Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жасым 56-да. Мектепте физика-математика пәнінен мұғаліммін. Зейнет жасына шығу үшін әлі екі-үш жыл қызмет етуім керек. Соңғы кезде денсаулығым да сыр беріп жүр. Отыз жылдық ұстаздық еңбек өтілім бар. Еңбектенуден шаршаған емеспін. Өз мамандығымды қатты жақсы көретінім соншалық кейде балаларымнан, отбасымнан таппаған мейрімді мектептен табамын. Оқушыларымның да маған деген көңілі ерекше. Сыйлап, құрметтеп тұрады.
Осы уақытқа дейін үйдің де шаруасына үлгеріп, күйеуімнің де бабын жасап, барлығын мұнтаздай қылып отыратын едім. Мен үшін бітпес уайымның басы келін түсіргеннен басталды. Осыдан біраз жыл бұрын жиырма сегізге келген кенже ұлым «үйленемін» дегенде аналық жүрегім лүпілдеп сонша қуандым. Тіпті келінімнің ұлты қырғыз дегенде де «Қазақ-қырғыз бір туған, өзіңе ұнай ма, ал» деп рұқсатымды да бірінші берген мен едім. Ұлымның әкесі қанша жерден қарсы болса да қайта-қайта сөйлесіп жүріп күйеуімді де қырғыз ағайындармен құда болуға көндіріп, тойдың қамына кірісіп кеттім. Таныстарымыздың біразы «әй, қырғыздың қыздары қиын болады. Олардың бар мақсаты - Алматыға келіп үй-жайы бар адамдарға тұрмысқа шығып, осы жаққа тұрақтап қалу» деді. Ешкімнің сөзін тыңдамастан тойдың қамына кірістім. Бішкекке барып құдаларымның алдынан өтіп, жөн-жоралғыларын жасап, дүрілдетіп тойды да өткіздік.
Бастапқыда келінім өте жуас, көңілшек, мейірімді болып көрінді. Мен де шама-шарқым келгенше оған қолымнан келген дүниелерді үйретуге тырыстым. Кейбір кемшіліктеріне көзімді жұма қарап, барлығына түсініспеушілікпен қарауға тырыстым. Келінім базарда сауда-саттықпен айналысатын еді. Біздің үйге келін болып түскеннен кейін «қара базарда тұрып қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа қақталма» деп қаладағы элит сауда дүкендерінен жалға орын алып бердік. Бұл сауда орындарында Қырғызстан тауарларынан гөрі Түркияның тауарлары өтімді болғаннан кейін келінім тауарды Түркиядан тасуды жөн көрді. «Үйде бос отырғысы келмейтін шығар» деп саудасына да ортадан ақша шығарып, қолына ұстаттық.
Сөйтіп, күндіз келін саудасында болады, кешкісін үйге жай келеді. Мен тіпті онысына да мән бермеппін. Бар ойым «балалар тату болып, бір отбасына айналып кетсе» деп тіледім. Пәтеріміз үш бөлмелі, отағасы да, мен де, ұлым да жұмыс істейді. Тіпті келіннің тапқан ақшасына аса мұқтаж да емес едік. Біртіндеп байқаймын, келінімнің мінезі өзгеріп бара жатқан тәрізді. Үйге тым кеш келуі жиілеп кетті. «Тауарға барамын» деп кетеді де, апталап жоқ болып кетеді. Осылай жүргенде олардың отбасы болғанына екі жыл өте шықты. Арасында «апыр-ай бұлар балалы болуды ойламай ма» деп те уайымдайтын болдым. Осылай елең-алаңмен жүргенде ұлым бір күні «келінімнің жүкті екенін» айтты. Тағы да аналық жүрегім лүпілдеп жаратқанға мың тәубамды айтып, балаларымның тілеуін тілеп жүрдім. «Тоғыз ай, тоғыз күн өтті-ау» дегенде келінім айы-күні жетіп босанып, дүниеге ұл әкелді. Дүрілдетіп шілдехананы жасап, айрықша қуанып жүрген көңілімді келінімнің әрекеті су сепкендей етеді деп ол сәтте ойламадым да. Немереміз қырқыннан шыққан күні келінім маған және атасына дастархан басында отырып үш бөлмелі үйді өзінің атына аударып беруімізді сұрады. Әлгі жерде біз үндемедік, былайынша айтқанда күйеуім екеуміз сол әңгімеден кейін тілден қалдық. Ойлап қарасақ, осы уақытқа дейін біз оның талай әрекеттеріне көз жұма қарап «жақсылығын асырып, жамандығын жасырдық».
Келінмен арада болған әңгімеден кейін мен отағасына «үйді келіннің атына аударсаң аударып бер» деп қылқылдай бастадым. Бірақ бізді тыңдайтын еркектер ме, бір күні отағасы барып бір-ақ күннің ішінде үйді үлкен қыздың атына аударып тастады. Міне, осы сәттен бастап келіннің мінезі де күрт өзгерді. Үйде екі күннің бірінде айғай-шу, ұрыс керіс басталды. Ұлым екеуі бізден де, үйге келген жұрттан да ұялмайтын болды. Үнемі бірін-бірі көзге шұқу, мұқату. Келінім тіпті мені қойып, атасын да сыйламайтын болып алды. Тіпті атасына «дүниеқоңыз, арамза адамсыздар» дегенді де бірнеше мәрте айтты. Тізе берсек келіннен көргеніміз, естімегеніміз қалмаған еді. Осылай жүргенде күндердің-күні келінім «мен ажырасамын» деп шешті де, немеремізден түбегейлі бас тартып, үйден кетті.
Қазір немерем өзімнің қолымда. Келінім екі жарым жыл болды ат ізін де салмады, хабарласпады да. Таң қалатыным, екі жарым жылдың ішінде келінім өзінің тас емшегін жібітіп, өмірге әкелген баласын тіптен іздемеді де. Сонда ол таныстарымыз айтқандай, біздің баспанамызға ғана қызыққан болып тұр ғой. Қазір ұлым «сол кезде жұртты тыңдап қазақтың қызын алғанымда жағдай мұндай болмас еді» деген өкінішін де жасырмайды.
Кей кездері мен де «сол кезде жұрттың айтқанына мән беріп, неге алды-атымызды бағдарламадық» деп те бармағымды тістеймін. Бәлкім, қазақы ортаны көрген, таныс-біліс адамдармен құда болғанымызда жағдай бұлай болмас па еді?! Қайтемін, осылайша «қырғыздан келін аламын» деп немеремді тірі жетім атандырып қойдым. Немерем «менің анашым қайда» деп сұрағанда өзегімді өкініш өртеп жібереді. Бір-екі мәрте келініме өзім хабарласып едім, «менен үмітіңізді үзіңіздер, мен сіздерге келін болып жарытпаймын» деп басын ашып айтты. Қалай болғанда да баласын іздемейтін ана жоқ қой. Мүмкін, уақыт өте келінім қатесін түсінер деп ойлаймын. Ал жастарға айтарым, «адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Ұрпақтарыңызды жылатпаңыздаршы...
Сәния, Алматы қаласы