Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Анашым, мен ғой келген. Еш алаңдама, сабақтан шығып келдім. Сіз мені уайымдаған боларсыз. Әкелер де аналар сияқты уайымдай ма екен? Білмеймін, Бірақ өткенде Әлидің “мектепке бармасам анам іздеп, уайымдайды” дегені есімде... Сондықтан сұрап жатқаным ғой...
Өткен аптада мұғалім: «Оң қолымда – қалам, сол қолымда – қаламсап», - деп қайта-қайта айтқызып, оң мен солымды ажыратуды үйреткенді... Енді білдім Анашым, оң жақ пен сол жақтың не екенін, Енді түсіндім Анашым, сыздаған жердің қай жақ екенін. Енді түсіндім, анашым... Саған келгенімде, мына жағым сыздап ауырады, мына жағым дегенім есіңде ме? Сыздаған жақты түсіндіре алмағаным есіңде ме, Анашым? Енді білемін, міне, мына жағым… Сол жағым сыздап ауырады, Анашым... Күн сайын сыздап мазалайды сол жағым, Сыздап мазалайды...Айшаның шашын анасы өріп беріпті кеше... Анасымен қол ұстасып келіпті мектепке... Үстіндегі жейдесі де тоқыма екен. Қоңырау шалынғанда бетінен сүйіп, «Сабағыңа бара ғой қызым», - деді. Мен сонда, ешкімнен жасырмай өкіріп жыладым. Мұғалім: «Не болды?» - дегенде, «Жәй, сүрініп құладым, тізем ауырды», - дей салдым. Өтірік айттым, Анашым. Сыздаған тізем емес, сол жағым болатын, Анашым. Сол жағым болатын сыздаған... «Менің де шашымды біреу өрсе екен», - дедім. Әкем өрді. Бірақ әрине, Айшанікіндей болмады. Тоқыма жейдем болса екен», - дедім. Әкем: «қызым, тоқи алмаймын ғой», - деді. «Ең болмаса мектепке дейін бірге барайық», - дедім. «Қызым-ау, жұмысым бар ғой...» - деді. Көздерім жасаурап: «Жұмысқа барма, ендеше» дегенімде: «Нанымыз ғой», - деді әкем. Үндемедім, бірақ мектепке дейін жылап бардым... Сол жағым қайта-қайта сыздай берді, Ана.
Бәрінің нәскилері аппақ, менікі болса бозғылт. Гүлсім: «Анам ақ киімдерді түсті кірлерге қоспай жуады», - деді. Әкем бәрін қосып жуады, кір жууды білмегені ме сонда? Әкем күн сайын нанға май жағып береді таңғы асыма. Ренжімесін деп айтпаймын, Бірақ... Сыныптағылар күнде тоқаш, бәліш, тәтті нан әкеледі. Әкем тәтті нан жасай алмайтынын білем ғой, Ана.
Күн батып барады, мен кетейін енді... Сабақтан шығып саған келетінімді білмейді әкем. Біліп қойса, ұрыспайды, Бірақ... Көңілі босайтынын білем.
Топырағыңды кім шашқан, гүлдеріңді кім жұлып тастаған!? Рұқсат берме, анашым, ешкім қол тигізбесін топырағыңа! Әйтпесе, соны ойлап тағы жылаймын ғой, ана.
Қарашы, топырағыңнан тағы бір уыс алайын деп, Бет орамал ала келдім... Білесің бе, анашым? Әр келгенімде бір уыстан алып, Бір банкаға жинадым топырағыңды...
Үстіне суретіңді жабыстырып, төсегімнің басына қойдым. Күнде таңертең оны құмарлана иіскеп сүйемін. Ешкімге айтпа – бірақ кейде... Кейде суретіңмен де сөйлесемін... Қайтем енді, сені қатты сағындым...
«Ертең ана туралы шығарма жазып келіңдер», - деді апай. Әкеме жазғызам... Апай біліп қойса қатты ұрысатын шығар, Ұрысса ұрыссын. Мен сені еш көрмесем, не деп жазып түсіндірем? Сенің атыңды естіген сайын сол жағымның сыздайтынын, Мұңға батып, кейде шыдай алмай жылайтынымды... Қағаз бетіне қалайша түсірем?
Кетуім керек, Ана, Топырағыңды сүйдім... Түсіме кіріп сен де мені сүй. Бірақ міндетті түрде түсіме кір... Түсіме кірмесең, Сол жағым сыздап оянамын, ана. Сол жағым жылап сыздайды, Ана...
Міне, мына жақ, Сол жағым сыздайды, ана. Сірә, сені өте қатты сағынғанымнан болар.