Өнеркәсіп аймағы көбейеді

Oinet.kz 10-09-2021 1155

Screenshot_10.jpg

Шымкентте 4 өнеркәсіптік аймақтың бірі «Тассай» индустриалды аймағындағы заманауи кәсіпорындардың арасында — «Болашақ – 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де белсенді жұмыс істеп отырғандар санатында. Түрлі сусындар шығаратын зауыттың жалпы аумағы 2 гектарды алып жатыр. Кәсіпорынға 1 миллиард 30 миллион теңге инвестиция құйылған. Компания басшысы Нұрлан Омаровтың айтуынша, мұнда жылына 34 миллион бөтелке сусын құйылады. Оның ішінде минералды ауыз су, газдалған және энергетикалық сусындар бар.

–Шымкенттегі жалпы аумағы 427 гектарды құрайтын «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтарының құрылуына о баста 90 миллиард 100 миллион теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде индустриялық аймақтар құрылғалы онда орналасқан кәсіпорындар 260 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, оның 110,9 млрд. теңгелік өнімі шетелдерге экспортталуда. Индустриалық аймақ қатысушылары 5 500 адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттік бюджетке 19,5 млрд. теңге салық төлейді. Соның нәтижесінде қаланың экономикасы тұрақталып, халықтың жұмысқа орналасуы арқылы әлеуметтік мәселесі шешімін табуда,- дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл екі өндірістік аймақ бүгінде өндіріс орындарына жүз пайыз толған. Ендігі кезекті қала экономикасының әлеуетін барынша арттыру мақсатында тағы да индустриалды аймақтар ашылуда.

Соның бірі «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Аймаққа инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Бүгіннің өзінде 100 млрд. теңгеге 25 инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Келісімдерге сәйкес биыл 10 жобаның құрылысы басталады.

Сосын ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы салынады. Мұнда құны 23 млрд.теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады.

Ал 136 гектарды алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені аймағында 30 млрд. теңгеге 2 мың жұмыс орнымен 20 жоба іске асатын болады.

Шағын және орта кәсіпкерлік нысанында 166 мың адам жұмыс істейді
«Химфарм» зауытына 120 миллион долларлық инвестиция тартылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу