатты бірнеше үйдің ауласын ортақ композицияға біріктіріп отыр.
Мұнда амфитеатр, субұрқақтар, шахматқа арналған алаң, велосипед және көлік тұрағы, үстел теннисіне арналған алаң, тренажерлар, баскетбол және футбол алаңдары, арқан паркі қарастырылған. Бас мердігер – "Импульс" ЖШС құрылысты 9 айда аяқтауға жақын. Осылацша үшінші мегаполисте тұрғындардың демалуына қолайлы орындар саны тағы бір гүлзарға артты.
Шымкент – бүгінде үшінші мегаполис. Жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен төзімділігі көпке үлгі. Қандай жаңашылдықтың болса да осы қаладан бастау алып жататыны баршаға аян. Осылайша жасыл қала жасарып, саябақтар мен гүлзарлардың саны артып келеді.