Қу дүние үшін өмірге бала әкелу - ақымақтық

Oinet.kz 24-02-2022 3137

"Әр баланың өз несібесі бар» деген қазіргі нарықтың заңына жүрмейді. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» дегенді жәр­демақы үшін, не болмаса көпбалалы ана ретінде үйдің кезегіне тұру үшін жоспарлайтындар да бар.

Screenshot_2.jpg

Жақында бір таныс дәрігер жыл сайын құрсақ көтеретін емделушісінің бүйрегі сыр бергенін айтты. Сөйтсе, анемияның үшінші кезеңінде жүрген әлгі әйелге дәрігерлер бұрын жақсылап емделіп, тек 5-6 жылдан кейін ғана жүктілікті жоспарлауға кеңес қылған. Бірақ кеңеске құлақ аспаған.

Бірде "Бәрібір үйде отырмын, біреуін туып алайын деп шештім. Есесіне ай сайын көпбалалы ана ретінде жәрдемақы аламын" деді бір әйел, "Үйдің кезегіне тұру үшін төртіншісін жоспарладық" деді екіншісі. Қазір әскери және құқық қорғау саласында істейтін отбасыларда да тұрғын үй бағдарламасы үшін жүктілікті жоспарлайтындар бар. Демографияға үлес қосып, жағдай келсе көпбалалы отбасы болған дұрыс. Бірақ құрсақ көтеруді қу дүние үшін жасау дұрыс па?

"Жассың ғой, тағы біреуін туып алсаңшы", "Қызыңа сіңілі керек", "Ұлыңа серік керек" дейтін үлкендер бар. Құдды Құдай ұл десең ұл, қыз десең қыз бере салатындай. Баланы жасау да, туа салу да оңай шығар. Бірақ бала алдындағы жауапкершілікті қайда қалдырамыз? Қазіргідей қу тіршіліктің соңынан қуалап жүргенде оларға аналық махаббатты, әкелік жылулықты бере алмасаң ше? Оларды оқытып-тоқытып, жеткілікті тәрбие беру керек емес пе? Өкінішке қарай, бірнеше баланы тудырып, соңында бір шүйкебастың соңынан ілесіп, балалардың анасын жалғыз қалдырып, алиментті төлеуден қашып жүрген "еркектер" көп. Ең өкініштісі, қолдаушысы жоқ сондай аналар балаларын асырай алмай, тағдырдың тауқыметін әбден тартып, өмірден күдерін үзіп өз-өзіне қол салып жатқан жоқ па? Өзі ғана емес, өзінің туған баласын да өлімге қиып жатқанын көріп жүрміз.

Жылда бала туып денсаулығың құрыса, бай да керек қыла ма? Сол үшін күйеудің көңілі үшін, болмаса қу дүние үшін өмірге бала әкелу - ақымақтық. Ұрпақты әулеттің атына лайық етіп тәрбиелеп, нарық заманына сай жағдайын толық жасай алмасаң, топырлатып туа беретін баланың тағдыры ойыншық емес. Әрбірден соң ұлтқа керегі – дені сау ана, болашағы жарқын болар ұрпақ. Пессимист те, оптимист те емес, реалистік көзқараста қарайықшы.

Автор: Жадыра Мүсілім

Асаба әйелдің қоймай айтататын анегдоты, өз қасіретіне айналды
Әкесін сабап, балағаттаған бала жұрттың жағасын ұстатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу