Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Мен сүт кенженің сүйіктісі болып, қара шаңыраққа келін боп түстім. Жөн-жосықты білетін, қазақы әдеп пен әдетке бас ұратын ауыл қызы болған соң бұдан қандай да бір қиыншылықты көрмедім. Оның ата-анасын өзімнің ата-анамдай көріп, үлгілі отбасы боламыз деп ойладым. Бірақ жылдар өткен сайын біздің отбасымыздағы жағдай ушығып, менің төзімім де таусылар шаққа жақындап қалған секілді...
Мен келін боп түскенде көңілім кіршіксіз аппақ, тап-таза еді. Қазір ол әбден бұлғанып бітті. Қайын енем мен қайын атамның қылықтары жаныма аяздай батады, бәрінен бұрын балаларым үшін алаңмын. Әрине, ажырасу туралы ойламаймын. Өйткені жан жолдасымда кінәрат жоқ. Ол да осыған дейін мен секілді жапа шегіп келген жан, енді екеу болдық, балаларымызды қоссақ, төртеуміз.
Қиын адам деген сөз бар емес пе? Бұл менің ата-енеме қатысты айтылған сөздің бірі болар еді. Енемнің мінезі тұйық, көп сөзі жоқ, бірақ ешқашан оған бірнәрсе жаққан емес, жылы қабақ танытқанын сирек кездестіресіз. Дегенмен бұған төзуге болады екен. Ал қайын атам керісінше сөзшең, бәлеқор, үнемі тырнақ астынан кір іздеп, шұқыланып, жан-жағын жайпап отырады. Кейде уақыт өткен сайын, жылға жыл қосылған сайын үлкен адамға парасат келетін шығар деп ойлайтынмын. Бірақ менің жайымда барлығы керісінше боп тұр.
Ата-енем – екеуі де зейнет жасындағы адамдар. Зейнетақысын олар жинап, қаладағы баласына жібереді. Мен олардан ақша сұраған да емеспін. Өйткені екеуміз де табыс табамыз. Бірақ ол күнделікті қажеттілікті толықтай өтеуге жеткіліксіз. Тамақтан бастап киім-кешекке дейін шектеп аламыз. Балаларға, әрине дәмдірегін алуға тырысамыз (екеуінің де гемоглобині төмен). Балық, бал сынды дәруменге бай тамақтарды кейде тығып та қоямын. Бірақ сол тығып қойған жерінен оны алып шығып ата-енем жеп отырады. Оны балаларға алып едім деп айта алмайсыз. Ал өздері біліп зейнетақысына үйге, ең құрымағанда, өздері үшін де тамақ алмайды.
Енем кейде құрбыларына: «Мен тамақ істеуді ұмытқалы қашан» деп сылқ-сылқ күліп, қалжыңдайды. Мұнысы рас енді. Үй тазалығанан бастап тамақ пісіруге дейінгі қызмет менің мойнымда. Енемнің барлық көмегі – мен жұмысқа кеткенде балаларға үйде ие боп қалады. Алайда енемнің сериалдары басталғанда немерелеріне деген махаббаты жойылып кетеді. Барлығын шықпыртып бөлмесінен қуып, есігін жауып алып, мәз-майрам сериалға көшеді.
Бәрінен қиыны, өзінің ақшаларын ұстамағаны былай тұрсын, біздің тапқан таянған табысты басқарғысы келеді. Үйге бірнәрсе сатып алған күні ата-енем бырысып-тырысып қалады, кейде бір аптаға созылатын «концерттері» басталады (жөн-жосықсыз ұрыс шығара береді, бірақ себебі олардың жоспарында жоқ, жаратпаған дүниені алып қойғанын іштей біліп жүреміз). Ал бірнәсені алайық деп жүрміз десек, «оны неқыласыңдар боқ дүниені жинап» деп баж-баж ете түседі. Сондықтан солардың қас-қабағына қарап дүние алуға онша ұмтылмаймыз. Бірақ құрбы-құрдастың үйлеріне қонаққа барғанда жаңа дүниелерін көріп, жүрегіміз ауырып қалатыны рас. Ал біздің үйдегі заттар жұпыны, совет заманынан қалған – қоқыр-соқыр бірдеме.
Қайынатамның ұрттап алатын әдеті бар. Ішкендегі концерті жүйке жұқартар бір бөлек әңгіме. Ұят мүлде ұмыт қалатын бұл жайтты сөз етудің де қажеті жоқ шығар. Сондықтан ол кісіге балаларды табыстай алмаймын, кейде енемнің сериалы жүріп жатады. Мұндайда өз әке-шешемнің біреуін көмекке шақырамын. Жұмыстан келсем олар да ренжіп кетеді. Ана бырысқан-тырысқан ата-енеңнің түрін көргіміз келмейді, келесі жолы балаларды үйге әкеп тастап кет дейді. Ата-енем де «құда-құдағи неге келгіштеп жүр» деп шұқыланады мұндайда. Ал жолдасым балаларды сыртқа шығартпайды.
Міне, осындай ақымақ қылықтарынан шаршағаным соншалықты қазір екеуінің де түрін көргім келмейді. Әсіресе, көкезу қайынатам үстел басына отырғанда ішкеніңді желкеннен бір-ақ шығарады. Аузына салған тамағын шайнар-шайнамастан бітпейтін бір әңгімені бастап алады (осынша көп сөйлейтін ер адам жоқ шығар бұ дүниеде), тамақтың жартысы үстелге шашылады, ақыры қақалып-шашалып, оны міндетті түрде біреуден көреді, көбіне менен, өйткені жаратпай қарап отыратынымды білетін болуы керек. Енемнің қасықты пайдаланбайтын әдеті бар. Нанды шайға қолымен малып, оның суын ағызып жейді, өйткені тісі жоқ. Балалардан бетер нас боп кетеді. Үлкен адамдарға ескерту жасай алмайсың, әрине. Сондықтан соңғы кездері олардан бөлек тамақтанатын әдет шығардым.
Үйге кіріп-шығып жүретін көршілер бұл қылығымды сыпсың сөзге айналдырып, мені сыртынан өсектейтін болыпты. Бірақ ол өсекке мән беретін менде хал де жоқ...
Қысқаша қайырғанда, үнемі жұлмалап, түртпектеп, әңгіме шығарып отыратын үйде қандай жарық сәуле болсын дейсіз, менің отбасым осындай түнерген бір әлем ішіне қамалып қалған секілді. Төбеден басқан түнекті серпілтіп, бір сейілткің-ақ келеді. Ол үшін не істемедім?.. 8-наурызда енеме сыйлық аламын, бірақ оны ол жаратпай, ернін бір сылп еткізіп лақтырып тастайды. Шаршадым.