Өзгеге көңілімнің ауып кеткеніне әйелімнің өзі кінәлі

Oinet.kz 03-10-2023 1970

Үйленгеніме алты жыл толды. Әйелім Айзатты сүймей қосылдым демеймін. Құлай сүйгенім де шамалы. Көңіл қалады, аз-кем сөйлесіп жүріп отау тіктік. Сүйкімді жүзі, қиыла қарағаны мені өзіне тартып тұратын. Көрген бетте көңіл кетіп, көпке ұзамай үйленіп тындым. 

Screenshot_8.jpg

Бір тоға, көп сөйлемейтін Айзатым мінезді үйленген соң шығарды. Қызғанғанда жарты әлем дүр сілкінгендей күй кешетінмін. Алғашқы алты ай сіз-біз десіп басталғанымен артынша ұрыс-керіс, ренжісу дейтін жайттар біздің көтерген шаңырақта жиі орын алып жатты. Құдайға тәубе, бірінен кейін бірі үш балам өмірге келді. Екі қыз, бір ұлдың әкесі атанып, күйбең тіршіліктің қамытын мойынға киіп баяғы ұрыс пен келіспеушілік жайына қалып, әбден үйренісіп кеттік.

Күнұзақ жұмыста болып, кешке алдымнан құлдыраң қағып балаларым жүгіріп шыққанда барлық шаршауды ұмытып басқаша күй кешем. Осылар үшін өмір сүретінімді сонда түсінгендей боламын. Жарыма қарасам ол менің балаларға деген шексіз ықыласыма дән ырза. Өзіне менен шапағат болғанымен шексіз махаббат байқалмайтынын ол маған айтатын. Бірақ қанша тырысқаныма қарамастан жүрегіммен оған деген сүйіспеншіліктен өзге ештеңе жоқ.

Жастықтың буымен жүріп талай қызбен жүріп, көңіл жарасты. Біріне үйленемін деп айнып қалдым, анаусының көзі, мынасының сөзі жақсы деп біраз жүрдім. Кейбірін менсінбедім. Жігіттер үшін арман болған қыздарға да ғашық болдым. Бірақ солай бола тұра батыл қадам жасауға жүрегім дауаламады.

Бертінде, жұмыс арасында әлеуметтік желіде әлгі өзім жүрген, кездескен қыздардың парақшасын көріп қаламын. Баяғы өзім көрген қыздардың біразы бұл күнде бір отбасының анасы болып отыр. Құдай-ау деймін, баяғысынан да әдеміленіп, толыса түскен. Шырайы кіріп, көркем мінезді келіншекке айналған. Солармен сөйлесіп отырып, өткен шағымды еске алғанда өзегімде бір өкініш барын байқаймын. Ол не өкініш десем, оған қарай алмай ертерек басқаға үйленіп кеткендігім. Әлгінде жүрегім қатты қалаған Әсемгүл есімді қыз бар еді. Мен үйленген соң ол да ұзатылып тұрмысқа шығып, балалы болды. Бүгінде Алматыда тұрады. Өткенде әлеуметтік желіде сөйлесіп, әңгімеміз біразға дейін барып қалды. Кейіннен оның күйеуі, менің әйелім бола тұра екеуіміз телефон алысып (онымыз дұрыс емес екендігін екеуіміз де сезіп тұрдық) сөйлестік. Тіпті, жиі сөйлесетін болдық. Көбіне, әлеуметтік желіде әңгіме айтып, өткен шаққа саясат жасап қайтамыз.

Әсемгүл сымбатты келген әдемі қыз болатын. Күллі жігіттер оны көргенде өзін ұмытқандай күй кешетін. Көптің бірі менің де басымда сондай жайт болды. Мейлінше онымен сөйлесуге тырысқаныммен, көбіне аузыма сөз түспей сасқалақтап, жүрегім қатты соғып кететін. Ол күлімдеп қарағанда менде ес қалмаушы еді. Сол кезде оған жүрек сырын айтқым келіп оқталғаныммен оның талабына төтеп бере алмаймын деп іштей тартыншақтайтынмын. Соның салдарынан жүрек сырымды айта алмай арманда кеттім. Әдемі қыз көздеген жігіттер аз ба, солардың бірі оны ебін тауып алып кетіп, үйленіп алды. Ал мен... Кейіннен ананы бір, мынаны бір айналшықтап, Әсемгүлге ұқсайтын қыз іздейтінмін.

Сөйлесіп, отырып осындай жайттардың біразы айтылды. Қарап отырсам сол кезде Әсемгүлдің де ойы менде болса керек. Мүмкіндігінше менімен кездесіп қалуға тырысып, сөйлесуге емеурін білдіретін болған екен. Алайда менің тарапымнан еш әрекет болмаған соң өзн тежеп тынып жүрген. Тіпті, телефоныма жасырын нөмірмен қоңырау шалып, үнсіз тұрған бейтаныс жанның бір кездердегі өзі екенін айтқанда есімнен танып қала жаздадым. Неткен ақымақ едім деп өзімді кешіре алар емеспін. Әрине, қазір ол шақты аңсағанмен оралмасы анық. Менің үш, оның екі баласы бар дегендей.

Бірақ, Әсемгүлмен әлеуметтік желі арқылы (ара-тұра телефонмен) сөйлесе бастағалы менің көңіл-күйім өте жақсара түскенін байқап жүрмін. Оны әйелім Айзат та жақсы қабылдап, өзіне деген көңілім деп түсінді. Содан бері отбасымның ажары да кіре түскендей. Әйелім бұрынғысынан гөрі менімен көп сөйлесетін болды. Бірақ жүрек қалауым әлгі әңгімеден кейін Әсемгүлге ауып тұрғанын Айзат қайдан білсін?!

Әсемгүлмен сөйлесіп, сырласатын болғалы отбасының күйбеңін, ай сайын төлейтін ипотекалық несиемді де ұмытып жүрмін. Анығын айтқанда мына әлемде екеуіміз қосылып өмір сүріп жатқандаймыз. Мұнымды келіншегім білмейді. Егер біліп қойса құдай бетін әрі қылсын, шатақ болары анық. Тағы бір сөйлескенімізде, Әсемгүл жазғытұры Орал жаққа жұмыс жайымен келетінін айтып қалды. Жүрегім дүрсілдеп, кеудемді қуаныш кернеді. Бірақ кездескеніміз дұрыс емес қой. Алайда жүрек соңы қалап тұр.

Сапар НҰРБЕРГЕНОВ, Орал қаласы

alashainasy.kz

Қайын ініме деген сезімім басылар емес
Шайыма етеккірін қосып беріп жүрген екен...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу