Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
«Құрметті ERNUR.KZ редакциясы! Менің хатымды анонимді түрде жарияласаңыздар деймін, себебі жазбамды ағам мен жеңгем оқыса үлкен жанжал тууы мүмкін. Мен тек көпшіліктің ой-пікірін біліп, ақыл-кеңес алсам деп едім». Редакцияның уатсап нөміріне келген хат осылай басталыпты. Оң босағада отырып қалған қыздың жалғыз ағасы мен жеңгесіне ренжулі екен, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
«Ішім боп-бос, жылайын десем көзімнен жас шықпайды, айқайлап, эмоциямды да шығарып алуға шамам келер емес. Біртүрлі сезімдемін. Мен ең жақын адамдарымнан қолдау, жылулық күткен қыз едім. Ал олар менен құтылғанша асық.
Бәрін басынан бастайын. Жасым 28-де. Үш ағайындымыз, алдымда ағам, сосын сіңлім бар. Мен бастауышта оқып жүргенде мамам қайтыс болған, мектеп бітіретін жылы папамнан айырылып қалдық. Содан бері үшеуміз бір-бірімізге тіреу, сүйеу боп күн кештік.
Алты жыл бұрын ағам үйленді. Ал екі жыл бұрын сіңлім күйеуге шықты. Қазір өзінің тәп-тәтті баласы бар. Қазір елдің өсегі мен болдым. Еріккеннің бәрі көрген жерде «няғып жүрсің, қашан кетесің», «жолыңды аштырып жіберсейші», «байғұс-ау, жігіт жоқ па» деп түртпектейтін болды. Соның кесірінен қазір көшеге шығудан қалдым.
Оң босағада отырып қалғаным мені қатты күйзелтіп жатыр. «Үйленем, сені сүйем» деп нақты қадам жасайтындай жігіт те жоқ екен. Жігіт қайдан болсын, колледжді бітіргелі үйдемін. Мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Дипломды алған жылы ағам үйленді де, «жеңгеңе серік бола тұр» деп отырғызып қойды.
Біраз уақыттан кейін оның токсикозы басталып, үйдің бар шаруасы қайтадан өз мойныма артылды. Айы-күні жетіп, жеңгем бөпелі болып, енді қолым босайтын шығар дегенде «балаға қарасатын адам керек, операциядан кейін денсаулығым дұрыс болмай қалды» деп жеңгем жібермей қойды.
Содан бері үйдемін. Екі бауырымды шомылдырып, киіндіріп бақшаларына апарам, одан келіп үйдің тірлігін істейм. Ағам мен жеңгем жұмыста. Дайын тамақ, таза үй, бағулы бала. Жандары тыныш. Соған қарамастан мені масыл көріп, ара-тұра сөйлеп қалады.
Бір жолы ағам ішіп келіп, «Сен қыз осылай жүре бересің бе, кетсей байға! Неғылған адамсың, кімге тартқан былжырақсың» деп сөйлеп тастады. Алдын үйге азық-түлік әкеліп, онысы тез таусылып қалса «кішкене үнемдесеңдерші, жандарың қиналып таппағасын бәрібір екен» деп сөйлейтін. Кейде әңгіме арасында «ақша табу оңай дейсің бе» деп айтатын. Мына соңғы сөзі жүрекке найзадай қадалды ғой. Сол жолы мамам мен папамды шынымен іздеп, сағынып, қатты жылады.
Әңгіменің бәрін сіңліме айтып едім. Ашуланып кетті. Ол мен сияқты емес, айтатын жерде айтып, сөйлейтін жерде сөйлеп алады. Бет-жүзің бар демейді. Бұл жолы да сөйтті. Дереу үйге келіп, «әпкемді неге жылатасыңдар, осының арқасында жағаларың жайлауда боп жүргендеріңді ұмыттыңдар ма» деп айтып тастады. «Қызды жылатсаңдар оңбайсыңдар, Құдайдан қорықсаңдаршы» деп ескертіп кетті. Бірақ ол кеткесін жеңгем тырысып-бүрісіп, мен істеген тамақты ішпей, өзінше боп қалды. Қазір менің бетіме қарап сөйлемейді. Айтатының бәрін баласынан айтып жібереді. Ағам да солай. Кешке кеш келеді, таңертең бетіме қарамай, сөйлемеген күйі шығып кетеді.
Бір жолы Қызылордадан группалас құрбым келіп, кафеге барғанбыз. Онда да құрбымды күтетін ақшам жоқ, сіңлімнен қарыз сұрадым. Құрбыма дым білдірместен кафеге барып, әңгіме-дүкен құрып, кеш батқанша отырдық. Балаларды бақшадан алатын уақыт келсе де отыра бердім. Ішімнен «менсіз күндерін көрсін» деп ойладым. Бақшадан алатын адам табылмағасын тәрбиешілер жеңгеме қоңырау шалған. Ол бірден маған телефон соқты. Тұтқаны көтермей қойдым. Ағам да «қайдасың, хабарыңды айт» деп жазып жіберіпті. Жауап бермедім. Қараңғы түскенде үйге жетіп, есіктен кіре бергенім сол еді, «қайда жүр екен, түннің жарымы боп қалды» деген ағамның даусын естідім. «Қайда жүрер дейсің, байға тиіп кеткен шығар. Бірақ оны кім алар дейсің, не рыба, не мясо ғой» деп жеңгем тақылдап отыр. Менің сөзімді сөйлейтін шығар деп ағамның реакциясын бақсам, ләм-мим демейді. Сол күннен бастап өз өмірімді қолға алдым. «Балаларыңды өздерің алыңдар, мен жұмысқа тұрдым» деп шорт кестім.
Қазір үйден жұмысқа баратын адам сияқты шығып кетем, бірақ әлі тапқам жоқ. Кешке жұмыстан келген адамдай кіріп барам. Өтірігім үшін ұяттан өртеніп барам. Бірақ баяғыдай жеңгемнің құлы боп жүре беруге көкірегім жіберер емес.
«Жұмыс тапсаң бөлек пәтерге шығатын шығарсың?» деп жеңгем шай үстінде бір әңгіме бастады. «Бұйыртса шығам» дедім намысқа тырысып. Бірақ қайда барып күн көрерім белгісіз. Мына тозақтан шығатын жол бар ма? Жақсы жігіт кездессе махабатқа да, басқаға да қарамай тие салар едім...»