Мүгедек күйеуімді тастап кеттім

Oinet.kz 01-10-2023 2795

Сыртқа жүзіміз жылтырап көрінгенімен әр адамның ішінде бүгулі бір сыры болады ғой. Көкіректі тырмалаған жан жараңды ешкімге тіс жарып айтпаған сайын іштей мүжілесің. Мен мүгедек күйеуімді тастап кеттім. Жарымжан жанды қалайша тастап кетуге болады деп маған кімнің болса да ашуы келетінін білемін. Бірақ мүгедек күйеуіммен ажырасу тек менің ғана қалауым емес, екеуміздің де ортақ шешіміміз болды.

Screenshot_9.jpg

Менің жасым қазір 32-де. Мен бірінші күйеуім Алмасқа тұрмысқа шыққанда 22 жаста едім. Ол менен 7 жас үлкен болатын. Екеуміз Алматы қаласындағы мейрамханалардың бірінде таныстық. Мен сол мейрамханада даяшы болып жұмыс істеуші едім. Университеттің соңғы курстарында оқып жүргенде қосымша даяшы болып жұмыс істеп, өзімнің киім-кешегімді тауып жүрдім. Өз басым еңбекке кішкентайымнан араластым. Өйткені анам сіңілім екеумізді жалғыз өсірді. Әкем мен анам менің 5 жасымда ажырасып кеткен болатын. Негізі анамның айтуына қарағанда әкем екеуі бір-бірімен сүйіп қосылған. Алайда әкем біреудің жалғыз баласы, бар жерден шыққан, анам да ауылдағы жағдайы жақсы отбасынан шыққан біреудің әлпештеген қызы. Сонымен екеуі жас кездерінде бір-бірін жақсы көріп тұрса да, мінездері сәйкес келмесе керек, жолдары екіге айырылыпты. Әкемнің қазір басқа отбасы, бала-шағасы бар. Ал анам бар өмірін сіңілім екеумізге арнады. Анашымның арқасында ешқандай таршылық көрмей өстік. Қандай қиын кездерде де біз жұрттың қызы кимеген киімді киіп, небір демалыс орындарын аралайтынбыз. Әкем де қаржылық жағынан көмектесіп тұрады. Біз анамызбен ауылдағы үйді сатып Алмтыға көшіп келгенде мен мектеп оқушысы едім. Біз анам, сіңілім үшеуміз бір бөлмелі жатақханада тұрдық. Анам үлкен-үлкен мейрамханаларда аспаз болып жұмыс істеді. Ал біз сіңілім екеуміз мектеп бітіріп, студент болып жүргенде даяшылық қызмет жасап, анамыздың бір жағынан шығысатынбыз. Бірін айтып біріне кетіп отырмын-ау. Сонымен Алмаспен танысқанымыз туралы айтып жатыр едім ғой.

Бірде мен жұмыс істейтін мейрамханаға бір топ жігіт келіп тамақтанды. Арасында бойы ұзын, денесі зор сымбатты жігіт маған қайта-қайта сөзбен тисіп, ары өтсем де, бері өтсем де көзін алмай қарап отырды. Әлгі жігіттің бұл қылығына жыным келсе де өзімді әрең ұстадым. Сонымен бұл жігіттер біздің мейрамханаға жиі келетін болды. Әлгі жігіт менің телефон нөмірімді сұрап қоймайтын. Бірақ мен тіпті онымен сөйлесуге құлық танытпадым. Бірде ол мені жұмыстан шыққан кезімде күтіп алып, үйге дейін шығарып салды. Сөйтіп қыр соңымнан қалмай жүретін. Университетке барсам, сабақтан кейін өзінің керемет джипімен алып кетеді. Сол кезде жанымдағы қыздар «Ой, Гуля, қандай жігітті қаратып алғансың» десіп жататын. Алмаспен бір жылдай кездесіп жүрдік. Ол маған: «Сенің тік мінезің ұнайды» дейтін. Мен де оның нағыз еркекке тән өктем мінезін, мәрттігін ұнататынмын. Оның өз жеке кәсібі болды. Жас болса да, өзінің кәсібін дөңгелетіп, қымбат көлікпен жүрді, басында баспанасы болды. Әрине, Алмастың әке-шешесі де жағдайы бар адамдар. Бірақ ол басқа байдың балалары секілді дайын ақшаны шашып жүрген жоқ. Сөйтіп Алмас екеуміз бір-бірімізді ұнатып үйлендік. Үйленген соң алғашқы жылы менің өмірім ханшайымдікінін кем болған жоқ. Алмас менің жұмыс істеуіме қарсы болды, үйіміздің жиһаздарын түгелдей жаңаладық, маған жеке көлік алып берді, мереке сайын сыйлықтың астында қалатынмын. Мен Алмастың өзімді шексіз сүйетінін сезетінмін. Өйткені оның мінезі негізінен жұмсақ емес, өте қатал, өз айтқанын жасатып үйренген адам бола тұра маған барынша мейірім танытуға тырысатын. Оның кейде достарымен, жұмысшыларымен сөйлескенін естіп қалсам, оның талапшыл мінезінен, өктем сөздерінен сескеніп те қалушы едім.

Алмас екеуміз үйленгенімізге бір жылдан асқанда ол бала сүйгісі келетінін жиі айтатын болды. Бірақ мен сәбилі болуға қанша тырыссам да жүкті бола алмадым. Сонда Алмас менің бала көтере алмай қиналып жүргенімді сезіп, «Жаным, екеуміз де дәрігерге барып көрінеміз, әлі біздің көп баламыз болады» деп мені жұбататын. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан біздің отбасымыздың басына қара бұлт үйірілді.

Алмас іссапармен Астана қаласына кеткен болатын. Сол жақтан өз көлігімен қайтып келе жатқан кезінде жол апатына ұшырады. Қыстың көзі қырауда мен Алмасты сол іссапраға жібергім келмеп еді, бірақ ол тығыз шаруа боған соң тыңдамай кетіп қалған болатын. Ол жол апатынан әйтеуір аман қалды, бірақ бел омыртқасына қатты зақым келіп, орнынан тұра алмай, мүгедектер арбасына таңылды. Апатқа ұшырағанан кейін Алмас 6 айдай ауруханада жатты. Мен оның жанынан шықпай жағдайын жасап, жарымның жазылып кететініне, өз аяғымен тұратынына үміттендім. Бірақ ер-азаматтың осындай күйге түсіп, қатты күйзелгенін көру оңай емес екен. Алмастың анасы екеуміздің көңілімізді ауласын деп, өзінің үлкен баласының кішкентай ұлын біздің бауырымызға салып, 2 жасар Айбарға мені – мама, Алмасты – папа деп үйретті. Бірақ Алмас өзінің ешқашан тұра алмайтын, жүре алмайтынын іштей сезіп, үнемі қабағы ашылмай, күрсініп, өмірден мүлдем түңіліп кетті. Ешкімді көргісі келмейді, сөйлеспейді, бәріміз оның көңілін табуға тырысқан сайын: «маған ешкімнің аяушылықпен қарағаны керек емес» дейтін. Алмасты ата-анасы шетелге емдетуге бірнеше рет апарды, бірақ тіпті мықты деген дәрігерлерден көмек болмады.

Бірде Алмас мені қасына шақырып алып: «Гүлнәр, енді сен екеуміз бірге тұра алмаймыз. Ажырасайық, сен менің мынандай мүсәпір күйімді көріп, өзіңнің жастық шағыңды маған қор қылғаныңды қаламаймын. Сенің өмірің алда, сен әлі ана болу керексің. Ал мен саған ана болу бақытын да сыйлай алмаймын», деді. Ол менің «сен «әлі-ақ жазылып кетесің, баламыз болады» деген сөзіме «Өзімізді өзіміз алдамайық, осымен бәрі бітті» деді. Алмастың осы сөздерінен кейін де не істерімді білмей дал болып бірнеше ай кете алмай жүрдім. Ал күйеуімнің ата-анасы оған арнайы күтушы жалдады. Мен Алмасты бұрынғыдай жуындырмайтын, киімін де ауыстырмайтын болдым, өйткені ол мені жанына жақындатқысы келмеді.

Біраз уақыт өткеннен кейін өзім де бұлай жалғаса бере алмайтынын түсіндім. Ол кезде мен небәрі 24 жастамын. Расында да мен өзімнің өмірімді арбаға таңылған адамның қасында өткізуге даяр емес екеніме көзім жете бастады. Оның үстіне мен үшін қайғырып жүрген анамды да ойладым. Ал Алмастың ата-анасына өзімнің кететінімді айтқанда олар да үндемеді. Сонымен Алмас екеуміз ресми түрде ажырастық. Ол маған екеуміз тұрған 2 бөлмелі үйді, алып берген көлігін қалдырғысы келді, бірақ мен бас тарттым.

Алмастан ажырасқаннан кейін біраз уақыт өзіме өзім келе алмай жүрдім. Кейде Алмасқа хабарласып, жағдайын білейін деп ойлаймын да, батылым бармайды. Уақыт өте келе Алмасты сирек ойлайтын болдым, күнделікті тіршілік, жұмыс өткен өмірімді ұмыттыра бастады. Арада үш жыл өткенде қазіргі жарым, екі баламының әкесі Даниярды жолықтырдым. Оның мінез-құлқы да, барлық болмысы Алмасқа ұқсамайды. Данияр менің өткен өмірім туралы барлық шындықты біледі. Ол екеуміз танысқаннан кейін біраз уақыт дос ретінде сырласып жүрдік. Кейіннен бір-бірімізді шын сүйетінімізді түсінгеннен кейін отбасын құрдық. Қазір мен Даниярмен бақыттымын, бірақ әлі күнге Алмасты тастап кеткенім үшін өзімді кінәлі сезінемін. Бірақ Алмастың маған деген сезімінің шынайы болғанын білетіндіктен ол мені кінәламайды деп үміттенем.

Жақында Алмас екеуміздің ортақ тансымызды кездестіріп қалып, оның жағдайын сұрадым. Алмас та отбасын құрыпты, жағдайы жақсарып келе жатқанға ұқсайды. Мен Алмастың айығып кетуін, бақытты болуын шын жүректен тілеймін.

Гүлнәр, Алматы

Менің ашынып айтқан қарғысым әкемнің бауырын ірітіп жіберіпті
Күйеуіне протез қол салдыруға қарсы болған әйелдің жауабы елді таң қалдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу