Үздік отбасы марапатталды
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әлиевтер отбасына ҚР Президентінің атынан қаржылай сертификат пен дипломды салтанатты түрде табыстады. «Мен Қазақстандағы әр шаңырақ берік болып, әрбір әулет бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сол үшін отбасы саясатына баса мән беремін. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады», – делінген Президент құттықтауында. Бұл сыйлық «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» байқауының лауреаттарына беріледі.
Бұл байқауға республика бойынша 17 отбасы қатысты. Ал Шымкент қаласының тұрғындары арасынан барлығы 110 өтініш қабылданған. Былтыр бұдан 4 есе аз еді. Жыл өткен сайын қытысушы отбасылар саны артып келеді.
Ал республикада Шымкенттің атынан додаға қатысқан, жеңімпаз отбасы Әлиев Бачак Маханбетұлы бұрын ішкі істер саласында қызмет атқарған. Қазір зейнеткер. Ұлты түрік. Отбасылық «АБО» ансамблінің жетекшісі. ҚХА «Бірлік» медалінің иегері, ауыр атлетикадан «Спорт шебері», «Полиция үздігі» төс белгісінің иегері.
Әйелі Әлиева Шайзар Қасымқызы екеуінің отандасқандарына биыл 52 жыл. Үш баласы, он немересі, 14 шөбересі бар. Ұлдары жеке кәсіппен айналысады. Немерелері Нұрсұлтан, Елсұлтан және Бексұлтан ұлттық аспаптардың шебер орындаушылары. Бүгінде 3 ұрпақтан тараған 5 жанұя бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде.
Ұл-қыздары мен немерелері қазақ тілінде білім алып, ұлттық дәстүрлерді құрметтеп, ұстанып келеді. Қазақтай дархан елдің кеңдігін көріп өскен отбасының үлкені Б.Алиев перзенттерін туып өскен жеріне аянбай қызмет етуге тәрбиелеген.
Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Осы марапаттауға онлайн түрде шымкенттік Әлиевтер отбасы да қатысты.
Мемлекеттік хатшы салтанатты рәсімде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Онда конкурстың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңызды рөлі айтылған.
Айта кетейік, биыл конкурсты өткізудің жаңа тәсілдері енгізілді. Соған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталатын болады.
«Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы Шымкент қаласы бойынша «Әлиевтер отбасы» болып анықталған еді.