Бұл өмірде әйелінен басқа ешкімге керек емес екенін түсінген еркек

Oinet.kz 22-05-2023 2419

Саша есікті тарс жауып, үйден атып шықты. Вероникамен ұрсуы бір бұл емес. Ертең тұра өкінерліктей артық сөз айтып қоймау үшін сыртқа шығып, сергіп келгісі келді.

Screenshot_29.jpg

Тырс еткен пендесі жоқ тар көшеде ұзақ жүрді. Вероникамен алғаш танысқан сәттерін еске түсірді. Ол кезде әйелі көктен түскен періште сияқты көрінетін. Верониканың көгілдір тұнық көздерін бір көргеннен ғашық болды. Мазасы кетті. Бағына қарай қыз оның сүйіспеншілігін қабыл алды. Аз күнде үйленді. Өмір-бақи сезімге бөленіп, осылай тату-тәтті өмір сүреміз деп армандаған...

«Бізге не болды?» деп сұрады өзінен Саша. «Сол ғаламат сезімнің бәрі қайда кетті?»

- Не дейсіз? - деген ер адамның ту сыртынан айтылған сөзіне елең етті.

Артына қараған Саша осы аумақты мекендейтін бомжды байқады. Дүкеннің алдынан бұл кісіні жиі көретін. Ол ешқашан қайыр тілемейтін. Әншейін жүргіншілерге қарап отыратын...

- Бұл өмірде махаббат та, бақыт та жоқ деймін! - деп гүр етті Саша.

- Қателесесіз, жас жігіт, - деді бомж. - Бақыт өз ішімізде, етене жақындарымыздың ортасында, армандарымызда. Тек сол бақытты елдің бәрі дұрыс қолдана алмайтыны жаман...

- Рас па? – деп миығынан күлді Саша. – Сондай ақылды болсаңыз, неге алдағы сәкіде жалғыз отырсыз? Бақытыңызға бөленбедіңіз бе?

- Мен бақытқа бөленіп отырмын, - деп жымиды ақсақал. - Тірімін, құлағым естиді, көзім көреді, өзім жүре аламын... Өкінішке орай, елдің бәрінде мұндай бақыт бола бермейді. Мен өте бақыттымын! Арманың бар ма?

- Бар! Ешқашан әйеліммен ұрыспасам екен, - деп бұрқ етті Саша.

- Онда неге ұрсасың? Үйге бар да, кешірім сұра, - деп ақсақал кеңес берді.

- Мен бе?! Ол өзі кінәлі! - деп ашуланды жігіт.

- Иә. Сен! Сен ғой бақытты болсам, арманымды орындасам деген. Менің айтқанымды істесең, ешқашан өкінбейсің. Өзің жақсы көрген адамдарыңа ұсақ-түйекке бола кек сақтама. Өмір тым қысқа. Өміріңнің ең тамаша кезеңін ұрыс-керіспен өткізгеніңе өкінетін күн туады...

- Ал сіздің арманыңыз бар ма? - Неге екенін, Саша осылай сұрады. Ақсақалдың дегдар болмысын сезіне бастады. Айтып отырған сөздері кір-қожалақ бомжға лайық еместей көрінді.

- Иә, - деді бәсең дауыспен ақсақал, көзінің жасын ірке. - Жаңа жылды әйеліммен бірге, теледидардың алдында қарсы алғым келеді. Бірақ менің арманым орындалмайды...

- Неге? Әйеліңіз қайтыс болып кетті ме?

- Ангелинам тірі. Бірақ өте алыста. Екеуміз далада қалған күні төсек тартып жатып қалды. Оңалтудан соң оны мүгедектер үйіне жіберді. Оған да шүкір...

- Ал сіз ше? Сізді неге ешқайда орналастырмаған? - деп таң қалды Саша.

- Мені кім керек қылсын? - деп күрсінді ақсақал. - Ең бастысы, Ангелинам далада қалмады, жылы төсекте жатыр. Екеуміз қайта көріспейтініміз өзекті өртегені болмаса... Осыған да шүкір...

- Қаншалықты алыста? - деп сұрады Саша.

- Қатты алыс емес... Бірақ мына түріммен оның көзіне түскім келмейді. Мына қаңғыбас түрімді көрсе, ол шынымен өліп қалар деп қорқамын... Ақылымды алсаң, балам, үйге барып, әйеліңмен татулас. Алтын уақытты текке өлтірме...

- Рақмет..., - деп сыбырлады да жігіт, үйін бетке алды.

Вероника ұйықтамапты. Терезеден күйеуінің қайтып келе жатқанын бағып тұр. Саша үйге кірді. Бірақ жарықты қоспады.

- Кешірші, - деді келіншегін құшақтап тұрып.

- Сен де мені кешірші, - деді де Вероника жылап қалды. - Сенсіз өмір бос. Бұдан былай ұрыспаймыз деп уәде берейікші.

- Мақұл! - деп жігіт жымиды.

Саша таңға дейін көз ілмеді. Ол бомж туралы ойлады. Қарт кісіге жаны ашыды. Қорғансыз жанның далада қалғаны көңіліне қаяу салды.

- Саша, пәтерімізді қимаймын. Мұнда ең тамаша сәттеріміз өтіп еді, - деді Вероника. - Кеше сатып алушылар хабарласты. Бүгін көруге келеді.

Саша жиырма жылға жапондық фирмамен келісім-шартқа отырған. Сол елге көшпекші. Жас отбасыны алда керемет жетістіктер күтіп тұр еді.

- Әзірге сатпай қоя тұралық, - деді жігіт сенімді түрде.

- Енді не істейміз? Пәтер бос қалады ғой? Пәтер жалдаушыларды кіргізу обал емес пе?

- Дұрыс! Жалға бермейміз. Мұнда жақсы кісілерді көшіріп әкелеміз, - деді қуанып кеткен Саша. Бір сәтке өзін бір адамның болсын арманын орындайтын сиқыршыдай сезініп кетті.

***

Саша дүкенге жақындап келеді. Сұқбаттасын көріп, көңілі жайланды.

- Қайырлы таң! - деп жымиды Саша.

- Қайырлы таң! - деп қуанды ақсақал. - Қал қалай?

- Тамаша! Кеше атыңызды сұрамаппын, кешіріңіз...

- Менің атым Юрий Андреевич. Юра десең болады..., - деп өзін түзеп қойды ақсақал.

- Юрий Андреевич! Сіздің арманыңыз орындалды. Бұл жаңа жылды әйеліңізбен теледидардың алдында қарсы аласыз, - деді Саша шын ықыласымен.

- Сонда қалай? - деді естіген жаңалықтан қолы дірілдеп кеткен ақсақал.

- Менімен бірге жүріңіз! Қазір көрсетем...

Саша ақсақалды үйге кіргізді. Ол жан-жағына түк түсінбей қарады.

- Мұнда неге келдік? - деп сұрадыЮрий Андреевич.

- Сізге үлкен өтінішім бар! Келіншегім екеуміз шетелге көшіп жатырмыз. Пәтерімізді сатқымыз келмейді. Біздің пәтерімізді қарап беруге келіссеңіз, жақсы болар еді. Маған көмектесе аласыз ба? - деп сұрады Саша.

- Әлбетте. Көмектесемін, - деген ақсақал жігітке абыржыңқырап қарады.

- Мен заттарымды алып кеттім, мұнда тек қажет еместерін қалдырдым. Сізге мынау костюм керек боп қалар?

Ақсақал диван үстінде жатқан әдемі костюмға қарап, басын шайқады.

- Мен оны қайтпекпін? - деп таң қалды ақсақал.

- Қалай қайтпексіз? Ангелинаңызды үйге алып келу үшін алдағы тозған киіммен бармайтын шығарсыз?

- Рақмет, балам! - Ақсақал дірілдеген еріндеріне тамған көз жасын жеңімен сүртіп жатып. - Рақмет...

- Өзіңіз бара аласыз ба? Әлде мен көмектесейін бе? Бірге барсам қайтеді? Әлі біраз уақытым бар...

- Жоқ, өзім бара аламын. Мен оған жаяу баруға әзірмін. Сен маған қандай бақыт сыйлағаныңды білсең... Жаратқан өзіңді де, отбасыңды да сақтасын... Сен үшін өле-өлгенше дұғада боламын...

- Жаяу барудың қажеті жоқ, - деп жымиды Саша. - Үстелдің суырмасында ақша бар. Алғашқы кезге жетер. Сосын өзім көмектесіп тұрармын. Сәттілік тілеймін, Юрий Андреевич. Мені құтқарғаныңыз үшін мың алғыс.

Саша пәтерден шыға салып, әуежайға жетті. Жаны жай тауып, керемет күй кешіп келе жатты. Мұқтаж жанға көмектескені үшін үлкен қуанышты сезінді. Бұл дегеніңіз жер беті бір адамгершілік әрекетке толысты деген сөз.

Милана Лебедьева

Аударған Шынар Әбілда

Қызымды қайын әпкемнен қызғанам
Түгі жоқ кедей күйеуін бай қылған ақылды әйел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу