Шағын және орта кәсіпкерлік нысанында 166 мың адам жұмыс істейді
Экономиканы дамытудың бір парасы шағын кәсіпкерлікті дамыту. Бұл орайда Шымкентте қазір жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің нақты саны – 69,9 мың. Оларда 166 мың адам жұмыспен қамтылған. Былтыр бұл сала 699,1 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда әжеп-тәуір көп.
«Бизнестің жол картасы - 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2 454 млн. теңгеге 530 жобаға қолдау көрсетілді. 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе артық (2019 жылы 2 224 млн. теңгеге 227 жоба).
–Шағын кәсіпкерлікті дамытуға ең алдымен қаржылық қолдау берік негіз болатыны түсінікті. Сондықтанда аталған жобалардың ішінде банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 218 жобаға 1 491,2 млн. теңге, банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге 245 жобаға 672,8 млн. теңге, мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша 67 жобаға 289,9 млн. теңге бағытталды, - дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке ДҮЙСЕБЕКОВ.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде шағын несиелендіру бойынша 1 062,1 млн. теңгеге 105 шағын несие берілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,8 есе артық (2019 жылы 618,1 млн. теңгеге 58 жоба).
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 88,1 млрд теңгеге 92 кәсіпорыннан өтініш түсіп, екінші деңгейлі банктер арқылы 36,8 млрд. теңгенің 57 жобасына қолдау көрсетілді. Мақұлданғандар ішінде мынадай ірі жобаларды атап өтуге болады: («KazAlPack» ЖШС - 19,2 млрд. тг, «Pioneer Grain Products» ЖШС - 3,0 млрд. тг, «Юникс» ЖШС - 1,5 млрд тг, «Шымкент қағазы» ЖШС - 1,1 млрд. тг, «Бал Текстиль» ЖШС - 1,0 млрд. тг.)