Есімді жисам, цемент еденде жатырмын

Oinet.kz 18-02-2022 30503

Мен 27 жастамын. 2013 жылы тұрмысқа шықтым. Бір-бірімізді сүйдік, жүрдік, өліп-өшіп тұратын сезім болды. Жанымдағылар қызыға да, қызғана да қарайтын махаббат болатын бізде. Өзімнен бір жас үлкен. Сонымен отау құрдық.

Screenshot_1.jpg

Араға үш ай салып жүкті болдым. Қуанышымызда шек болмады. Бірақ жеті айға тартқан шағында ішімдегі періште шетінеп кетті. Өлі туылды. Қатты күйзелдім. Жыладым. Түңілдім.

Сол кезде күйеуім өзгере бастады. Жұмыстан кейін кешігуді шығарды. Апта сайын демалыс орталықтарына апарып, шағын сыйлықтар жасайтыны бар еді, онысы да азая бастады.

Депрессияға ұшырағанмен, өзімнің бет-дене күтімімді тастамадым. Тамағын да жақсылап дайындайтынмын. Осылай көп күттірмей арамызда ең алғашқы ұрыс та басталды. "Сенен, сенің қабағыңның ашылмауынан мезі болдым" деген сөздерін естігенде төбемнен су сепкендей жүректегі бар сезім басылып қалды. Мені соншалықты ауыр стресстен кейін қолдап, қорғаудың орнына осылай еткені жанымды кәдімгідей жаралады.

Таңертең жолдасым жұмысқа кеткен соң, заттарымды жинап үйіме кетіп қалдым. (Үйім өзге облыста) Артымнан іздеп келді. Жалынып-жалбарынды. Кешірім өтінді. Енді қайталанбайтынын алға тартып, әке-шешемнен рұқсат сұрап, алып кетті.

Тағы тәтті өмір басталғандай болды. Тағы көтердім. Мәз-мейрам болдық. Жетінші айға жеткенде тағы алай-дүлей ұрыс болды арамызда. Айқайласып жатқанда бетімнен тартып жіберді. Мен де жауабы ретінде тартып жібердім. Намысына тидім-ау, сірә, жерге итеріп, басымды теуіп тастады. Коридордың едені цемент еді, сол жерде жатып қалғанмын.

Көзімді ашсам таң атыпты. Бірден ішімді ұстадым. Балам жыбырлайды екен. Аллама шүкіршілік етіп, қуаныштан жылап жібердім. Басым көтертпесе де, тұрдым. Қатты тоңып қалыппын.

Үйге кірсем күйеуім жоқ екен. Жедел-жәрдем шақыртып, айнаға қарадым. Өзімнен өзім шошыдым. Бетімнің оң жағының жаны кетіп, салбырап қисайып қалыпты. Көзім жұмылмайды. Қатты ашуланып, жылай бердім.

Дәрігерлер дереу ауруханаға жатқызды. Неврит, микроинсульт, жүйке жүйеме зақым келген, миым шайқалған деген неше түрлі диагноздар қойып тастады. Нәрестем аман екен әйтеуір. "Баланы толғақ шақыртып тудырып алайық, емделуің керек, бала барда КТ, МРТ, және уколдар болмайды. Емделмесең инсультке асқынады." дегенде қатты қиналдым. Ойландым. "Балам әлсіз туылып, тағы шетіней ме" деген ойлар маза бермеді.

Ауруханада апта бойы жаттым қисық бетіммен. Күйеуім қарасын да көрсетпеді. Іздемеді. Үйімдегілер уайымдар деп оларға да айтпадым.

Менде қиыны ата-ене, қайыніні-сіңілі, қайынапа-аға деген жоқ. Жағдай сұрар жан тек құрбым еді сол қаладағы.

Интернетті әрі ақтардым, бері ақтардым. Оренбург деген қалада невритпен ауыратын аяғы ауыр әйелдерді емдей алатын жақсы клиника бар екен. Қуандым. Бірден жиналып, үйге шықтым. Маска, орамал бәрін тағып оранып келдім үйге.

Күйеуім дым болмағандай "кешір, өзімді ұстай алмадым" деп алдымнан шықты. Мән бермедім. Үйге кіре сала құжаттарым мен заттарымды жинап шығып кеттім. Соңымнан біраз жерге дейін жүгірген "итті" елемедім. Билет алып, Оренбургқа кеттім. Қуанышыма орай, жақсы дәрігерлер екен. Уколсыз, дәрі-дәрмексіз толқынды-соғу аппаратымен бір айдан аса емдеп, түрімді дұрыстап берді. Сөйтіп өз қалама қайттым.

Әке-шешемнің үйіне емес, ең жақын деген құрбыларыма бардым. Сол жерге қалыптасып кеттім. Сол жерден перзентханаға түстім. Құрбы-құрдас қыздардың арқасында босандым. Өмірге тәп-тәтті қыз әкелдім. Өмірім быт-шыт жағдайда тұрса да, осы сәби маған ешқашан сезінбеген бақытты сезіндірді. Атын қойдық. Құжаттарымды өткізіп, бала күтіміне арналған жәрдемақыға да ұсыныс тастадым. Есімді жиып, ата-ана, бауырларыма хабарласып, қызымды қырқынан шығарып, ажырасуға арыз жаздым.

Өткен жылдың сәуірінде сотқа шақыртып, бір ай уақыт берді. Арада бала бар, ажырасуға себеп жоқ деп. Күйеуім қуанып, жаныма келіп еңіреп жылады. Кешірімнің түр-түрін жаудырып жатыр. "Қызымды көрейінші" деді. Кезінде тепкіге жыққанда қызын ойламады, енді оны көргісі келеді. "Жоқ" деп ұрыссыз, керіссіз кете бердім.

Бір айдан соң ажырастырып жіберді. Екеуміз некеде болғанда салынған үй, алынған көлік, дүние-жиһаз, бәрін бөліске салдық. Алимент өндіріп берді сот. Қандай махаббат бастан өтсе де, кешіре алмадым. Жанымдағылардың бәрінің "қызың үшін кешір, қосыл" дегендеріне көз жұмдым. Бір ұрған адам қайта ұрады. Бір ит қылса, әдетке айналдырады. Осы принциппен қосылмадым.

Бауырларымның, аға-жеңгелерімнің "басымнан сипауымен" ғана күнімді кешіп жүрмін. Қызымның тәтті қылықтары да көбейе бастады. Жанымнан артық жақсы көремін оны. Күйеуім де осы қалаға көшіп келіп жұмысқа тұрыпты. Жақында білдім. Қызын айына бір көріп тұрады келіп. Енді ұрмаймын, қосылайық деумен жүр әлі. Менің көрген қорлығымды қалай өшірмек сонда деп жылап аламын. Сол тепкі көзімнен кетер емес. Психологтарға барып көрдім, жанымның жарасы жазылар емес. Жеңгем "саған ашулануға болмайды, өзіңді-өзің ұста, тағы ауырып қаласың, қызыңды мен қарайын, көшеге шық, серігіп қайт, көңіл көтер дейді күнде-күнде. Қайтып келген деген атымның арқасында жігіттерге жем болып қалам ба деген үрей бар ішімде. Өзіме сенімсізбін. Өмірге деген құштарлығым сөніп бара жатыр. Ер адамның сенімді құшағы жетпейтін сияқты.

Өкіріп жылап тұрып, ішімді ақтарғанда, жанымды ұғатын адам жоқ қасымда, соған қиналамын. Әкем мен анам "өз күйеуіңе қосыл, өзіңнің таңдауың ғой, бір ұрғанда тұрған дым жоқ, отбасы сол шыдам мен төзімнен шарықтайды" деп бір жақтан миымды жеп әлек.

Қалай ойлайсыздар, Әйел атаулы жандар?! Әйелдің бәрі бар табиғатын жиып қойып, шыдам мен төзімнің аяғына бар ғұмырын жығып беруі тиіс пе? Мен де тірі жанмын ғой, менде де жүрек бар, менде де сезіну түйсіктері бар, менде де ес бар.

Жұмысыма шығып, қызымды ешкімнен кем қылмайтыныма сенемін. Жетпіс мыңға жуық алименті бар оған қоса. Неге жанымдағыдардың бәрі өткен өміріме оралуымды тілейді екен?! Түсінбеймін. Оңды-солымды танып, 25 жасқа аяқ басар шағымда құрдым тұрмысты, осындай болатыны он ұйықтасам түсіме кірмейтін.. Танып-біліп, қыз болып тидім, жазығым бір шапалағым ба сонда?!

Қызымның қараған көзі, түрі бәрі күйеуімнен айнымай қалған. Қараған сайын есіме түсіп кете береді. Қалай ұмытсам болады сол жағдайды?! Күннен-күнге адасып бара жатқандаймын.. Сотрясениенің салдары болар. Жанымның тозығы жетіп, бітті. 10-20 жылға қартайып кеткен сияқтымын. Маған бірдеңе айтыңыздаршы, өтінемін! Не істесем болады?! Сөкпеңіздер, айып етпеңіздер, артыққа кетпеңіздер! Ақын жанды пендемін, біраз жазсам - кешірімімді қабылдарсыздар.

Басымнан өткен оқирғаны жазып, бір жеңілдеп қалдым.

Бану, Алматы

Аlashainasy.kz

Шайды бәрімізге енем құйып беріп отырады
​Мен де анам сияқты өмірімнің соңына дейін өксіп өтем бе деп уайымдаймын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу