«Стандарт» индустриалды аймағы ашылады
Шымкент қаласындағы Абай ауданынан "Стандарт" индустриалды аймағын ашу жұмыстары басталған. Жоба Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту бойынша берген тапсырмасына орай жүзеге асуда. Бұл туралы қала басшысы Мұрат Әйтенов өзінің кезекті есептік жиынында айтып өтті.
«Қазірдің өзінде Абай ауданында ірі және орта кәсіпорындар саны 33-ке жетті. Бизнес объектілерінің артуы – қаланың экономикасы мен жалпы қаржылық дамуына оң ықпал етпек. Индустриалды аймаққа 30 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарланған. Осы арқылы жұмыссыз жүрген 3 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтитын мүмкіндік туады»,-деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бұл индустриалды аймақтың ерекшелігі - инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік басқармасы мамандарының сөзінше индустриалық аймақтарда кәсіпорындарға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер уческелері ұсынылады. Бизнес өкіліне жобасын жүзеге асыру үшін нағыз керегі осы жер телімі. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай жер учаскелеріне мемлекет тарапынан инженерлік жүйелерге қосылу нүктелері тартылған.
Айта кетейік, Шымкентте жұмыс істеп тұрған бір арнайы экономикалық, 2 индустриалды және бір көлік-логистикалық аймақта 123 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Аталған аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын тартуға бюжеттен бөлінген әр теңгеге 22 теңгеден инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде бұл зауыт-фабрикалар мемлекеттік бюджетке 36 миллиард теңгеден астам салық төлеген.
Мамандардың мәліметінше өткен жылы қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі он пайызға артып, 710 миллиард теңгеге жеткен. Ал, қала экономикасына тартылған тікелей инвестицияның көлемі 2021 жылы 65 пайызға артып, 462 миллиард 100 миллион теңгеге жеткен.