Жастарға мол мүмкіндік берілмек
Шымкент қаласының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында ҚР Президентінің Жолдауы аясында «Жеке кәсіпкерлікті ынталандыру перспективалары» тақырыбында кездесу өтті. Онда Қазақстан мәслихат депутаттары бірлестігі Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Хайрулла Сәрсенов жас кәсіпкерлерге Жолдауда айтылған бизнесті қолдау шараларын түсіндіріп берді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында бизнестің дамуына қатысты реформаларға тоқталды. Бірқатар заң қайта жазылып, баж салығының мөлшері өзгереді. Жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріліп, жұмыссыздықпен күрес жанданады. Соондай-ақжастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін атап өтті. Бұл бағыттағы үлкен жаңалық ретінде еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жас азаматты жұмыспен қамту жөніндегі бастаманы айтуға болады. Сондай-ақ, Президент жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле беретінін, оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін айтты. Бұл бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі еді. Енді жастардға мүмкіндік беру арқылы біраз дүниелер шешілмек. Мысалы, жастар арасындағы жұмыссыздық азаяды, яғни еңбек ететін жастар көбейеді, жұмыс орындары ашылады. Кәсіби мамандардың саны артады. Жаңа Қазақстанның билігі тарапынан қолдау көрген жастар, он жылдан кейін Қазақстанның экономикалық қозғаушы күші болуы әбден ықтимал. Менің ойымша, шындығында бұл бастамалар қоғамның үйлесімді әрі әділетті болуын қамтамасыз етеді. Еліміздегі жас азаматтардың идеялары, әсіресе кәсіпкерлік жағынан ізденістері ерекше. Әлемдік деңгейден қалғысы келмей, көшпен бірге келеді. Жолдауда айтылған жеңілдетілген несие болашақта өз жемісін беретініне кәміл сенемін, — деді Х.Сәрсенов.
Иә, еліміздегі жастардың жан-жақты, креативті екені даусыз. Ендігі жерде сол буын өкілдеріне Президент жолдауы тағы да тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерді іске асыруға ықпал етері анық. Өз кезегінде бұл жерде жаңа дарындардың, тың идеясы бар кәсіпкерлердің саны артады деген сөз.
Айта кетейік, кездесуге қатысушылар кәсіпкерлік идеяларды жүзеге асыру жөніндегі ойларын ортаға салып, өздерін мазалаған сауалдарын қойды.