Күйеуімнің өліміне мен кінәлімін бе?

Oinet.kz 15-05-2023 5119

Мен Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласының тұрғынмын. Негізгі Зайсанның тумасымын. Семейге күйеуім жұмыс істегісі келіп осыдан алты жыл бұрын көшіп келген едік. Мамандығым мұғалім. Күйеуім келісімшарт бойынша әскери қызметкер болып жұмыс істеді. Екі қызым бар.

Screenshot_17.jpg

Осыдан бір жыл бұрын бізде барлығы қалыпты еді. Күйеуім жұмысын істеп, мен өз тірлігімді жасап, екі қызымызды тәрбиелеп өмір сүріп жатқанбыз. Жасыратыны жоқ, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмады. Оның үстіне күйеуім әскерде қатардағы сарбаз. Алатын жалақысы бар демесең, оның қызметі тіпті ауыр еді. Күндіз-түні тыным таппай жұмыс істеді. Әскери полигондарға бірнеше аптаға баратын. Ал үйге келсе үнемі тыныштықты қалап, шаршағанын айтып селсоқ жүретін еді. Оның үнемі шаршап, жүйкесі жұқарып жүретінін мен «жұмысының ауырлығынан» деп ойладым.

Осылай демде бес жыл да өте шығыпты. Осы аралықта күйеуімнің бір қабағы ашылғанын көрмеппін. Тіпті оның тығырыққа тіреп жіберетін мінезінен өзім де әбден мезі болып, екі қызымның болашағына алаңдап, тіпті кейде әбден ашуға булыққанда «ажырасып кетсем бе екен» деп те ойланатынмын.

Осылай күндер өте берді. Бір аралықта күйеуім ауырып жүргенін айтты. Мен онша мән бермедім. Шындығында, «зіңгіттей азаматты ауырса мен қолынан жетектеп апарып дәрігерге көрсетпеймін ғой» деп ойладым.

Сөйтіп жүргенде былтыр жазда екі қызымды алып төркіндемекші болдым. Күйеуім әу бастан менің туыстарыммен онша араласа қоймаған еді. Мен үнемі төркініме тек өзім балаларымды алып баратынмын.

Былтырғы жазда да солай істедім. Екі қызымды алып ауылыма бардым. Анам мен әкемнің жиендерін еркелетіп, айналып толғанғанғанына көңілім толып, өзім де қаланың у-шуынан демалып бір аптадай жақсы болып қалған едім. Бір күні кешкісін ұялы телефоныма қайын апам қоңырау шалды. Бірден екі қызды сол жаққа тастап, үйге едел-жедел қайтуым керектігін айтты. Менің «не болып қалды» деген сауалыма, «күйеуің ауырып қалды» дегені. Ойымда түк жоқ, ертесіне екі қызымды шешеме аманаттап Семейге жолға шықтым.

Келсем, үйге енем келіпті. Қайын апам мен күйеуім диагностикалық тексеруден өтуге кеткен екен. Түс қайта қайын апам мен күйеуім келді. Күйеуім түгелдей дерлік ісіп кеткен. Диагностикалық орталық Семейдің онкологиялық институтына тексеруден өтуге кеңес беріпті.

Ертесіне таңертең қайын апам күйеуімді алып кетті. Міне, осы кезеңнен бастап қайын жұртым мені кінәлауды бастады дерсіздер. Күнделікті тексеруден өту, қаншама профессорлардың алдын тоздыру, сараптамалық-талдау, өзі ауырып жүрген адаммен мұның барлығын жасау бізге оңай болмады.

Ақыры «шақшадай басым шарадай» болған мені шаршатпайын деді ме, бір профессор «әуре болма, ем қонбайды, әрі кетсе екі жұма ғана ғұмыры қалды» деді. Әлгі жерде мен оның айтқандарын құлаққа ілмей «қалайда қиындықты жеңеміз» деп жүрмін ғой. Ақыры тамыр-таныс тауып қаладағы мықты емханалардың біріне жатқыздық. Бірақ ол емхананың бас дәрігері де бір жұмаға ғана жатқыза алатынын, бір жұмадан соң үйге шығып, біраз дем алып қайта келетінін айтты. Сөйтіп, күйеуім ол емханада тұп-тура бір жұма жатты. Біз сегізінші күні оны үйге шығарып алдық, міне, сол күні ол бақилық болды.

Күйеумнің жетісін бердік, қырқын бердік, енді міне жылын береміз. Екі қызыммен енемнің қолындамын. Бірақ осы бір жылдың ішінде қайын жұртым күйеуімнің өліміне нақты мені кінәлап отыр. «Әу баста қаратпағансың, адам деп санамағансың, ауырып жүргенін неге бізге айтпағансың, ұлымызды сен өлтірдің, қыршынан қидың» деп барлығы мені осылай тығырыққа тірейді. Тіпті күйеумнің жетісі өтпей жатып, енем «үйден кет, қараңды батыр» деді. Ол аралықта анам араласып «жылына дейін артын күтсін, одан соң алып кетерміз» деп бұлардың екпінін басты.

Бұрын күйеуім бар кезде де енем сөйлеп, тілімен шағып отыратын еді. Енді оның көзі кеткен соң тіптен «адам екенсің» демейтін болды. Ашықтан ашық «жылынан кейін көзімізге көрінбе» деп отыр. Тіпті «барар жер басар тауың жоқ па, неге кетіп қалмайсың өзің?! Бүтіндей бір азаматтың обалына қалып отырып қалай жер басып жүрсің» дейді. Бастапқыда «ұлынан айрылған соң күйзеліспен айтатын шығар» деуші едім. Ал қазір мұндай сөздерді енем кәдімгідей жаулықпен айтатын тәрізді.

Тіпті өткенде екі қызымды енеме тастап «бұл кісі қайтер екен» деп өзім екі сағатқа базарға шығып келгенмін. Келсем, үлкен қызымның шекесі көгеріпті. Не болғанын сұрасам «апам басымды қабырғаға соқты» дейді. «Әкелеріңді жалмаған сендердің маған керектерің не» деп айтты дейді. Міне, осы сөздерден соң еріксіз «Алаш айнасы» арқылы оқырманмен ой бөлісуді жөн көрдім. Енді маған қайтпек керек?! Қашанғы шыдауым керек?

Қыс бойы осындай сүйектен өтер сөздерді естіп келдім. Күйеуімнің жылына қарамай кетіп қалсам ел-жұртқа таба боламын ғой. Тіпті «мен кеткен қызбын ғой, осы жұрттың адамымын, осы ортаға сіңісіп кетуім керек. Күйеумнің отын өшірмей енеме қарайласып отырсам» деген ойымды енем неге түсінбейді? Қалай ойлайсыздар, құрметті оқырман, енем уақыт өте келе мені түсіне ме, әлде мен күйеуімнің жылынан соң өз төркініме қайтып баруым керек пе?

Дариға, Шығыс Қазақстан облысы

Alashainasy.kz

Анам өгей әкемді емес, мені кінәлады
Жездемнің мені әбден табалағанын көріп тұрып, түк демеген әпкеме өкпем қара қазандай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу