Сыныпта он бесіміз бірдей ғашық болған сұлу қыз сотталып кетіпті...

Oinet.kz 08-04-2023 20535

Біз осыдан жиырма жылдай бұрын Қазалының бір мектебінде оқыған қара сирақтар едік. О кезде экологиялық апат аймағы деген әңгіме жоқ. Бірақ алапат ыстық күнде бұрқыраған қара жел жаз болса денені күйдіріп жіберетін. Бүкіл ауылда осыншама ыстыққа денесі күймейтін бір-ақ жан болды. Ол бізбен бірге оқитын Назира еді.

Screenshot_5.jpg

Бұл жаратылыс дегенді қойсаңшы, біреуге келгенде тарыла қалып, қысық көз, таңқы танау етіп жарата салады. Ал екінші біреуге келгенде соншама жомарт, ай десе аузы, күн десе көзі дегендей, барын аямайды. Назирадан да табиғат ештеңесін аяп қалмаған еді. Бота көз, жәудір жанар, ақша маңдай, тоқпақтай ұзын бұрым, тастан қашап жасағандай оқтаудай түп-түзу аппақ балтыр, жаңа-жаңа іштен теуіп шығып келе жатқан қос алма-қысқасы, жас бойжеткеннің сұлулығын айтуға тіл жетпейтін. Қасынан өтіп бара жатқанда атты кісі атынан түсіп, жаяу кісі жатып қарамай өте алмайтын.

Жасырып не керек, бірге оқитын он бірінші кластағы он бес бозбала түгелдей оған ғашық едік. Тек бір айырмашылығы, әрқайсымыз әртүрлі ғашық болдық. Мен байғұс еш дәмем болмаса да жүрекке әмір жүрмейді ғой, өзімше ғашық болдым. Күні-түні оның сұлу бейнесі көз алдымнан кетпейді. Ұйықтасам түсімде, оянсам өңімде көрем. Қасына барғым, қолынан ұстағым, шашынан сипағым, тіпті...ернінен сүйіп алғым келетін. Бірақ шашы тікірейген, беті безеу-безеу мені Назира қайтсын, қарамас деп ойлаймын. Бар әлімнің келетіні бұрқыратып өлең жазамын. Бәрі махаббат туралы, Назираға арналған. Кейде оларды оқып отырып көзіме жас алам. Жүрегім қан жылап қоя береді. Дүниеде өзіңнен-өзің қорланғаннан қиын ештеңе жоқ екен. Назира болса біздің бірде-бірімізге қарамады. Жігерімізді құм қылып, тәкаппар басып жүре берді.

Сөйтіп жүргенде мектеп бітірер күн де келіп қалды. Әрқайсымыздың бойымызда сан қилы арман бар. Біраз жастардың комсомол-жастар бригадасында қалғысы келді. Мен болсам Алматыға барып болашақта журналистік мамандық алсам деймін. Ал Назираның театр институтына барғысы келетінін бұрыннан білетінбіз. Несі бар, дайын тұрған ертіс қой деп ойлайтынбыз. Мектеп бітіру кешіне дер кезінде жиналдық. Ұстаздарымыз да, біз де қатты толқу үстіндеміз. Соның арасынша кең залға Анар мен Назира келіп кірді.

Қастарында бұйра шашты, аққұба, ашаң денелі жас жігіт бар. Бақсақ, Анардың анасының астанада тұратын апасының баласы екен. Театр студиясында оқитын болып шықты. "Іздегенге сұраған" дегендей, бұдан кейін Назираның Русланның қасынан неге шықпай қалғаны түсінікті болар. Билесе де, ән салса да қасында сол. Біз Назираны одан қатты қызғандық. Тіпті біразымыз жиналып ұрмақ та болдық. Тек Назирадан қаймықтық. Сірә, көзсіз махаббат осы болар. Мейлі, бізге бұйырмаса да бақытты болсыншы дедік.

Көп ұзамай мектеп бітірген жиырма үшіміз жылы жаққа қайтқан құстардай жан-жаққа пышырадықта кеттік. Мен сол жылы оқуға түсе алмай, күзде әскер қатарына аттандым. Екі жылым Киевте өтті. Одан келісімен ару Алматыға келіп, журналистік оқуға түстім.

Сөйтіп, арада үш жыл өткенде ғана елге оралдым. Бірге оқыған қыз-жігіттердің біразы ауылда екен. Тез досым Мұратқа бардым. Оның шофер екенін қарындасымнан естігенмін. Қуана кездестік. Алдымызға бір шиша "Экстраны" алып әңгімелесіп отырмыз. Кім қайда, не істеп жүр дегендей әңгіме. Бәрін білгім келеді. Кенет әңгіме баяғы біз сүйген сұлу қыз - Назираға ауысты. Осы жерде Мұрат қатты күрсініп қалғанын өзі де сезбеді-ау деймін. Біраздан соң ғана жай дауыспен "Ол...сотталып кеткен",- деді. Мен өз құлағыма өзім сенбедім. Аспан төңкеріліп жерге түскендей болды. "Неге, не үшін?" -дедім ышқынып. Мұратқа қарасам оның да түсі сұп-сұр болып кеткен екен. Жалын ата ауыр күрсінді. Сосын жайлап әңгімесін бастады.

- Өзің білесің, баяғы мектеп бітіру кешінде Алматыдан Руслан деген бұйра бас жігіт келіп еді. Театр студиясында оқитын деген. Назира сонымен байланысты. Алматыға бірге кетті. Бірақ оқуға түсе алмапты. Сонда сол алаяқпен жүріп екіқабат болып қалыпты. Барар жер, басар тауы қалмаған байғұс қыз ауылға келе жатып жолда босанып, сәбиін поездың әжетханасына салып жіберіпті. Сәби шетінеп кеткен. Сол іс бойынша үш жарым жылға сотталып кетті. Келесі жылы келіп қалар...

Мен мына хабарға сенер-сенбесімді білмедім. Үстіме мұздай су құйып жібергендей мәңгіріп отырып қалдым. Сұмдық-ай, Назира түрмеде дегенге қалай сенейін. Бірақ өкінішке орай, бұл шындық болып шықты. Бұдан кейін көңілім құлазыған мен ауылдан тезірек кетіп қалдым.

Арада біраз жыл өтті. ҚазГУ-ді бітіріп журналист мамандығын алдық. "Журналисті асырайтын қолы мен аяғы" деп бір профессор ұстазымыз жиі айтатындай, көбіне іс-сапарда жүреміз.

Бірде Қызылорда облысына жол түсті. Аралға бардық. Автостанцияда билет кезегінде тұрғанбыз. Кенет иығымнан біреу түрткендей болды. Жалт қарасам қарсы алдымда Назира тұр. Шынын айтқанда бұл оның тек сұлбасы ғана еді. Тістері түскен, шашы ағарған, бойы еңкіш тартқан, жүзі әжім-әжім тек соған ұқсас біреу. Кетік тісінің арасынан тілі жылтыңдап тұрып: "Маған Қазалыға бір билет ала шығыңызшы" деді. Аузынан арзан виноның исі бұрқ ете түсті. Мені танымады. Қолына билет тиген бойда бүкшеңдеп жөніне кетті.

Ауыр ойлардан миым шағылып мен сол жерде ұзақ отырдым. Тағдыр деген қандай алдамшы еді! Он бес жыл бұрын осы Назира қандай еді, шіркін! Сол кезде тура он бес жылдан кейін сен осындай мүсәпір боласың десе ол сенер ме еді? Сенбес еді.

Содан арада бес-алты жыл өткенде Назираның жынданып, ақыры ауруханада қайтыс болғанын ауылға бір барғанда Мұраттан естідім. Баяғыдағы Назираға арнаған өлеңдерімді тауып алып, түгел жырттым. Содан кейін өлең жазған жоқ едім.

Ақыры осы оқиға іште шемен болып қалып қойған-тын. Жақында қанша қиналсам да бар күшімді салып осы жөнінде жазып шықтым. Өткен өмір ғой, бәлки бұл біреулерге сабақ болар деп ойладым.

Жолдығали Бақыт

"Сәбиін өлтірген сұлу"

alashainasy.kz

Ажырасқан келіншектер бәле болды
Нағашымның қатігездігінің арқасында шешем аман қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу