Күйеуімді көрсетпеген дәрігер, балгер қалмады. Нәтиже жоқ. Ажырассам ба екен?

Oinet.kz 12-05-2023 5177

Алматыдағы “Северное кольцо” жақтағы трассада такси ұстап тұрғанмын. Қапшағайға сол жерден кеткен ыңғайлы. Бір көлік келіп тоқтады.

Күйеуіммен осылай танысқан едім. Одан кейінгісі ертегідегідей. Күн сайын телефонға хабарламалар, гүл сыйлау, жұмыстан күтіп алу, кино, махаббат… Үш айдан соң үйлендік. Бір қызымыз бар.

Screenshot_3.jpg

Оның негізгі жұмысы да бар, қала сыртында қосымша мал шаруашылығымен де айналысады. Жағдайымыз жаман емес еді. Осылайша ойнап-күліп 3 жыл өтті.

Күйеуімнің табысы азая бастады. Кейіннен ақша мүлдем бермейтін болды, мінезі де шарт-шұрт болды. Үйге келеді де, жатып ұйықтайды. Не дұрыс тамақ ішпейді. Бірде менің телефоныма бір кісі хабарласып, “Серік маған қарыз, екі ай бұрын қайтарам деген”,- деп ақшасын сұрады. Өзімнің бар ақшамды бердім. Бірақ ондай қоңыраулар көбейе бастады. Анаған он мың, мынаған қырық мың беремін деп, үйде ақша тұрмайтын болды. Серік малының бәрін сатып тауысыпты. Менің астымдағы көлікті де сатып жібергенін білдім. Бір апта бұрын жөндетемін деп әкеткен, содан бері “СТО-да” деген болатын.

Серікпен сөйлестім ақыры. Соңғы жарты жыл бойы казинода ойнайды екен.

Мен ашуланып, соңында жылап-сықтап, әйтеуір Серік әбден жалынып, ойнамаймын деп ант-су ішті.

Бірақ уәдесінде тұра алмады. Құмар ойын ақыры оның түбіне жетті. Бір күні басымыздағы баспанамызды тіккен екен.

Екі ай болды пәтер жалдап тұрамыз. Екі көлігіміз, пәтеріміз, мал-жайымыз бәрі кетті, тып-типыл, жұрдаймыз. Басына салғанға адам көндігеді. Бұл жағдайға да үйрендік. Әйтеуір менің жұмысым бар.

Серікте талма ауру пайда болды. Қатты күйзелістен, жүйкесі сыр бергеннен адамның сырқаттары асқынады, дейді дәрігерлер. Жүре пайда болған эпилепсия деген диагноз қойылды. Басында аптасына бір құлайтын.

Отырып-отырып “мен кеттім” деп айтып үлгереді де, жалп етіп, аяқ-қолы тартылып қалады.

Сүйген адамыңның, тірегің мен қамқоршың болған ер-азаматтың көз алдыңда осылайша дәрменсіз күйде жатқаны жаныма қатты бататын. Талмасы аяқталғанша жылап, не істерімді білмей дал болатынмын.

Апармаған дәрігер, бармаған емші қалмады. Дәрінің күшімен талмасы айына бір-екі рет қана болатын болды. Бірақ ол жұмысқа орналаспады. Көлік болмаса, жұмыс істемеймін, таксоват етемін деп шықты. Үйде жатып, тұрған ұсақ-түйек ақшаларды ұрлайтын болды.

Бір сөзбен айтқанда құмар ойынын тастай алмады, ойын автоматтарына барады.

Осындай ырың-жырыңмен екі жыл өтті.

“Қоямын, енді ойнамаймын”, деп уәдесін айтса, күлкім келеді, шынын айтқанда.

Оның әркімге бір қарызын жауып, елден сөз естіп, өзімнің де жүйкемнен жүйке қалмады.

Анам да маған жаны ашып “екі жыл құтқаруға тырыстың, көмектескің келді, енді өзіңе қарасаңшы, әбден бақытсыз қылды сені, балаға обал, таста оны”, — деп шарт қойды.

Ойлана келе, жұмысым Алматыда болғандықтан пәтерді қаладан бірақ жалдадым. Қазір анаммен және қызыммен тұрамын. Анам да оған қайтып барсаң кешірмеймін дейді.

Кеңес беріңіздерші не істесем болады?

Қызымның өліміне менің ақымақтығым кінәлі
Қайынсіңлім ертерек байға тиіп, үйімізден аулақ кетсе деп жүрмін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу