Ұлымды соқыр еткен қайнымның баласын жазалағым келеді

Oinet.kz 14-05-2023 861

Мен Қарағанды облысы, Шет ауданының тұрғынымын. Екі ұлым бар. Үлкен ұлым 12-де, кіші ұлым 5-те. Осыдан тұп-тура бір жыл бұрын менде барлығы жақсы еді. Әттең, қазір сол күндерім қайтіп келсе ғой...

Screenshot_13.jpg

Өмірдегі бар тілеуім екі ұлымның үстінде еді. Күйеуім екеуміз осы екі баланы аман-есен жеткізіп, ел қатарына қосуды армандаушы едік. Ендігі сәтте барлығы сағымға айналып кеткендей болып жүр. Қазір үлкен ұлыма қараймын да дүниеден баз кешіп, уайымның үстіне уайым жалғаймын. Сол бір күн есіме түссе денем тітіркеніп, жанымды қоярға жер таппай кетемін. Сол күні күйеуім екеуміз екі ұлымды бірдей қайнымның үйіне қалдырып, тойға кеттік. Барлық туған-туыстар барып жатқаннан кейін біз де елден қалмай тойға баруды жөн көрдік. Екі ұлымды абысыныма бір-екі сағатқа қалдыра тұруды жөн көріп, артынып-тартынып тойға да жеттік. Жеткеніміз сол еді, тіпті дастарқан басына да отырып үлгермедік, бірден, абысыным үрейленіп «аудандық ауруханадамыз, тез жетіңдер» дегені. Жолдасым екеуміз ештеңені түсінбей, жалма-жан жиналып ауруханаға тарттық. Едел-жедел барғанымыз сол еді, дәрігерлер менің үлкен ұлыма ота жасалып жатқанын, ұлымның бет әлпетінің 80 пайызы сірке суына күйіп қалғанын жеткізді. Әлгі жерде біз үшін аспан айналып жерге түскендей ебіл-дебіл болдық та қалдық. Күйеуімнің бар айтатыны «аман қалса болғаны» дей берді. Ал мен әйелдікке салынып бар ашуымды абысынымнан алып іште жиналған біраз жайтты ақтарып салдым. «Сендер бізді көре алмағаннан кейін осындай әрекет жасадыңдар» дегенге дейін бардым. Аурухананың сыртындағы айғайым ішке дейін естіліп, ақыры, қайным мен күйеуім басу айтып әрең тоқтатты. Сонымен, не керек, ұлыма жасалған ота сегіз сағатқа созылды. Дәрігерлер отаның ойдағыдай болғанын жеткізгенмен ендігі кезекте ұлымның бір көзінінен айрылғанын, оның орнына жасанды көз салынатынын ақырын жаймен жеткізді. Әлгі хабарды естіп, мен сол жерде естен танып қалдым.

Міне, осылайша, он екі мүшесі сау, денсаулығы мықты ұлымды осылайша бір-ақ күннің ішінде жарымжан зағип етіп алдық. Ұлым үш ай ауруханада жатты. Ауруханадан шыққаннан кейінгі күндеріміз де, емханамен екі ортада өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін оқуда үздік, мектеп қабырғасында белсенді, спортқа үйір ұлым осылай өкініші кетпейтін жағдайға тап болды. Ал мұның барлығын істеген абысыным мен қайнымның ес білетін 16 жастағы ересек ұлы. Қазір ол ұл түк болмағандай ойнап күліп жүр. Ал менің ұлым күйзеліске шалдығып, тіпті уайымнан апталап тамақ ішпей әрі-сәрі күй кешуде. Тіпті 16 жастағы жасөспірімнің мұндай әрекетке баруы да ақылға сыймайды.

Сол күні біз тойға кеткеннен кейін 16 жастағы Әрсен мен менің ұлым Әсет екеуі сыртта ойнап жүреді. Абысыным әдеттегідей үй шаруасымен айналысып, қайным өз жұмысын бітіріп тіршіліктерімен айналсоқтап қалады. Бір мезетте сырттан шыңғырған дауыс естіледі. Абынысым жүгіріп шықса, менің ұлым жерде шыңғырып жатыр,- дейді. Жалма-жан қастарына қайным барады. Айтуларынша, оқиға былай болған: ойнап жүрген екі ұл әлденеңе таласады да, 16 жастағы Әрсен Әсетке қолына не іліксе соны лақтыра бастайды. Бір мезетте Әрсеннің қолына бұрышта тұрған бөтелке ілігеді. Менің ұлым Әсет сәл тынышталып, құммен ойнап алданып кеткенде, есесін алу үшін Әрсен бұрышта тұрған сол бөтелкені ашып қалып, ішіндегі суды теріс қарап құммен ойнап отырған менің ұлымның басына апарып төгіп жібереді. Сөйтсе, оның су деп ойлағаны сірке су болып шығады. Осылайша абысыным мен қайнымның 10 сыныпты тәмамдаған үлкен ұлының алаңғасарлығы ақыры ұлымды соқыр етті. Жыладық, айғайластық, ұрсыстық одан шыққан пайда қане?! Қайным мен абысыным құзырлы орындарға шағымданбауымды өтінді, жалынды. Тіпті өзімнің күйеуім де «бауырымның баласы ғой» деп шағымданбады. Ал менің кеудемде әлі күнге дейін кек қатып қалды. Өзім сонша жыл тосып, құдайдан тілеп алған балам еді. (Күйеуге шыққаннан кейін бірнеше жыл бала көтере алмай жүрген едім). Қазір абысынымның үйіне мүлде бармаймын. Сол оқиғадан кейін бір жыл өтсе де олардың есігін ашып көрген жоқпын. Ешқандай той-жиындарына да бармаймын. Барса күйеуім өзі барып келеді. Осы оқиғадан кейін күйеуім екеуміздің арамыз да суып кетті. Мен кейде ашу үстінде «сау баламды соқыр еткен сенің бауырыңның баласынан кегімді қайтсем де аламын» деп ызаланамын. Шынымды айтсам, расымен де одан кек алғым келеді. Қайнымды да, оның баласын да жазалағым келеді. Айтыңыздаршы, менің сау баламды зағип еткен адам неге жазасыз қалуы керек?!

Әсемгүл, Қарағанды

alashainasy.kz

13 жыл бойы бірге тұрып бала сүйе алмай ажырасқан шын ғашықтар
Құрбым не көрмеді десейші
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу