Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», деген ұлы Мұхаңың (М.Әуезов) бір ауыс сөзінде қаншама үлгі, өнеге жатыр-ау. Осы бір ауыз сөзді өмірлік ұстанымдарына айналдырған Асқар мен Назерке балаларының тәрбиесіне жіті көңіл бөлген, болмысынан бекзат, тумысынан текті адамдардің бірі.
Осы тектілікті ұрпақтарының да бойына дарытып, санасына сіңдіріп келеді. Қысылтаяң кезеңде адам бойында сирек кездесетін теңдесі жоқ адалдық, кеңпейілділік, ақкөңілділік, қонақжайлылық сияқты адами қасиеттер Асқар мен Назеркенің бойында басым екенідігі олардың ауыл аймағындағы қалың жұртқа мәлім.
Осындай өнегелі отбасынан шыққан тұла бойы тұңғышы Арайлым арпа ішінде бір бидай. Артынан ерген төрт бауырына қамқор, анасына қолғанат, әкесінің шай демдер қызы. Үйдің бар шаруасын еш қиналмай дөңгелетіп алып кете береді. Ұқыптылықты, тазалықты жаны сүйеді. Бір істі соңына жеткізбей, ас суға назар аудармайтын мінезі де жоқ емес. Назеркенің иманды, салиқалы әйел екенінен хабардар жұртшылық ішінара жалғыз қызын келін етіп алуға таласатын. Назеркенің өмірлік ұстанымы үнемшілдікке негізделіп, ысырапшылдыққа жол бермеу. Оң қолынан өнер тамған хас шебер ана қажетсіз заттың өзін бір кәдеге жаратып жоқтан бар жасайтын қасиеті қызы Арайлымның да бойына дарыған.
Ана мен қызы екеуі еш күмілжімей, ашық-жарқын құрбылардай сырласып жүреді. Анасы қызын үнемі болашаққа әйелдік өмірге дайындап үгіт насихат айтып отыратын.
- Қызым, мынаны құлағыңа құйып ал. Қандай күн кешсеңде еш уақытта ысырапшыл болма. Алла ысырапшыл пендесін ұнатпайды.Бұл жөнінде Алла Тағала ,Құран Кәрімде былай дейді: «Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!».
Анасының әр бір айтқан сөзін ұғып, бейәдеп, қыңыр-қырсық қылыққа бой алдырмайтын Арайлымның көркем мінезін көрген жанның жүрегі елжіреп сала беретін. Оны өзіне жар еткісі келген жігіттердің есебінде шек болған жоқ. Алайда қармаққа іліге салатын Арайлым осал жан емес. Өзі қалаған, өзін сүйіп бағалайтын, қамқор бола білетін Азамат атты сымбатты жігітке тұрмысқа шықты. Азаматтың әкесі Бейбіт пен анасы Айгерім екеуі де мектепте дәріс беріп, балаларды білім жолында жетектеп жүрген ұлағатты ұстаз.
Жалғыз ұлы жұрттың бәрі ынтық болған хас сұлуды жар ретінде таңдап, өзіне жар ететінін естіген де ақ, Айгерім бақыттан бұлбұлша жайнап жүрді. Мінекей күткен сәт келіп жетіп Арайлымның қолынан шай ішіп, сәлемін алып жүр.
Тектілік анасының ақ сүтінен бойына дарыған Арайлым бүкіл шаруаны айтқызбай ақ шыр айналдыратын.Бәрінен ерте оянып, елдің соңынан ұйқыға жататын пысық келін болды. Ата-енесінен соң ұйқысынан оянуды ұят санайтын. Үйдің іші, Азаматтың үсті - басы мұнтаздай тап- таза. Азаматтың ақ көйлегінің жағасын кірлетпейтін ұқыптылығына енесі алғашында тәнті болды. Әйелінен бірде - бір мін таппайтын Азаматтың әйеліне деген құрметі күннен-күнге арта түсетін. Өзге әйелдер секілді «әкең бұлай деді, шешең бұлай деді» деп түзде жүріп шаршап шалдығып келген күйеуінің басын ауыртып, миын ашыту Арайлымға тән қасиет емес.
Ата-ене, күйеуі болсын, бөтен кісі болсын босағадан басын сұққан ақ алдынан жүгіріп шығып сөмкелерін көтерісіп, тіпті сырт киімдерін, аяқ киімдерін шешуге көмектесіп бәйек болатын. Кез келген ер адам алған жары әке-шешесін сыйлағанын қалайтыны айдан анық.
Арайлым үнемі еріне мақтанышпен, құрметпен қарайды. Бұл сезім шынайы, жүректен шығып жарыда оны құрметтеп, үнемі келіншегін көруге асығатын болды. Әйел адам еріне әдепті, сыпайы сөйлесе, ер адамның да сөйлеуі соған сәйкес болатыны баршаңызға мәлім болар. Егер сіз оған дөрекі, ренжи сөйлесеңіз, оның да сөйлеуі қатал, қысқа әрі дөрекі болатыны секілді Азаматта әйелінің сөйлеу мәнерін өзіне сіңдіріп еш бір уақытта келіншегіне дөрекі сөйлеп ренжіткен емес.
Аса ерекше құрметке бөленіп, махаббаттың дәміне масайып, шаттықтан төбесі көкке жетердей күй кешіп жүрген Азамат келіншегіне түрлі сыйлық жасап, ара- арасында кешкі серуенге шығып жүрді. Ұлының өзіне көңіл аудармай қойғанын байқаған Айгерім ұлын келінінен қызғана бастады. Жас жұбайларды оңаша серуенге жібермеу үшін түрлі айла -тәсіл қолданып үнемі жолдарын бөгеуді әдетке айналдырды. Кейде тіпті шектен шығып өлім ауызында жатқан адамша ыңқылдап ,сыңқылдап, ыңырсып жатып қалатын. Оған сенген ұлы Азамат көз ілместен анасының басында отырып күзетіп таң атырушы еді.
Күндер солай өте берді. Ұлын қызғанған ананың бір өтірігінің артынан бірі еріп жатты. Жас жұбайлар аптаның бір-екі күнінде ғана бір төсекте жататын болды. Оның өзінде Айгерім түн ортасына дейін жүз рет шақырып әбден мазаларын алатын.
Алайда арақашықтық олардың лаулап жаңған махаббат жалынын сөндіре қоймады. Керісінше сынға түскен сезімдері шыңдалып, жас жұбайлар бір-біріне бұрынғысынан да ынтық бола түсті. Енесінің ессіз қылығына Арайлым мән бере қойған жоқ. Артық ауыз сөз айтып күйеуінің басын қатырып, ұрыс керістің алдын алу үшін мылқау адамның күйін кешіп жүрді. Ұлын қызғанған Айгерім ессіз әрекеттер жасап жүргенін өзі де ұғына алмас еді. Шайтанның арбауына еріп ұлы мен келінінің суретін арқалап бақсы балгердің есігін сығалап жүрді. Жұрт мақтаған балгер әйелге ұлының суретін көрсетіп болжам жасатты.
- Ұлым қатынының айтқанынан шыға алмайды. Тек соның ғана айтқанын орындап, сызған сызығы мен жүреді. Мен білемін ол қатын ұлымды дуалап алған. Ұлымды оның дуасынан құтқарып бересіз бе?
- Иә, міне көріп тұрмын. Балаңызға оңдырмай дуа жасапты. Мен қайтарма дуа жасап беремін. Маған шай, тұз алып келіңіз. Мен сол заттарға дем салып беремін. Ұлыңыздың тамағына тұзды қосып, шайды демдеп бересіз.
- Не айтсаңызда мейлі. Бәрін алып келемін. Тек баламды әйелінің шырмауынан шығарып берсеңіз болғаны.
Қазір мен сатып алып келейін.
- Егер қаласаңыз менен ақ сатып алсаңыз болады.
Балгерлерге де осындай ақымақ адам керек емес пе? Тұз бенен шайды дүкендегіден үш-төрт есе қымбат бағаға сатып, оған бірдеңелерді айтып дем салып бергені үшін тағы да ақы алып Айгерімді тонап қалды.
Айгерім жасырынып жүріп ұлының тамағына аздап дуа салынған тұзды қосып, шайына дуаланған шайды қосып беріп жүрді. Бір-бірінен еш сыр жасырмайтын, бір-бірі мен санаспай тірлік жасамайтын, бір-бірін үнсіз көз қарастарынан ақ түсінетін жас жұбайлардың арасына іріткі салып, ұлы келініне дауыс көтеріп, боқтап, дөрекі мінез көрсеткенін қалайтын жас ененің әрекетін түсіну қиын. Қайдан ғана түсіну мүмкін болсын, өзінің не қалайтынын Айгерімнің өзі білмесе. Азамат келіншегіне дауыс көтермейтіндігі, Арайлымның жарына мойынсұнып, дегеніне көнетіндігінен. Барар жеріне ескертіп кететінінің себебі сүйікті келіншегінің өзі үшін алаңдап, жанын қоярға жер таппайтынынан болса керек. Ал бұл ұлы сезімді Айгерім сөндірмек болып кіммен, немен екенін өзі де білмей арпалысып жүрді. Ұлына қаншама дуа жасатты. Сыртынан оқытпаған жері ас, шайына қоспаған дуасы қалмады. Ақыр соңы қалауы орындалып Азамат келіншегіне дауыс көтеріп сөйлеп, сұрақтарына жөнсіз жауап беретін, үйге кеш келетін әдеттері пайда болды. Махаббат сезімдері қаншама бақсы балгердің жасаған дуасына төтеп бере алмады. Екі жастың арасы алшақтай бастады.
Не бары бірер айдың ішінде Азамат адам танымастай болып өзгеріп шыға келді. Не істеп, қайда жүргенін өзі білмейді. Құтырған мақұлыққа айналды. Жүкті әйелін өлімше сабап, тепкілеп ішіндегі сәбиін түсіріп қойды. Кейде өкіріп жылайды, кейде ессіз адамша күледі. Жұмысынан қуылды. Көлігін өз қолымен өртеп жіберді. Әкесін соққыға жықты. Өз терісіне өзі сыймай өзін-өзі пышақ пен тілімдеп тастады... Айта берсем істеген ісінің шегі жоқ... Ақыр соңы айдай сұлу, салиқалы әйелінен айырылып тынды. Арайлымның әке-шешесі мен бауырлары Арайлымды күштеп өз үйіне алып кетті.
Баласын келінінен қызғанып олардың арасына іріткі салғысы келген Айгерімнің қалауы орындалды. Ұлы келіншегін іздемейді де. Қалай іздесін, өзінің кім екенін де ұмытып қалса.... Кім екенін білмесе... Қаншама дуаның кесірінен ақыл есінен айырылып «жынды» атанса...
Айгерім іштей өкініп, күрсініп жылап, Құдайдан жалбарынып жатса-тұрса ұлының дертіне шипа сұрайды. Жасы алпыстан асса да, әлі күнге дейін қырыққа таяп қалған ұлын жетектеп молда, имамға тасып дем салдырып әлек болып жүрген жөні бар. Ұлын келінінен қызғанып ел арасында «Өз ұлын жынды еткен ана»-деген лақап атқа ие болған бұл ананың өкініші өзегін өртеп, жанын азапқа салып жүр. Өзі секілді ұлын келінінен қызғанатын аналарға сабақ болсын деп, бар күш жігерін жиып баяндап берді.
Соңы...
«Әсерлі әңгімелер »топтамасынан