Шымкентте жылыжай арқылы нәпақа тауып отырғандар аз емес
Қазір күздің қара суығы ысқырып тұр. Жылдың бұл мезгілінде шаруалар жиын-терімді аяқтап, демалатын кез. Дегенмен қазіргі бәсекелестік заманында демалып отыруға мүлдем болмайды. Әйтпесе заман көшінен қалып кетеді. Сол себепті де шаруалар жыл он екі ай тыным таппайды. Жиын-терім аяқталса да, олар жылыжайда көкөніс өсіруді жалғастыра береді. Шымкентте жылыжаймен нәпақа тауып отырған шаруалар аз емес.
Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Мұрат Жолдыхожаев, Талғат Балтабаев Nur Otan партиясының "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы негізінде өңіріміздегі шаруа қожалықтарға барып, жұмысымен танысты.
Солардың бірі – Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабындағы «Аянат» шаруа қожалығы. Шаруашылықтың тарихы 2010 жылдан басталады. Төрағасы Ержан Қалдыбайұлы алғашында 0,5 гектар аумаққа жылыжай кешенін салады.
Бертін келе, атап айтқанда, 2015 жылы мемлекеттік қолдауды пайдаланып, жылыжай аумағын 4 гектарға дейін ұлғайтады. Жобаның жалпы құны – 800 млн теңге. Шаруа қожалығы қазіргі таңда осы 4 гектар жылыжайға толығымен қызанақ көшеттерін отырғызып, өнім алуда.