Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
"Жаным!" деген хат мессенджерге келіп түскенде шошып түстім. Қарасам, танымайтын адамым екен. Желіге жаңадан қосылғандардың, солай жасайтындары бар. Ерігіп отырады осылар дей ме? Танысу сайты дей ме?
- Неге үндемейсің?,- дейді мені бұрынан танитын кісіше. Үндегенде, не айтады деп ойлайды екен. Ортақ әңгімеміз, ортақ танысымыз болмаса.
Күнде «сәлем» деген сөзбен, мессенджерді толтырып біраз уақыт өтті. Жауап ала алмасын білді ме, бір күні қарасам блоктап тастапты. Қызық! Бар кезінде, тіпті мән бермеппін. Оның барына да басымды ауыртпаппын. Енді, блоктаған кезде іздей бастадым. Жауап бермесем де өзіңді бір адамның іздейтінін сезу көңілге жылылық сыйлайды екен. Ал енді, сол іздейтін адам да жоқ. Көңілім құлазып сала берді. Сөйтіп уақыт өтумен ұмыта бастадым.
Ойламаған жерден бір күні, жаңа аккаунтпен әлгі "досым" тағы пайда болды. Бұл жолы кім екенін, қайда жоқ болып кеткенін сұрадым. Іздегенімді білдірмедім, әрине. Сөйтсем, "сені сағынып қайтып келдім. Суретке қарап ғашық болады десе бұрын күлуші едім. Енді, өз басымда осы жәйт өтіп жатқанда, Мәжнүннің күйін кешіп жүрмін. Күндіз-түні есімнен шықпайтын болдың",- деді.
- Көрмеген адамға ғашық болу мүмкін бе?,- деймін, сөзіне сенер-сенбесімді білмей. Ол:
- Мүмкін,- деді сенімді түрде. - Кездесейік,- деді алып-ұша. Мен тағы үнсіз қалдым. Әлеуметтік желіден біраз адам бақытын тауып жатса, біразы керісінше, түрлі бәлеге ұшырап жатады. Оған сенерімді де, сенбесімді де білмеймін. Уақыт өтуімен, бауыр басып бара жатқан сияқтымын. Жоқ болса, іздеп отырамын. Көрмесем де сағынамын. Бірақ... шынайы қарым-қатынасқа баруға қорқамын. Ойлағандай адам болмай қалса ше? Маған салғаны шын өз суреті ме? Ойымда күдік көп. Бірақ ішкі дауысым «алдамайды» деп тұрғандай. Не істесем екен? Бойымдағы бар күдік, күмәнді серпіп тастап, кездесуге барамын ба? Ақыл қосыңдаршы...
Гүлзат