Қайынсіңлім он күйеуге тиіп шықты

Oinet.kz 01-09-2023 1534

Бала күнімде әкем бізді өте қатал ұстады. Бірдеңені бүлдіріп қойсақ, дереу бұрышқа тұрғызып қоятын. Үйдегілерге теріс қарап тұрып, жылап, бұрышпен талай «сырластық» қой. Тиісті уақыт біткен соң әкем шақырып алып кешірім сұрататын. Сосын әлгі қылығыңды қайтадан қайталамайтыныңды қадап тұрып сұрайтын. «Жаман атыңды естімейтін болайын...» деп ызғар шашқан көзімен атқанда қайда тығыларымызды білмейтінбіз.

Screenshot_11.jpg

Үйдегі бала біткен «әкең келе жатыр...» дегенді естігенде бұрыш-бұрышқа тығылып зытып беретінбіз. Әке қаһарының балаға қалай әсер ететінін біліп өстік қой. Бүгінде балалы-шағалымыз.

Қайраты қайтқан әкеме «бұрышқа тұрғызып қойып, тәрбиеледіңіз ғой...» деймін әзілдеп. «Сендерді адам болсын дейтінмін» деп жауап береді. Расында бауырларымның бірде-бірі әкемнің атына жаман сөз келтірген жоқ. Қатал тәрбиенің әсері болар. Мұның бәрін неге айтып отырмын... Оң жақтағы қыз ғұмырым қысқа қайырылып ерте тұрмысқа шықтым. Жолдасым көз көрім көркі бар, жақсы адам. Бір-бірімізді ұнатып, біраз уақыттан кейін отау құрдық. Бөтен үйге үйренісу оңай ма? Талай рет оңашада жылап та алатынмын. Адуынды ененің айқайы, қайынәпке, қайынсіңлілерімнің түртпектеуі жаныма қатты бататын. Сонда да болса «тәрбие көрмеген...» деп айтпасыншы деп бәріне де төзіп бақтым. Үш қайынәпкем тұрмысқа шыққанымен екі күннің бірінде біздің үйде. Бір қайынсіңлім еркенің еркесі болып шықты. Төртеуі қосылып алып төрт жақтан тап бергенде шынымды айтсам төтеп беру қиынға соғатын. «Үй шашылып кетіпті, ыдыс дұрыс жуылмапты...» деп ызыңдап енемнің құлағын шірітіп, шағыстырады да отырады. Жолдасым да араға түсіп шаршады. Ақырында қолын бір сілтеді. Қайынсіңлім темекі шегеді, сыраны суша сіміреді, жігіт біткенді қолорамалша ауыстырады десем артық айтқандық емес. Бүгін бір жігітпен жүрсе, ертеңіне басқа біреу келіп тұрады. Киімдерін мен жуып үтіктеп беремін. Ол үйді шашқаннан, енеммен мені шағыстырғаннан басқа шаруасы жоқ. Ұйқыдан тұра тамақ деп айқайлайды, жүгіріп онысын дайындап беремін. Мына жақтан енем жекіріп отырады, «бір қыздың көңілінен шыға алмай» деп. Солар сөйлемесінші деп зыр жүгіремін. Қайынатам момын адам. Оны адам екен деп сөзін тыңдап жатқан жан жоқ. Сондайда тәрбиесі қатал әкем еске түсетін. Тәрбие демекші бұл үйде тәрбие мәселесі шет қалған екен. Қыздар қалай жүрем десе солай жүреді, үлкенді сыйлау, айтқанын тыңдау олар үшін екінші пландағы мәселе. Шаң шұңқ етіп үлкендермен айайласып жатқандарын көргенде жағамды ұстайтынмын. Ақыры тәрбие көрмеген қайынсіңлім тұрмысқа шыққанда қатты қуандым. Біреу де болса түртпектеушіден құтылдым ғой деп. Бекер екен... Әр жігітпен бір жүріп қайсысынан аяғы ауырлап қалғанын білмей дал болған Айғаным енемнің ақылымен аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп қалған біреудің етегінен ұстады. «Менен емес...» деп басын ала қашқан әлгіні енем екеуі ортаға алып, алмасаң соттатам, құртам деп қорқытып ақыры күштеп үйлендірді. Арада екі ай өтпей тұңғышын босанды. Алдыңғы арба қайда болса соңғысы сонда деген рас екен ғой, әпкелерінің сорабына түскен Айғаным да екі күннің бірінде біздің үйде. Тыныштық жоқ. Бұрын оның ғана бабын жасасам енді баласымен, оған қоса күйеуін де қосып бағатын болдым. Енем қыздарын қасына жинап алғанына мәз. Малайы мен ғой. Зыр жүгіргенде жақсам қане? Әйтеуір ілік тауып мені жамандау бар қарекеттері. Әбден шаршадым. Күйеуін бірдеңеге жұмсап жіберіп, енді Айғаным бұрынғы жігіттерімен қыдыра бастады. Қой деп жатқан шеше жоқ, әкені болса да тыңдамайды. Бір екі рет ескерту жасап ем, өзіме тап берді. Құрысын дедім. Баста тәрбие көріп жарытпаған ол өзгенің ақылын қайтсін? Баласы дұрыстап ембеген соң, уызға жарымаған соң, жылай береді. Оның сүтін ысытып, жаялығын жуып бөлеу менің мойнымда. Ақыры үйдің артында біреумен өліп өшіп сүйісіп тұрғанын көрген күйеуі үстінен түскен ғой. Момын деп жүрген күйеубаламыз айқай шығарды. Ашынып кетсе керек. Шапшып қарсы шыққан енеме бар запыранын ақтарды да, есікті тарс жауып шығып кетті. Содан қайтып табалдырықтан аттаған жоқ. Қатты көңілі қалса керек. Онсыз да күмәнмен үйленген соң қайтып оралуды артық санаса керек. Оған Айғаным қайғыра қойған жоқ. Енем болса «көресің әлі менің қызым үйленбеген жігітке тиеді» деп қызына көпшік қойды. Әкеден де, шешеден де тыю көрмеген қызымыз тіптен бетімен кетті. Баласы бір жас қа толар толмас тағы да күйеуге тиді. Баланың шешесі «байдан қайтқан албастыны алмайсың» деп қарсы болған екен, бала тыңдамай тас табандап тұрып алыпты. Қойшы әйтеуір құтылатын болдық қой деп мен жүрмін. Мұның да арты қайырлы болмады. Өзінің келін болғанымен жұмысы жоқ Айғаным ол жақта да тыныш жүрмесе керек. Бұрынғы жігіттерімен әр сәт сайын сөйлесе берсе керек. Арасында қалаға барам деп алдап кетіп те жүріпті. Ақыры күйеуі оның жүріскерлігін қоймайтынын білген соң үйге өзі әкеп тастады. Айтпаған сөзін айтып, қарғап та кетті. Бірақ оған қылы қисайған бір жан жоқ мұнда. Тіпті ұят болды ау деп отырған бірі жоқ. Енем бәз баяғы шапылдаған күйінше шығарып салды. Әркімге бір жексұрын болғанша қызын тыймай ма деймін мен... Әй бірақ?.. Қойшы сонымен бүкіл ауылға аты жайылған қызымыз енді ауылдағы еріккен еркектің ермегіне айналды. Күнде кешкісін үйіміздің айналасы ысқырықтан арылмайды. Одан қалса телефонына звандап алып кетеді. Жігіттерді қойып енді отбасылы еркектерге де кетәрі демейтін болғаны қызымыз мүлде құтырып кетті. Енем де шаршаса керек, астыртын біреулер арқылы тағы да қашырды қызды. Бұл жолы көп асқанға бір тосқан дегендей екі әйел жіберген ұрдажық біреуге жолығыпты. Бұрынғы кәсібін істемей қояма қызымыз қиқаңдаса бітті сойып салып, тепкілеп тастайды екен. Оған қызымыз шыдамай қашып келді. Баласы өсіп мектепке барды. Онымен мүлде ісі жоқ.Бұрын қызына шаң жуытпайтын енеміз енді шаршады. Әбден бетімен кеткен ол енемнің айтқанын құлағына да қыстырмайтын болған. Жолдасым бірдеңе десе бітті енем қызын қолпаштап шыға келеді. Үйде отырыңқырап біраз іші пысқан қызымыз «охотаға» қайта шықты. Отбасылы бір еркектің басын айналдырған ба бір күні бір әйел үйге келіп топалаң шығарды. Есейіп қалған ұлы бар екен, далаға шығарып алып қызымызды итше тепкіледі. Енді оның бетін көрмейм ін деген қызымыздың сөзін алып, қарғысты үйіп төгіп олар кетті... жылдар жылжып өтіп жатты. Бұрынғыдай емес бетінен әрі тайған қызымызға енді қырма сақалдар қырындай бастады. Желігі басылмаған бейбақ тағы да біреудің етегінен ұстаған. Осымен тоқтаған шығар дескенбіз. Жоқ. Одан да қайтып келді. Қойшы сонымен не керек, жәй жүргенін қоспағанда босаға аттағанын есептесем Айғаным оныншы күйеуінен қайтып келіпті ғой. Әлі де күйеуге тиетін ойы бар. Намысым келеді. Осындай қайынсіңлім болғанына. Бірақ енем соны намыс көрмей отырғанда маған не керек деп қоямын. Ақырын берсін әйтеуір. Қыз баланың оңды солды жүріске салынуы ұяда тәрбие көрмегендігінен екен-ау деп қоямын кейде. Әкенің сұсын, шешенің тыюын көрмеген қыз ойына келгенін істемегенде не қылсын енді?

Жанат, Қарағанды

Сырласу журналы

Кеш оянған махаббат
Алтын ұрлаймын деп онкологиялық ауруға шалдыққан жігіт өксіп кешірім сұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу