Жездемнің қылығын әпкеме айтуға қорқам

Oinet.kz 03-12-2023 3149

Адам есейген сайын түрлі сұрқия сұмдықтарды көріп, естіп есейе түседі екен. Адам өзі есею ойында болмаса да, айналасындағы болып жатқан жайттар адамды еріксіз есейтеді екен. Соңғы кездері осы жөнінде көп ойланып жүрмін. Өте ерке едім, қазір айналама қорқақтай қарайтын болдым. Әке-шешемнің үш ұлдан кейінгі кенжесі, әрі жалғыз қызы болғандықтан ерке болуым да заңды көрінетін. Екі жыл бұрын Алматы қаласындағы ЖОО-ның біріне оқуға түскен соң қалаға келіп, папамның кіші қарындасының қолында тұра бастадым.

Screenshot_4.jpg

Негізі мектеп бітірген соң үйден ұзап шығу қиын екен. Алғашқы кездері қаланың өміріне жатсына қарағаныммен, уақыт өте үйренісе бастадым. Басында жатаханаға жатуға тырысқаныммен әкемнің қарындасы қиылып сұраған соң сол үйде жатуға келісімімді бердім. Анам да «осы үйде жатсаң көп алаңдамаймыз, өздері үшін тамақ істейді қарның да тоқ болады» деп, оның да өтінішін қимадым.

Бірақ соңғы кездері жездемнің іс-әрекеттері мені ойландырып жүр. Бұрын тек әзілдеп қана тиісетін жездем соңғы кездері ойнаған болып әр жерімді ұстап қалуға тырысатынын байқап жүрмін. Өткенде теледидардан әншілердің бейнеклипі көрсетіліп жатыр еді, «мына әнге билеу керек қой» деп келіп, отырған орнымнан биге шақырды. Мен өзі табиғатымнан тұйықтау қызбын, қашқақтап тартынғанымды көріп, өзіне қарай тартып, әпкемнің көзін ала бере омырау тұсымнан қысып қалғанда, көзімнен жас ыршып кетті. Дереу бөлмеме жүгіріп кіріп кеттім. Әпкем кешкі тамақтың құрамын турап жатқан, ештеңе байқамады. Қанша айтуға оқталсам да араларына түскендей болмайын деп іштен тындым.

Бірақ сол оқиғадан кейін жездемнен мүлдем қашық жүретін болдым. Оңаша қалмайтын да болдым. Бірдеңе сұраса қабағымды түйіңкіреп жауап беретін болдым. Бірақ оған жездемнің айылын жиятын түрі байқалмайды. Қашан қарасаң жездесініп, көзімен ішіп-жеп отырғаны. Қазақы салтпен ойыны шығар деп те ойлағам, бірақ, оңашада ойыны қозып шыға келетінін, әрі қол жүгірткісі келетінін байқағалы, үрейленіп алдым. Енді жақында әпкем екеуіміз үйдегі моншада жуынып жатып, әпкем асығып менен бұрын шығып кетті.

Кетіп бара жатып, салқын судың азайыңқырап қалғанын, құйғызатынын айта кетті. Ойымда ештеңе жоқ, жуынып жатқам, салқын су құйылатын бөшкеге сыртқы қақпақтан су құйылып жатқанын естідім. Одан әрі жуына бердім. Бір кезде моншаның жуынатын бөлмесінен шығып, киінетін бөлмесінде отырғанымда жарық түсу үшін қалдырылған терезе тұсынан біреудің қараң етіп өткенін байқап қалдым. Жаймен терезеге тақалып сығалағанымда жездемнің терезе тұсында сығалап тұрғанын байқап қалдым. Шыңғырып жібергенімді байқап, жездем қаша жөнелді. Содан бері тіпті үрейленіп алдым. Әпкем үйде жоқ болса, әрнәрсені сылтауратып, мен де үйден қаша жөнелем.

Келер жылы үшінші курс. Келер оқу жылынан бастап қалайда жатаханадан бөлме алам, немесе қыздармен бірігіп, пәтер жалдаймын деп отырмын. Енді қалған бір-екі айға шыдасам кетем ғой деп өзімді жұбатып қоямын. Бірақ туыс адамдардың арасында мұндай болғаны ыңғайсыз екен. Келешекте бәрібір бет көрісетін адамдар болған соң қиналып кетем жездемнің өрескел әрекеттерінен ыңғайсызданамын. Жақыныңнан үрейленген кәдімгідей адам бойына қорқыныш ұялатады екен. Бірақ жездемнің әрекеттері кәдімгідей үрейлендірді.

Өткенде әпкем «базарға барып келейін» деп баласын тастап кетпекші болып еді, «баланы мен көтеріп жүрейінші» деп еріп алдым. Өйткені сол күні жездем үйде еді. Қазіргі жағдайым осы. Кейде «әпкем келсін» деп сабақтан шығып алып, ол үйде болмаса көше кезіп, үйге қайтпай жүремін. Кейде өзімді сабырға шақырғандай боламын, бірақ бәрібір ішкі үрейімді жеңе алар емеспін. Әпкемнің ойында ештеңе жоқ «іш, же» деп салдырлап әңгімесін айтып. Тек жездемнің қылықтары ренжітіп жүр. Ашықтан ашық әңгімеге шақырып, «мынауыңыз не» деуге тағы ыңғайсызданам. Анама да айтуға бата алмаймын. Бірақ мына жағдай басымды қатырып жіберді. Айтыңыздаршы менің үрейленетіндей жөнім бар ма?

Ақмарал Айдын, Талдықорған қаласы

alashainasy.kz


Қайныма әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шыққым келеді
Анам бізді бес бөлмелі пәтерге айырбастап жіберді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу