Шымкентте 2 агро-индустриалды аймақ бой көтереді
Мемлкет басшысының жергілікті әкімдерге жүктеген міндеттерінің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қаланы толық қамтамасыз ету. Осы бағытта Шымкентте 2 бірдей агро-индустриалды аймағы бой көтеруде. Бірі – заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені болса, екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы.
— Шымкентте агроөнімдерді өңдеу маңызды. Биыл ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 24 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бүгінге дейін 13 млрд теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артты, – деді М.Әйтенов.
Айта кету керек, соңғы 3 жылда қала бюджеті 131,2 млрд теңге болып келген болса, биыл бұл меже 481,6 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Яғни, 3,7 есе өскен. Кәсіпкерлік белсенділік те артуда. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда 1,9 есеге өсіп, 214 млрд теңгеден биыл 400 млрд теңгеге жетуде.
Осыдан 3 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 425 млрд теңге болса, жыл соңында бұл көрсеткіш 710 млрд теңге болады деп күтілуде. Үш жыл бұрын 403 мың шаршы метр баспана берілсе, биыл мұны 1 миллионға жеткізуді жоспарлануда.
Нәтижесінде салық базасы өсіп, жергілікті бюджетке түсімдер 57 млрд теңгеден 150 млрд теңгеге жетті. Жалпы 3 жылдық инвестиция 1,2 трлн теңгеден асқан.
— Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кем дегенде 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Осы мақсатта бірнеше бастаманы қолға алып отырмыз. Атап айтсақ, солардың бірі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. 306 гектар жер аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. 200 млрд. теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс орнымен 50 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Одан бөлек, жеке индустриалды аймақтарды ашу бойынша да жұмыстар жүріп жатыр. Шымкенттің 3 индустриалды аймағында алғашқы бес айда 1,8 млрд теңгеге 274 жұмыс орнымен 4 жоба жүзеге асырылды. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 38,1 млрд теңгеге 754 жұмыс орнымен 13 жоба іске қосылады, – дейді М.Әйтенов.
Айтса айтқандай-ақ, мегаполистің негізгі экономикалық көрсеткіштерін өнеркәсіп өнімдері құрап отыр. Биыл өнім көлемі 295 млрд теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 10,1 пайызға артқан. Ал өнеркәсіп саласында үлесі 84,4 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 251 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 14,4 пайызға өсіпті.