Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Әйелім Аружан екеуіміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Үйдің үлкені болғандықтан бөлек шығып кеттік. Бірнеше жылдан соң Аружанның ата-анасы “пәтерде жүріп қаражат жинай алмайсыңдар, үй алғанша біздікінде тұрыңдар” деген соң Қаскелеңге көшкен едік.
Міне, үйленгенімізге 8 жыл болыпты, бүгінде екі баламыз бар. Жақында сол маңнан жер алып, үй саламыз ба деген жоспарымыз бар еді.
Бірде әйелімді түсіну қиын болып кеткен еді. Дұрыстап сөйлеспейді, бірдеме десең жекірініп, қабағын түйіп, жақтырмай отырады. Бір күні жарылды әйтеуір. “Басыңда үйің жоқ, табысың көп емес, елдің күйеуі екі-үш жерде жұмыс істейді” дейді. Арада бір адам пайда болыпты. Ол адам мектептегі алғашқы махаббаты екен. Оны өзі айтты ақыры. Соған кетем дейді. Екі рет көзіме шөп салғанын мойындады
Ашудан, қызғаныштан өзімді қоярға жер таппадым. Әйелді ұратын әдетім жоқ еді. Үйден шығып кеттім, қайда барамын, кешкісін қайтып келдім. Жұмысым да сол күні дұрыс өнбеді. Бұл әңгімені ата-анасы естіді. Менен жемеген таяқты әкесінен жеді. Олар менен қуыстанып, ұялып, жерге кірердей болды. Кететін болса балаларды қайтеміз. Өзімді жақсы көрмейтін адамды байлап ұстап қайтемін, барса барсын дедім ішімнен. Ішім қан жылап жатса да, оның да өзін бақытты сезінуге қақы бар. Мүмкін мен бере алмаған шығармын оны. Сол күндерді есіме алсам…
Екі бала бар, 8 жыл бірге сүрген қиындықтарымыз, қуанышты күндеріміз бар, өзім оны жақсы көремін әлі, болашаққа жоспарларымыз, мені баласындай көретін қайын ата-енем бар… Қайын атам жазға дейін тұрасыңдар, бұл “жараны” түк болмағандай көміп тастайсыңдар деп кесіп айтты.
Міне, жаздың ортасы болды. Әлі түк болмағандай өмір сүріп келеміз. Жараның бетін тырнамадық. Ара қатынасымызда салқындық бар. Төсек мәселесі жайына қалған. Үй салып жатырмыз. Бәрі ұмыт болғандай. Сырт көзге тату отбасы тәріздіміз. Сөйтіп те әйел жынданады екен ғой!
Кінәнің бәрі өзімнен. Әу бастан әйелге бос қарадым. Басында қатал мінез көрсетіп көргем, бірақ, қойшы жақсы көремін ғой, сену керек, өз пікірі, ой бар ғой деп еркіне қоя бердім. Қазақ қыздары еркіндікті көтере алмай ма? Не болдық енді?
Енді не істеу керек? Көзіме шөп салған әйелді Алла кешірсін деп өмірді жалғастыра берейін бе? Балаларым үшін… Басым қатты…
“Не істеу керек енді” деген сұрақ ашық қалып отыр.
Аяжан Төрехан