Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Біз бес ағайындымыз, үш әпкем және жалғыз ағам бар. Анам өмір бойы балам жалғыз деп соның тілеуін тілеп, басынан құс ұшырмай өсірді. Тіпті көп ретте қызсыңдар ғой деп бізді шетке сырып тастап, баласының қамын ойлап бар тәттісін соның аузына тосып, аялап өсірді.
Көптеген отбасылардағыдай ағам жалғыз болғанымен тым ерке емес еді. Көпке сыйлы, ақылды, ақкөңіл, ақжүрек. Өзін емес, өзгенің қамын ойлайтын аңқылдақтығы тағы бар. Сорына қарай көрсоқыр жар жолықты. Жалғыз баланың әйелі деп ата-анам оны алақанына салды. Бірақ бәрінің жайылып жастық, иіліп төсек болып жалпылдағанын ол көтере алмады. Жақсылықты түсінбейтін көркеуде болып шықты.
Жеңгем Ұлтудың нағашыларын әжем жақсы танитын-ды. Ағам үйленерде әкеме келіп айқайды салып, «ол қарақшының тұқымы сенің қолың емес, алма қызын, аулақ…» деп шу шығарған-ды. Сонда әжеме ренжіп едік. Бұрынғының адамдары қандай көреген, әжем білген екен ғой. Тексіздің тегіне қарай тірлік қылатынын.
Жеңгем түскен соң арада ай өтпей жатып үйден ақша, алтындар жоғала бастады.
Төркіні тым жұпыны тұратын еді. Желдің қайдан соғып жатқаны анық-тын. Сонда да анам «қоя бер, үндемеңдер, жас қой, әлі ақ қойып кетер…» деп бізді басып отыратын. Ұрлығын қойғанын қайдам үдетпесе, қояр болмады.
Одан қалса екі сөзінің бірі өтірік, екі адамның басын қоспай шағыстырып, қырылыстырып отыратын. Үйде күнде айқай, күнде шу. Жеңгемнің аяғы құт емес, жұт болды. Әке-шешемнің тұрмысы дәулетті-тін. Келін түскен күннен бастап малдың басы кеми бастады. Төрт бала туған соң жеңгем тіптен құтырып кетті. Ағам момын адам. Үндемей құтылатын.
Бәрінен де жанымызға батқаны сексеннің сеңгіріне шыққан аппақ шашты әжемді жағасынан алып, ұрғаны еді.
Айтарымызды айттық, тыңдар болмады. Бұрын әп-әжептеуір беделі бар ағам бүгінде аузынан сөз суырып ала алмайтын сүмелекке айналған.
Әйелін тыңдата алмаған еркекте қайбір бедел болсын?
Ағама бүгінде әке-шешемнен көрі әйелінің айтқан салмақты болып тұр ғой. Жиын той болса әйтеуір ілік тауып ұрыс шығаруға дайын тұрады. Тіпті өз қызының құдалығында да арақ ішпей отырсыңдар деп қайынәпкелеріне ұрсып, дау шығарды. Өмірі аузына арақ алып көрмеген адамдарды әдейі құдалардың көзінше мұқатып, келеке етті. Әкем ауыл арасында беделді адам еді.
Соның құнын көк тиын қылып, бір жолы ішіп отырған сорпасын басына құйып жіберіп қорлады.
Ағам сонда да үндеген жоқ. Осыдан кейін жеңгемді сұмдық жек көріп кеттім. «Кешірім сұра» деп ақыры кешірім сұрата алмадық. Анамды да адам екен демейді. Жекіп, ұрсып, отырса опақ, тұрса сопақ қылып бітті. Сонда анамның өмір бойы жалғызым, жалғызым деп жеткізген ұлынан көріп отырған «жақсылығы» осы болғаны ма?
Әке-шешемді аяп, күнде жылаймын. Осыншама қорлайтындай осы жасқа жеткенде олар не жазып еді сонша? Үлкенді үлкен екен демейді, кішіні кіші екен демейді көргенсіз келіннің қылығы күйдіріп бітті. Бір әулетті осыншама зар жылатып отырған адамның жазасы қашан болады. Ақыл қосыңыздаршы, ағайын!
Авторы, Мереке