Жолдастарым мені «қайынжұрттың баласы» деп келеке етеді

Oinet.kz 10-11-2023 1968

Оқу бітірген соң ауылға оралған жоқпын. Бес баланың ортаншысы болғандықтан ба, менің үйде бар-жоғым аса маңызды емес секілді. Кішкентайымнан үйдегілер кенжем, тұңғышым деп аға, қарындастарымды еркелеткенімен мені ұмыт қалдырғандай еді.

Screenshot_26.jpg

Көбіне жұмыстың ауырын мен істейтінмін. Қой мен сиырды кезегі, түнде жылқы бағу секілді азабы мол міндеттерді мектеп кезінде маған арта салатын. Содан ба мені үйдегілер құлша жұмсайтын. Ал ағам мен інім бұл жағына келгенде еркелеу болды. Әпкем мен қарындасым да шолжаңдау болып өсті.

Кейін мектеп бітірген соң оқуға түсе алмадым. Ауылда мал соңында жүргенімде әскерге шақырып, Ақтауға алып кетті. Сөйтіп екі жарым жылдық әскер мені басқа өмірге бұрып жіберді. Мұнда жүріп мен көп өзгердім. Әрине, ауылды, ата-анамды, атам мен әжемді сағындым. Бірақ әскердің аты әскер. Кейін оралған соң ауылда қалғым келген жоқ. Жастайымнан жұмсап, қара жұмысқа салып үйренген ата-атам менің ауылда қалуымды қалағанымен мен әскерде бірге болған достармен «Қайдасың, Астана?» деп бейтаныс қалаға тартып отырдым.

Әскерде болған біздер мұнда әскери қызметке орналасып, келісім-шартпен жұмыс істей бастадық. Үй-күйсіз маған достармен баспана жалдау азабы бұйырды. Пәтерден пәтерге көшу, орташа жалақы біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүргізіп жатты. Осы уақыттары ауылдағылар мені бірде-бір рет іздеген емес. Менің бар-жоғым оларға бәрібір секілді. Болашағым, тағдырым олар үшін әншейін өзгенің өміріндей көрінетін.

Астанада жұмыс істеп жүріп баспанаға қолым жете қоймады. Екі жыл ішінде құжат жинап, түрлі бағдарламаларға тапсырғанмен ақша жағынан үлкен мәселе туындап, оған іліне алмадым. Әскерилерге тиетін баспананың кезегі тимеді.

Достарым шетінен үйлене бастаған соң мен де отау тігуге бел будым. Бірақ дайын тұрған қыз болмады. Сөйлескен қыздардың дені ұнай қойған жоқ. Көңіл қалаған қыздармен жақын таныса келе жақтырмай қалдым дегендей, сылтау көбейді. Осылай бәленнің көзі, түгеннің сөзі жақсы деп жүргенде Айша есімді қызбен таныстым.

Менен алты жас үлкендігі бар, отызға енді толған ол біз жалдап тұратын үйдің маңайындағы дәріханада істейтін. Кезекті рет жұмыстан шығып, аялдамада кездейсоқ танысқан соң бастапқы кездері біз жиі ұшырасып қалып жүрдік. Таныс жандарға айналған соң жиі сөйлесетінбіз. Кішіпейілдігі, ұяңдығы маған сондай ұнап тұратын. Жасы үлкен дегені болмаса екеуіміз қатар тұрғанда көбі бізді қатарлас деп ойлап қалатын еді. Соңғы кездері жиі сөйлесетін болған соң мен жігіттік танытып, кездесуге шақырып жүрдім. Әңгімеміз жарасқан соң қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Бірақ ол «менің үлкен болғаныма достарыннан ұяласың» деп кінә таға беретін. Мен ештеңеге қарамайтынымды айтып ақталатынмын. Жарасып жүріп жұп болдық. Кейін үйленемін деген ұйғарымға келдім.

Мені онсыз да іздей қоймайтын ана-анама мұны айтқанымда олар кейінге шегере тұруымды айтқан. Той шығынын өзім көтеретінімді айтқан соң олар келіскендей болды. Алайда жасы үлкен екенін білгенде бірінші анам, кейін туыстар, аға-бауырларым сөгіп, бұлай етпеуімді айтып бақты. Бірақ алған беттен қайтпадым. Екі жақ келісіп, мен өзімнен алты жас үлкендігі бар Айшаға үйленіп тындым.

Тойымыз Жезқазғанда дүркіреп өтпесе де өз деңгейінде болды. Ақтөбеден келген құдалар жағымен ырымын жасасып, екі жақ төс қағысты. Тойдан кейін аз уақыт ауылда аялдап, жұмыс басталатын болғандықтан Астанаға оралдым.

Бастапқы кездері өзім ауылға хабарласып тұрғаныммен олардың мені іздейтін түрі байқалмады. Ағайындарыма менің бар-жоғым бәрібір секілді көрінді. Анам бастапқы кезден-ақ Айшаны жақтырмады. Мені айналдырып алды деп іштей сөгетінін сезгем. Келін болып түскеннен қабағы жазыла қоймады. Туған-туыс әйелім дайындаған тамақты да жақтырмаған болып, шетінен міншіл болып шыға келді. Осылайша Астанада тұрып жатқан біздерді ауылдан іздеп келген ешкім болмады. Кейін өкпеледім бе, мен де хабарласпайтынды шығардым.

Айша қанша араласуға тырысқанымен онысынан түк өнбеді. Отау тіккелі онсызда ағайынмен жақын емес мен алыстай түстім. Туыстар ештеңе емес, ата-анамның, аға-бауырларымның мені іздемейтіні қатты қынжылтады. Хабарлассам бір түрлі қырын қарайтындай. Оған себеп, Айшаның менен үлкендігі. Керісінше, қайын жұрт бұл жағынан осалдық танытпады. Жолы түскендерден қайын атам ет-метін беріп жіберетін. Достарым да «қайынжұрттың баласы» деп ат қойып алды.

Қазір Астанада пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Үйленгеніме бір жарым жылға жуықтады. Арасында аз-маз ренжісіп қалғанымызбен, татуласуымыз тез. Маған қарсы келе бермейді. Ұяң мінезіне салып көбіне үнсіз қалады. Ренжіп қалуға бейім. Ал ауылдан еш туысым ат ізін салған емес. Оның қасында қайын жұрттан бірнеше рет келіп кеткендер бар.

Айшаның босануға айы күні тақалып қалды. Ертең кішкентайлы болғанымда ауылдан әке-шешем келмей қала ма деп уайымдаймын. Қанша дегенмен де келмей қалса өзгелердің алдында ұят қой...

Сайран МҮСІРКЕПОВ, Астана

Alashainasy.kz

Анам мені ақша үшін 30 жастағы шалға тұрмысқа берді...
Тоқал болып тиіп алып, бала-шағасының қиналғанын көрсем деймін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу