Шешем момын болған соң, күйеуім және енем мені күнде қорлайды

Oinet.kz 01-01-2024 1732

Менің тұрмыс құрғаныма 3 ай болды. Мамамның араласып жүрген келіншегі бар еді, Сол кісі баласына мені алып бергісі келіп қайта-қайта үйге айттырып келіп жүрді. 

Screenshot_6.jpg

Мен де, отбасым да, бәріміз қарсы болдық. Жігіт сүйем, күйем деп қоймады, мен аузыма келгенін айтып қанша намысына тиетін сөздер айтсам да қоймады. Қанша қашсамда аңдып жүріп мені алып қашты. Қалай қорланғанымды айта алмаймын.

Жігітті мүлде ұнатпаймын, түріне қарасам жиіркенем. Мен қанша кетем десем де мені ешкім жібермеді, өз туыстарым, ата-анам таныс жер бізді ұятқа қалдырма деп тастап кетті. Күйеуім өзімнен кішкентай, ештеңе ойламайды, әлі кішкентай баланын әңгімесін айтып, қылықтарын істейді.

Алла тағаланың қалауымен 1 айдан кейн аяғым ауырлады. Күйеуім де, енем де оған дейін маған жақсы қарайтын, аяғымның ауыр екенін білгеннен кейін ешқайда кете алмайсың деп ойына келгенін айтып, ойына келгенін істейтін болды. Күйеуім "мені жақсы көрмейсің" деп күнде миымды жейді. Таза мыжың. Шынымды айтсам шаршап кеттім. Күйеуімді шынымен жақсы көрмеймін, өзі де, қылықтары да жиіркенішті. Ішетіні тағы бар.

Енем "сенің шешең момын ғой, сені ешқашан алып кетпейді" деп аузына келгенін айтады. Өз ата-анамның жағдайлары жақсы, ал ата-енемнің үйі жоқ, пәтер жалдап тұрамыз. Үй алуға ақша қос деп те айтыпты менің үйімдегілерге. Оларда дәл қазір бере салатын ақшалары жетпей тұр. Соған енді менің миымды жеп отыр. Ақшасын бер деп айт деп. Үйдегілерге айтпағаны үшін мені жерден алып, жерге салып жүр.

Сен айуансын, сүмелексің деген сөздер күнде айтылатын болды. Мен осыларға өзім жалынып жүріп тигендей көреді, мен бір жаны жоқ зат сияқтымын. Баласын менен қызғанады, одан қалса күйеуіме мені жамандап, мені жаман қылып көрсетіп оның маған ұрысқанына қарап отырады. Өзімнің де момындығым бар, енем ұрсып жатса қойшы, үлкен ғой деп үндемей тұра берем.Енем тек өзін ғана ойлайды, салон киім десе жанын береді. Үйдің ақшасының бәрі сол кісіде, айдан айға жеткізе алмай нанға ақша таппай қалған күндер де болды. Әйтпесе күйеуім мен атам жақсы табыс табады. Соның бәрін киіміне, салонына кетіреді. Жалғыз баласына ең болмаса носки аперуге қимайды.

Мамама айтсам амал жоқ шыдайсың, қайтып келме соларды жақсы көр дейді.Мамам бұлардың қандай екенін басында білген негізі, сол үшін де қарсы болған, енді қайтып келсең бізді жерге қаратасың дейді. Мен бұл үйде бақытты емеспін, күйеуім мен енем мыжың, тек ішіп жеуін ғана ойлайды. Атам бұл үйде жансыз зат сияқты. Қазір ата-анам үшін ғана жүрмін. Осылардың ұрысынан, күйеуімнің күндегі мыжыңдығынан жүйкем жұқарып кетті. Ішімдегі балама жаным ашиды, осыларға тартпай-ақ қойсыншы деп тілеймін.

Шынар, Алматы

Аlashainasy.kz

Құрбыларым бала көтерген сайын қызғаныштан жылап аламын
Қайын сіңлімнің күйеуіне ғашық болып, жаза бастым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу