Ауылды ұстайтын апа елді таң қалдырды

Oinet.kz 25-04-2023 3842

Ауылды "ұстайтын" жігіттерді білесіз, ал ауылды "ұстайтын" кемпірді естіп пе едіңіз.

Screenshot_4.jpg

Біздің ауылды Женейдің апасы ұстайтын, ұстағанда да бүріп ұстайтын. Ол отырған жерден қыз-келіншектер айналып өтуге тырысатын.

Көйлегінің етегі төмен болып қалса, Женейдің апасы отырған жерге баспайтын. Ол кісі көп ішінде "Әй, пәленнің келіні" немесе "Әй, пәленнің қызы" өзіне қаратып алып айтып тастағанда қыз-келіншектердің бетінен оты шыққанын бала кезімізде талай көргенбіз. Тойда үй толы адамға тұрған бойда еңкейіп шай құйып жатқан келіншектің кеудесі ашылып қалғанда айтқаны ауыр енді..

"Әй, Байболдың қатыны! Жарқыратпай жап андағы емшегіңді! Еркек біткенді емізейін деп пе едің, ентелейсің ғой өзің" дегенде әлгі келіншек жылап отыра кеткен екен.

Мың болғыр біздің ауылдың келіндері-ай, ол кісіге біреуі сөз қайтармаған екен. Кейін естідім, ол кісі тіпті жүрісі жеңіл, қыз-қырқын, қарлық қылған қатын-қалаштың айыбын да аңдатып "Аяқтарыңды аңдап басыңдар тегінде" деп тектеу жасап отырады екен.

Сондықтан біздің ауыл ол кісіні "Сақшы кемпір" атап кеткен.

Көбі "Женейдің апасы" дейді. Сонымен не керек Женейдің апасы Қазақстанға көшіп келді. Талдықорғанның Жансүгіров ауданы Көкөзек ауылына қоныстанды.

Маңайындағылардың айтуынша апамыз ол ауылды да уысында ұстай бастапты. Үйіне орамалсыз келіншек кіргізбейді екен.

Мешіттегі секілді босағаға орамалдар ілгізіп қойған. Айт, той, мереке күндері қыдырып келген жалаңбас әйел болса "Әй, қатын! Байдан қайтып келіп пе едің? Басыңды ора" деп тікесінен тартады екен.

Келін, немерелері келген қонақтардан қысылып кешірім сұрап әлек дейді. Апамыз қайтпайды. "Жалаңбас келсең, шаруаңды есік алдында айт" деп кесіп тастап қарап отырады екен. Шүкір, ол ауылдың адамдары да апамызды қатты сыйлайды екен. "Асау апа" деп атап кетіпті. Келіндер алба-жұлба болып шықпауға, орамалсыз үйіне бармауға тырысады.

Той, бірдеңеде қатар отыра қалса, шолақ көйлектерінің етегін тізелеріне тартқылап қысылып қалады екен. Ал біздің ауылдың келіндері бір-біріне "Сақшы кемпір, кетті, әйтеуір" деп әзілдесетін көрінеді. Кетеді ғой, қанша жүрер дейсің.... Бірақ "Сақшы кемпірмен"  бірге тәрбиелерің де кетіп қалмасын деп тілеңдер...

Ұларбек Нұрғалымұлының  "Дайағашшы" кітабынан үзінді

Қайын атам құшақтап, сүйіп жабысады
Бақытсыз Бөкіш кемпірді бақытты еткен келін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу