Қайын ағам үнемі ата-енем үйде болмаған кезде жетіп келеді

Oinet.kz 20-11-2023 10729

Тағдыр басқа салған соң не шара?! Еріксіз көнеді екенсің. Алайда, қазір сол тағдырдың тарамыс жолдарының қайсысын таңдауды білмей, шақшадай басым шарадай болып жүрмін. Бірақ дәл қазір қасымда ақыл қосар қосағым да жоқ.

Screenshot_9.jpg

Ол осыдан бір жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. Мақсатқа тұрмысқа шыққалы ештеңеге бас қатырмаған екем. Бәрін де Мақсат шешетін. Оған әбден сеніп алыппын. Енді ол жоқ. Ақыл қосар адам таппаған соң осында жүгініп отырмын. Ақыл-кеңестеріңіз аса қажет болып тұр.

Мен мектепке дейінгі тәрбие маманымын. Яғни, балабақшада тәрбиеші болып істеуім керек. Бірақ мен оқу бітіре сала тұрмысқа шықтым да, жұмыс істегем жоқ. Ауылда жұмыс та жоқ. Мақсат жұмыс істеді де мен бала бағумен отырдым. Мақсат үйдің кенжесі болған соң біз ата-енеммен бірге тұрдық. Екеуі де зейнеткер. Малдары да бар. Тұрмысымыз да жаман емес еді. Алайда сұм ажал мені әбігерге салды. Аяқ асты жол апатынан жолдасым қайтыс болып, мен екі баламен қалдым. Кіші балам енді екіден асты. Жолдасым қайтыс болып, жесір атануым мәселенің басы ғана екен.

Мақсаттың қырқын өткізген соң, бір күні енем сөзге тартты. «Балам, әлі жассың, тұрмысқа шығам деген ойың жоқ па? Егер ондай ойың болса, жасырмай айт» деді. Мен әзірше ондай ойым жоқ екенін айттым. Арада екі айдай уақыт өткенде енем тағы да тұрмысқа шығу туралы сөз қозғады. «Мақсатымның отын сөндірмей, осы отауда қалғаныңды қалаймыз. Басқаға тұрмысқа шықсаң балалар да жат болып кетеді. Әмеңгерлік салтымен қайынағаңа қосылсаң қайтеді» дегенде ішіп отырған шәйіме шашалып қалдым.

Мақсаттың үш әпкесі және өзінен жеті жас үлкен ағасы бар. Әпкесінің біреуі Талдықорғанда, екеуі Алматыда тұрады. Ал ағасы сол ауылда. Бірақ абысыным шайпау. Келін болып түскен соң, сыйыспай бір айдан соң бөлек шыққан екен. Мен келін болып түскен соң да дұрыс араласқан емес. Қонақ келіп, көмекке шақырсаң сірә келмейді. Келе қалса, дайынға келеді де, асын ішіп бола сала үйіне кетіп қалады. Кейде қайынағамды да ерте кететін. Балам емізулі кезде де көмектесіп көрген емес. Мақсат қайтыс болған соң қайынағам ата-анасына «біз қолдарыңызға көшіп келейік» деген. Бірақ енем оған үзілді-кесілді қарсы болды. Сол сөз ауылға тарағанда қайынағамның үйінде қырғын жанжал болыпты. Сөйтсек, қайынағам ол ойын абысыныма айтпай, өзі шешіп жүр екен.

Абысынымның қиян-кескі жанжал шығаруының тағы бір себебі бар еді. Енемнің маған «әмеңгерлікпен қайнағаңа қосыл» деген сөзі ауылға да тарап, абысыныма да жетіпті. «Соғыстың» басты себебі де сол сияқты. Әйтсе де, әмеңгерлік туралы әңгіме болған соң қайынағам біздің үйге жиі келетін болды. Үнемі балаларға бірдеңе ала келеді. Алғашында бауырының балалары болған соң солай істеп жүрген болар деп ойлағам. Алайда мәселе мен ойлағаннан күрделі екен. Сөйтсем, қайынағамның маған көңілі ауып жүр екен. Шамасы балалар арқылы маған жақындаспақ. Бір күні үйде жалғыз отырғам. Қайнағам келді. Түскі астың уақыты болған соң, дастархан жайып, бірге ас іштік. Дастархан басында қайынағам әмеңгерлік жайлы сөз қозғады. Ондай әңгімені күтпегем. Қапелімде не айтарымды білмей үнсіз қалдым.

Менің сол күнгі үнсіздігімді «қарсы болмады» деп түсінді ме, қайынағам келуін тіпті жиілетті. Бір сәт оңаша қалсақ, айтатыны сол - әмеңгерлік. Ауылда әртүрлі өсек айтыла бастады. Сондықтан бұл әңгімеге нүкте қою керек деп ойладым да, сәтін тауып, қайынағаммен ашық сөйлесуге бел будым. Бір күні сондай сәт туды. Атам мен енем бір үйге қонаққа кеткен кезде тағы да қайынағам келді. Ол кісіден әмеңгерлік туралы әңгімені ойынан шығаруын сұрадым. Құр ойдың жетегінде жүріп, шаңырағын шайқалтып алмауын өтіндім. Әйелі мен үш баласын ойлауы керектігін айттым. Онсыз да оңып тұрмаған, екі абысын арасын одан сайын алшақтатпауын сұрадым. Қайынағам үнсіз тыңдап отырды да, бір кезде орнынан тұрып, үйден шығып кетті.

Сол әңгімеден кейін қайынағам екі аптадай үйге келмеді. Онысын түсінгенге жорыдым. Бірақ мен қате ойлаған екем. Бір күні түс кезінде атам мал жақта жүрген. Енем көршінің үйіне кеткен еді. Қайынағам келді. Үйде ата-енемнің жоқ екенін білген соң бірден әңгімеге көшті. «Айжан, мен әйеліме бәрін айттым. Егер көнбесе, қоям. Саған үйленем. Сен болмасаң, Жанар мына қартайған ата-анама қарамайды. Сен басқа біреуге кетсең, бұлардың күні не болады? Ана балалар да жат болып кетеді» деді. Сөйтсем қайынағам менің «екі абысын арасын одан сайын алшақтатпаңыз» дегенімді, әйеліңіз көнбейді деп ұққан екен.

Кешке атам ерте жатып қалды да, енем екеуміз шәй ішіп отырғанбыз. Енем тағы әңгіме қозғады. «Жанар келіспесе, кете берсін» дегеніне қарап, қайынағамның маған сөз салып жүргенінен енемнің толық хабардар екенін сездім. Сонан соң қатал үнмен, «егер басқаға тұрмысқа шығатын болсаң, екі баланы да бермей, алып қаламын» деді. Баламды алып қойғалы жатқандай, жүрегім суылдап кетті. Қорыққаннан «апа мен ешқайда кетпеймін» дедім. Менің бұл сөзімді келісім деп ұқты ау, «міне мұның ақыл» деді. Дәл сол кезде ол сөздерге ешқандай мән бермеппін. Жылап жүріп, ыдыс-аяқты жинастырып, жуып-шайып, кеш жаттым.

Арада екі күн өтті. Күн сенбі болатын. Атам мен енем бір кісінің асына кеткен. Балаларға түскі тамағын беріп ұйықтатып, жалғыз өзім шәй ішіп отырғам. Қайынағам келді. Үйде ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, қолымды жуып келейін деп сыртқа шығып кеткен. Сөйтсем, сыртқы есікті іштен іліп келіпті. Қайынағам сырттан кірген соң орнымнан тұрып жоғары өткізбек болғам, бірақ ол келген бойда мені құшақтап алып, «сені жақсы көрем, сенсіз өмір сүре алмаймын, тағы бірдеңелер» деп зорлап сүйе бастады. Менің қарсылығыма қарамастан жерге жығып, астына басып, аймалай бастады. Бір жағынан қорқыныш, бір жағынан ыза, бір жағынан қорлық буып тұншыға бастадым. Айғайлаймын дегеніме де қарайтын емес. Әлім құрып, есімнен танып барам. Қарсыласуға шамам келер емес. Менің сол күйімді қарсыласпайды деп ойлады ма, шешіндіре бастады. Айғайласам даусым шықпайды. Бәрі бітті деп ойладым. Құдай қағып, бір кезде жан ұшыра, құлындай шыңғырған дауысым үйді басына көтерді. Менің дауысыма оянған үлкен ұлым мамалап, жүгіріп шықты. Менің даусымнан сескенді ме, баладан сескенді ме, әйтеуір қайынағам жалма-жан орнынан тұрып, үйден шығып кетті.

Анама үйге барайын десем, «екі баламен қайда сиясың, екі баламен сені енді кім алады» дейді. «Әлі-ақ екі балаң есейіп, қатарға қосылып кетесің» деп жұбатты. Бірақ мен анама қайынағаммен арадағы жайды айта алмадым. Бұл жайды енеме де айтқам жоқ. Өйткені ол кісі бәрін де білетін секілді. Олай деуімнің себебі, қайнағам үнемі ата-енем үйде болмаған кезде жетіп келеді. Абысынымның мені атуға оғы жоқ. Ауылдың өсегі де жүйкемді тоздырды. Әбден шаршадым. Бір шешімге келе алар емеспін. Қай шешімнің дұрыс боларын да білмеймін. Не істеуім керек?

Айжан, Алматы облысы

Аlashainasy.kz 

 


Күйеуім әпкеме дауыс көтеріп айқайлап ренжітіп қойды
Қыздарымның басына бермесе екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу