Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы орта мектептің бірінде еден жуушы болып қызмет атқаратын Баян Сапарбайқызы 2017 жылдан бері мектеп директорынан қысым көріп келген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Qaz365.kz ақпарттық порталына сілтеме жасап.
Ол мектеп басшысы С. Н-нан зорлық-зомбылық көріп келе жатқанын жария етті. Бастығы жеті жыл бойы жеке жұмысына жегіп келген. Тіпті, 90 жастан асқан енесінің күтіміне де көмектескен.
«Енесі дәрет сындырған кезде бұтын ауыстырып, тазалаған кездерім бар. Мені сондай жұмыстарға қинап жегеді. Жиіркенсем де, жұмыстан шығарам деген сөзінен қорқып, айтқанына көніп келдім», - дейді кейіпкеріміз «Астарлы ақиқат» бағдарламасына берген сұхбатында.
Оның күйеуі екінші топтағы мүгедек екен. Төрт ұл, екі қызы бар. Мектептен 116 мың теңге айлық алатын көрінеді.
«Бір ставка зертханашы, 0,5 ставка еден жуушы болып қызмет атқарамын. Күн сайын 500 шаршы метрді жуамын. Мектепте 4 еден жуушы бармыз. Директордың үйіндегі жұмысқа Гүлбағдат есімді екеуіміз барамыз. Таңда жұмысқа келгенде директор екеуімізді шақырып алып, үйіне жібереді. Біреуміз апаның кірін жуып, шомылдарамыз. Екіншіміз тамақ істейміз. Сосын жұмыс соңында видео жіберіп, есеп береміз», - дейді Баян Сапарбайқызы.
Ал онымен бірге мектеп директорының үйінің жұмысын істейтін Гүлбағдат Өмірова да біраз құпияның бетін ашты.
«Директор мен енесінің және алтыншы сыныпта оқитын баласының да кірлерін жуамын. Кейде күйеуінің де іш-киімдеріне дейін береді. Қорлықтан шаршадым. Содан кейін айтып жатырмын», - дейді Гүлбағдат Өмірова.
Сонымен қатар еден жуушылар мектеп директоры аудан, облыстан комиссия келгенде қызметкерлерге үйден ет жинатады деп отыр. Олардың талабы мектеп директорын орнынан алып тастау.
Мойынқұм аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанар Хайырқызы жағдайдан хабардармын деп отыр.
«Әлеуметтік желіге анонимді түрді шыққан. Сәуір айында мектепке барғанымызда, 30-ға жуық қызметкер қол қойып берді. Ешқайсысы, бізді жұмысқа салмайды деп айтты. Тек осы Баян деген кісі жылап, мұңын шақты. Бірақ ол өзі директорға ағайын туыс болып келеді екен. Сондықтан туыс ретінде көмектескен», - дейді Жанар Хайырқызы.
Бірақ Баян Сапарбайқызы туыстық қарым-қатынасым жоқ, тек күйеуіммен руы бірдей деді.
Ал директор түсірілім тобынан басында қашқанымен, кейіннен ауруханаға түсіп қалғанын айтқан.
«Оның бәрі жала. Уақытысында көреміз. Осыны ұйымдастырып жүрген адамды сотқа бердім. Мұндайды көрмегенмін. Сондықтан шок алып құладым. Қол-аяғым істемей қалды», - дейді С.Н.
Еден жуушы жеті жылдан осы шындықты айта алмауының бір себебі ретінде мектеп директорының туыстарының бәрі құқық қорғау органдарында қызмет атқарады. Сондықтан қорқамын деп отыр.