Әйел өзі жабысқан соң, еркекте не шара қалсын?

Oinet.kz 02-09-2024 1270

Күйеуім екеуміз студент кезімізде көңіл жарастырып, бас қосқанбыз. Ол мені қатты жақсы көрді. Екеуміз екі қиыр жақтан келсек те, руымыз бір болып шықты. Мен қатынасымызды үзейік дегеніммен, күйеуім алған бетінен қайт-пады. Тіпті күннің қақаған суығында мені далада таңға дейін күтіп тұрған кездері болды. Сөйтіп үй-ішіміз қарсы болғанына қарамастан отау құрдық. Үйленгенімізге биыл 5 жыл толады.

Screenshot_29.jpg

Ата-енем, қайын сіңлім және ұлым, күйеуім – барлығымыз бірге, қаланың шетіндегі ауылда, шағын үш бөлмелі жер үйде тұрамыз. Шыны керек, күйеуім екеуміздің арамызда үйленген жылдары әртүрлі келіспеушіліктер орын алды. Бірақ шартпа-шұрт болып жиі ұрысқанымызбен, өте алысқа барып, бір-бірімізден суынған жоқпыз. Мен бір жылдан кейін топ-томпақ, сүп-сүйкімді ұлды дүниеге әкелдім.

Күйеуім қарапайым табыс табады. Бірде жетеді, бірде жетпейді. Ол мені жақсы көрмейді деп айта алмаймын. Тәрбиесі де жаман емес. Үнемі ұлымыз екеуміздің жанымыздан айналшықтап шықпайды. Жағдайымызды шамасы келгенше жасайды. Әке-шешесінің бірде-бір сөзін бөлмей, мұқият тыңдайды.

Өмір болған соң, адамның басына нелер келіп, нелер кетпеген. Өмірімде үш ұйықтасам түсіме кірмеген оқиға орын алды. Күйеуім кейде қала мен ауылдың арасында таксист болатын немесе жұмыстан үйге қайтарда жолдан адам ала кететін. Сондай бір күні, түннің бір уағында жұмыстан қайтып келе жатқанында, оның көлігіне 30-дан асқан бір әйел отырады. Байқап қараса өлесі мас екен. Біраз жол жүргеннен кейін әлгі әйел күйеуіме өзі жабыса бастайды. Жұмыстан шаршап келе жатқан күйеуім де мастығын пайдаланғысы келді ме екен, әйтеуір әлгі әйелдің құшағына құлай кетіпті. Ісін тындырып, әйелді айтқан мекенжайына апарып тастайды. Күйеуім сол рахаттанғанымен үйге келіп, дымын білдірмей, күндегідей тамағын ішіп, жатып қалады.

Сұмдықтың көкесі ертеңгісін басталды. Таңертең үйде шай ішіп отырсақ, ішкі істер бөлімінен адамдар келіп тұр. Не дейді дейсіз ғой? Олар менің күйеуімді «адам зорлады» деп айыптап, полиция бөліміне алып кетпекші. Үстінен «зорлады» деген арыз түсіпті. Мен көзім шарадай болып күйеуіме қарадым. Аяқ астынан үйімізде абыр-сабыр басталды да кетті. Ата-енемнің қайғысы бір бөлек, менің қайғым айтпаса да түсінікті болар. Адам зорлау үкімі оңай емесі анық. Қанымыз басымызға шауып, бәріміз оған жабыла кеттік. Оның көзі шарасынан шығып, түндегі алған ләззаты маңдайына тас болып тигенін түсінгендей. Ол маған барлық болған жайды бастан-аяқ баяндап берді. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» болды да қалды.

Енді не керек, күйеуімді жақсы көремін. Оған қоса, ұлымыз бар. Бұл жерде мен «ажырасамын» деп емес, «күйеуімді қалай құтқарамын?» деп ойладым. Әлгі әйел солай ақша табатын қаныпезер болып шықты. Ол бізден екі жарым миллион ақша талап етті. Егер соны бермесе, арызын қайтып алмайтындығын айтқаны сол екен, төбемізді қара бұлт шалды. Екі жарым миллион тұрмақ, 100 мың теңгені қолымызға тұтас ұстап көрмегенбіз. Сүрінгенге жығылған дегендей, сол кезде қайын атам көлігін соғып алған еді. Қазіргі заманда адамдардың бір-біріне көмектесуге шамасы бар ма? Мына жағдаймен ақша сұраудың өзі сұмдық.

Күйеуімді, отбасымды сақтап қалу үшін ана әйелдің нөмірін тауып, сан мәрте хабарластым. Үйіне де бардым. Үйінен шықпайды, телефонын алмайды, алса да анасына беріп қояды. Мардымды ештеңе айтпайды. Менің оған балағаттап та, жалынып та жазбағаным жоқ. Сот дегенің тек заңға бағынады, оларға ешнәрсе істей алмайсың. Енді тек ақша тауып, әлгі әйелдің арызын қайтып алғызу керек. Басқа шара жоқ. Ақшаны аяғымыздан таусылып іздемеген жеріміз жоқ. Сұрамаған туған-туыс қалмады. Үйіміздің әбден берекесі қашты. Құдайдың құтты күні ұрсысатын болдық. Бірақ балам үшін бәріне көндім. «Әйел өзі жабысқан соң, еркекте не шара қалсын?» деп өзімді тыныштандыруға тырыстым.

Ақыры күйеуім өзінің бастығынан екі миллион ақша қарызға алып, әлгі әйелге беріп, құтылдық. Содан ол бір жарым жыл айлықсыз жұмыс істеді. Баламды енеме тастап, мен де жұмысқа шықтым. Жалпы, ата-енем жақсы адамдар. Олардың көзінше дымымды білдірмеймін. Бірақ арасында зығырданым қайнағанда бір шу шығарып аламын. Ашудың үстінде болған жайт айтылып қалатыны да жасырын емес. Күйеуім барынша үндемеуге тырысады. Соңында мені айқайымен тоқтатады. Мен де пенде емеспін бе? Әйел болғандықтан, басқа неше түрлі арам ойлар да келеді. Бір рет өзге әйелдің қойнына жатқан еркек тағы да іс-әрекетін қайталай ма деп қорқамын. Егер ол бір рет осындай опасыздыққа барса, екінші рет жасамасына кім кепіл? Ал, мен оның көзіме шөп салғанына шыдап жүре беремін бе? Қанша дегенмен ой түбіндегі тас бір күні сыртқа атылып, арамызға зиянын тигізе ме деп қорқамын. Не істеймін? Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырайын ба? Мұндай әдеттерден қалай арылуға болады?

Құрбым өзге біреудің күйеуін көп ақшаға сатып алды
Екі қазақ әйелге «шіріген жұмыртқасыңдар» деп едім ренжіп кетіп қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу