Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Енем жасы 85-тен асса да тиісуін қояр емес. Есімім құпия болсын. Не істесемде жақтырмайды. Әрі қарай қалай әрекет етсем болады? Күйеуім екеуміз студент кезде таныстық. Ол менен 1 курс жоғары оқыды. Ол оқуды бітірген соң маған үйленбек болды.
Бірақ мен одан бір жыл мұрсат сұрадым. Менде оқуымды бітіріп алайын дедім. Жігітім оған келісіп мені күтетінін айтты. Содан ол уәдесінде тұрды. Мені оқу бітіре салысымен келісілген түрде алып қашты.
Үлкен шаңыраққа келін болып түстім. Күйеуімнің анасы, яғни менің енем 45-тер шамасындағы жылыжүзді әйел. Келген күннен мені өзіне жақын тартып көп қолдау көрсетті. Шынымды айтайын, әбден қалада өскесін бе, ауыл тірлігіне мүлде жоқ едім. Тіпті тамақты да мандытып істей алмайтынмын. Бұған енем күліп қарап, маған бәрін басынан бастап үйретті десем болады. Сонда енемнің шыдамдылығына, сабырлығына ерекше тәнті болдым. Бірақ бір мәселе еш шешімін табар емес…
Қарашыңырақта үлкен енем бар еді. Жасы биыл 85-ке толды. Көресіні осы үлкен енемнен көрдім. Әдетте жасы үлкен қариялар бір бұрышта тып-тыныш отырып, өзімен-өзі намазын оқып жүрер еді. Бірақ үлкен енем ондай емес. Өте адуынды. Бүкіл әулетті билеп-төстеп отыр. 5 бала тапқан. Бәрі ұл. Қазір кенжесінің қолында. Яғни қайын атаммен бірге тұрады. Қайын атам да, енем де үлкен енемнің алдында тік жүреді. Қарсы сөз айта алмайды. Егер сәл қарсы шықсаңыз, үлкен енем ауыр сөздер айтып жеп тастайды. Тілі өте ащы. Ол кісі қарғап-сілегенде өмірден безіп кеткіңіз келеді. Үлкен енем кезінде мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып 30 жыл қызмет істеген екен. Әбден бұзақы балалармен алысып-жұлысып өскен. Оқушылар былай тұрсын, мектеп мұғалімдері де одан әбден зәбір көргенге ұқсайды. Ол ол ма, мектеп директорларына да күн бермепті. Үстінен арыз жаза беріп, бірнеше директорды ауыстырған екен.
Былайша айтқанда бәлеқор әйел болған. Бұл туралы көршілерден естіп қалдым. Көшеде ауылдастарға сәлем берсем, «кімнің келінісің?» деп сұрайды. Сонда жауапты естігенде «Қатираның келінімін дейсің бе? Ойбуй» деп маған аянышпен қарайды. Сондайда көңілім босап, үйден қашып кеткім келеді. Үйде отырсам опақ, тұрсам сопақпын. Әрбір ісімнен мін тауып отырады. Үйді жинасам қыл іздейді. Кір жусам көйлек, жейденің жағасынан дақ іздейді. Тамақ істесем, асханаға келіп табақты қайта-қайта ашып, қасықпен сораптап дәмін көреді. Шай қайнатсам қызылы шықпаған деп жекиді.
Тіпті «неге көтермей жатырсың?» деп күнде құлақ етімді жейді. Бұл шектен шыққандық қой. Жылап қаламын сондайда. Әзер шыдап келемін. Ең бастысы, ата-енем, күйеуім өте жақсы. Олар әрқашан қолдау көрсетеді. Солар үшін осында тұрып жатырмын. Құдай өзі кешірсін, «жақында мәңгілік мекеніне кететін шығар» деген үмітпен өмір сүріп жатырмын. Әрине, бұным өте ұят. Ақтап алуға келмейді. Бірақ солай өз-өзімді қамшылауға мәжбүрмін.