Мойнымдағы қыл арқанды әлі шеше алар емеспін
Мен ауылдың қызы едім. Мектепте оқып жүрген кезімнен аздап тұйықтау болып өстім. Көшеге шығып, би кештеріне баруды да әдетке айналдырмағанмын. Құрбыларым түннің ортасына дейін қыдырып жүргенде мен үйдегі шаруалармен болып, ұйқыға кететінмін. Бірақ...
Сол бір күн есіме түскен сәтте кеудеме ащы өкініш тығылып, жүрегім қан жылағандай болады. Бір күні әдеттегідей үйде отырғанмын.
Қояр да қоймай жалынып шақырып алған соң құрбымның үйіне бардым. Ол менен бірер жас үлкендігі бар еді. Барсам, бет аузы қожыр-қожыр жасы отыздан асып кеткен дәу жігіт үйінде отыр. Құрбым үстелдің үстін жайнатып жіберіпті. Жайшылықта көрінбейтін тәтті-дәмді мен коньяктар үстел үстінде самсап тұр. Аузым ашылып қалды. Сол үйде отырып, біраз әңгімелестік. Сосын олар мені күштегендей болып коньяк ішкізді. Ақыры аз-маз масайып қалған мені құрбым әлгі дәу жігітке шығарып беріпті. Сөйтсем, мен сорлыны сол жігітке берудің амалын осылай тапқан сияқты.
Дәл осы күннен бастап мойныма ілінген қыл арқанға байланып кете бардым. Өйткені, біздің түсінікте бір кеткен соң қайта оралу деген түсінік жоқ еді. Алдыма тасталған ақ орамал мен есіктің алдына жатып алған кейуанадан аттап кете алмай қожыр бет дәудің әйелі атандым. Одан кейінгі өмірім кәдімгі жабайы тірлікке бет алды. Күйеуім нағыз есерсоқтың өзі болып шықты. Күн сайын ішімдік ішіп таяқтың астына алады. Кей кездері жайдан-жай сылтау тауып ұрып алатынды шығарды. Бірақ соның бәріне көніп, ата-анамның алдына баруды ар санап келдім. Таяқ жегенімді айтып көмек сұрайтын жан да жоқ. Өйткені сыртқы әлеммен еш байланыссыз таудың басында шошайып жалғыз түтін тұрамыз. Күндіз үй тірлігімен айналысып, кешке сиыр сауып, түнде қой күзететін болдым.
Ақыры аяғым ауырлап, бірінен соң бірі үш бала көтердім. Бірақ бала болса да күйеуім ішуін тоқтатпады. Тіпті, барған сайын үдете түсті. Бала-шағамның көзінше ұрып көк-ала қойдай етіп сабап алатын. Ал кейін арақ үшін үйді тастап жұмалап ат ізін салмай кететінді шығарды. Айдалада жалғыздан-жалғыз қорқып отыратын болдым. Отар-отар қой мен сиырлар, үйдің бар тірлігі менің мойныма артылды. Көнбістігімді қазір ойласам қаным басыма шабады. Күн артынан күн, ай-артынан ай сөйтіп жылжып өте берді. Күйеуім әбден арақтың соңына түсіп тіпті мүлде арақсыз тұра алмайтын күйге жетті.
Бір күні біздің үйге күйеуімнің жолдасы келіп, екеуі отырып, бірге арақ ішті. Түннің бір уағына дейін отырдық. Күйеуімнің жолдасы маған тиісе бастады. Ал арақтың буына беріліп, көз алды қарауытқан күйеуімнің онымен жұмысы жоқ. Алғашқы кездері қарсыласып бақтым. Дегенмен, жалғыз басты жаңағы жігіт торуылдауын қоймады. Тіпті, күйеуімнен гөрі жаңағы күйеуімнің жолдасын жиі көретін болдым. Күн аралатпай жетіп келіп тұрады. Сөйтіп біртіндеп бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Ақыры бірнеше айдан кейін менің сол жігіттен аяғым ауырлап қалды. Алдырып тастауға қимай жүргенде бұл істі күйеуім де естіп қалған. Бұрынғы-бұрынғы ма? Таяқтың астына күнде алатынды шығарды. Әбден зықым шығып төрт баламен не істерімді білмей дал болдым.
Күйеуім қазір сау адам емес. Әбден тістері мүжіліп, қартайып, айықпайтын ауруға тап болған. Үйдің шаруасы мен малға қарайтын да өзім болдым. Содан қаным әбден қарайғандықтан анаммен ақылдасып, үлкендерін анама қалдырып, кішкентайыммен қалаға кеткенді жөн санадым. Күйеуіммен кеш болса да ажырасуды жөн деп таптым. Бұдан басқа менде амал да қалмаған. Қазір құрбымның тар пәтерінде бірге тұрып жатырмын. Күнде екеуміз интернет ақтарамыз. Ол маған компьютер тілін үйренсең жұмысқа тұрғызам сені деп уәде беріп отыр. Қазір әр жерге барып жұмыс іздеп жүрмін. Бірақ, мектептен кейін жоғары оқу орнын аяқтамаған жұмыс тәжірибесі жоқ адамды қайтсін. Жұмыс таба алар емеспін. Қанша жақын болғанмен біреуге масыл болғанымды ойлап жүрегім қан жылайды. Енді не істесем деген мазасыз ойлардан түні бойы жастығым жасқа шыланады. Бірақ мұны тірі жан біліп жүрген жоқ. Баланы да бала-бақшаға беру аса қиынға түсті. Тиын-тебен бермесе, не болмаса тамыр-таныс болмаса балабақшаға берудің өзі қиын екен.
Жағдайым осындай болды. Құрметті оқырман не істеуім керек. Қандай ақыл қосар едіңіздер? Менің әбден басым қатып кетті. Басым ауған жаққа кетіп қалғым келеді. Әттең балаларымды қайтемін?!.
Айкүміс