Күйеуім тура той үстінде тастап кетті
Мен Болатпен жұмыс барысында таныстым. Ол ауданымыздағы үлкен май шығаратын зауытта жұмыс істейтін, мен сол зауытқа есепші болып жұмысқа орналастым. Біздің Үржар ауданында күнбағыс жақсы өседі ғой. Сол уақыттарда май зауыттары өте жақсы жұмыс істейтін.
Жаңа жұмыс орнымда әріптестерімнің бәрімен бірден танысып үлгерген де жоқ едім. Екі аптадай ғана жұмыс істедім, бірде осындай мамыр айындағы мерекелердің бірінде ұжым болып көкке шықтық. Сол кезде Болат екеуміз жақынырақ таныстық. Ол өзі орта бойлы, аққұба келген сымбатты жігіт еді. Бірақ байқауымша, Болат ішімдікке өте жақын екен. Сол күні ол қатты мас болып қалды. Өзімнің әкем ішімдікті аузына алмайтын болғандықтан мен ер адамдардың ішкенін аса жақтырмайтын едім. Бірақ мереке болған соң, оның үстінде ұжымда негізінен жігіттер істейтіндіктен сол күні олардың көңіл көтергеніне түсіністікпен қарауға тырыстық.
Мамыр мерекелерінен кейін жұмысқа қайта кірісіп кеттік. Мен тіпті жұмыс барысында Болатты сирек көретінмін. Біраз уақыт өткеннен кейін бір күні Болат мені кешке кездесуге шақырды. Жап-жас, сымбатты жігіт шақырып тұрғаннан кейін кездесуге келістім. Ол кездесуге де қызу келді. Болат маған өзінің жолдасының көлігімен келгенін айтып киноға шақырды. Сонымен көлікке отырдық. Ол маған біраз қарап отырды да: «Сәуле, шыныңды айтшы, мен саған ұнаймын ба?» деп қойып қалғаны. Мұндай сөзді одан күтпеген едім, сасқалақтап қалдым. «Әрине, ұнайсың, сен жақсы жігітсің» деппін. Сөйтіп отырғанда мен біз отырған көліктің қайда кетіп бара жатқанын да байқамаппын. Бір кезде терезеден қарасам ауданнан шеткері қарай беттеп бара жатыр екенбіз. Сол кезде көліктің жүргізушісіне қарап: «Кинотеатр орталықта емес пе, қайда барамыз» дедім. Сонда Болат жұлып алғандай: «Біздің үйге, сен менің әйелім боласың» деді. Әлгі жерде не күлерімді, не жыларымды білмей дал болдым да қалдым. Есімді жиғанымша, оның үйіне де жақындап қалыппыз. Көлік тоқтай қалғаны сол еді, бізді бір топ жас шулап-шұрқырап қаумалап алды. Сөйтіп, мені әй-шайға қаратпай келін етіп түсірді.
Болаттың анасы ертерек қайтыс болыпты. Әкесінің қолында ортаншы ағасымен жеңгесі бала-шағасымен, қарындасы және бір інісі тұрады екен. Өздері барылғы 10 ағайынды, жалғыз әпкесі тұрмысқа шыққан, өзінен үлкен ағалары да отбасыларымен басқа қалаларда тұрады.
Болат өз бауырларының ішіндегі ең еркесі болып шықты. Жеңгесі мені өте жылы қабылдап, барынша қамқорлық танытты. Болаттың үйленгенін естіп жан-жақтан туған-туыстары ағылып келе бастады. Келін болып түскен алғашқы күндері Болаттың маған деген құрметі өте жақсы болатын. Бірақ дәл біздің жаққа құдалыққа баратын кезде ол аяқ астынан өзгеріп, достарымен қатты ішіп, менің қасыма жоламай, сөйлесуге талпынсам, тыңдағысы келмейтін болды. Маған Болаттың көңілі басқа бір нәрсеге алаңдаулы секілді көрінді. Мен оның қатты күйзеліп жүргенін сездім. Бірақ оның жеңгелері мені сабырға шақырып, Болаттың кейде осындай мінез шығаратынын, бірақ қайтымы тез екенін айтып, түсіністікпен қарауымды өтінген соң, әдептен аттамадым. Бірақ менің уайымым ата-анамның менің күйеуімді қалай қабылдайтыны болды. Әкем Болаттың ерсі қылықтарын көрсе қалай болар екен деп әбден мазам кетті. Бірақ енді артқа шегінетін амал жоқ, біздің үйге баратын уақыт болды. Болаттың ет жақын туыстары жиналып біздің жаққа баруға жиналды. Тура сол күні Болат «мен үйленбеймін, ешқайда бармаймынға» басты. Аға-жеңгелері, әпкелері жабылып жүріп оны көндіріп, көлікке салды. Сондағы менің күйімді айтып жеткізе алмаймын. Ауылда ата-анам құда келеді деп күтіп отыр, бүкіл ауыл-аймақ мені алып қашып кеткенін естіп алған. Күйеуім болса аузы арақтан құрғамай, менің ата-анаммен танысуға барғысы келмейді, тіпті маған үйленгісі келмейтінін айтып азар да безер болды. Әйтеуір не керек, шешінген судан тайынбас деп Болаттың бұл қылығына да қарамай ауылға бардық, ата-анам мені құшақ жая қарсы алды. Болаттың туыстары өте жақсы адамдар еді. Құдаларымен жақсы тіл табысып кетті. Ал Болат болса барғаннан жұмған аузын ашпай, қабағы қарс түйілген күйде отырды. Мен де, Болаттың туған-туыстары да оның бұл қылығын жуып-шайып, әйтеуір құдалықтың соңына дейін шыдадық.
Сол күні той күні белгіленді. Ол уақыттарда тойды қазіргідей мейрамханаларда жасамайтын. Үйдің ауласына дастархан жасап өткізетін.
Сонымен көп ұзамай той болатын күн де келді. Қазір ойлап отырсам, мен қандай ақымақ болғам десеңіздерші. Менің ғана тойым болатындай өзім дайындалып жүрмін. Ал Болаттың тойда шаруасы жоқ адам секілді. Сонда өзімді керек қылмайтын адамға сонша жалынышты болмай кетіп қалсам да болады ғой. Жоқ, мен Болаттың әкесін, аға-жеңгелерін сыйлап, солардың айтқанына иланып, оның үстіне өзімше намысқа тырысып жүре беріппін.
Кешкісін той басталды, ақ көйлегімді киіп алдым, қонақтар да жиналып жатыр. Болат тіпті киінуге де асықпады, өзі тағы қызып алған. Бір қарасам әйтеуір ақ көйлек пен шалбар киіпті. Соған да қуанады екенсің. Қонақтардың бәрі жиналып, тура жар-жар айтылар кезде Болатты таппай қалдық. Ары іздеп, бері іздеп, көрінбегеннен кейін қонақтар дастарханға жайғаса бастады. Сол кезде Болаттың қара шаңырақта тұратын жеңгесі Жанат апайдың «Мына көрші үйге әлгі Рита келіп, біздің ұлды шақырып алыпты» деген сөзін естіп қалдым. Ол кісі менің естіп қалғанымды байқамаса керек, мені көріп сасып қалды. Сол кезде мен көзімнен пора-пора жасып ағып, сол жердегі Болаттың туыстарынан менен ештеңе жасырмай шындықты айтуыларын, Ританың кім екенін сұрадым.
Олардың айтуынша, Рита Болаттың маған үйленгенге дейін ұзақ уақыт жүрген қызы екен. Екеуі үйленейін деп жүрген кезде қатты ренжісіп қалып аралары ажырап кеткен. Ал Болат болса Ритаға ерегесіп, маған үйленбек болған. Осы әңгімені естігеннен кейін өзімді ұстап тұра алмадым. Жүгіріп көршінің үйіне барсам, Болат Ританың аяғын құшақтап жылап отыр, ал ол болса үнсіз. Мені көріп Болат орнынан ұшып тұрды. Сол кезде Рита маған қарады да. «Болат екеуміздің жақында баламыз болады. Мен соны айтуға келгем» деді. Ол менің көзіме тура қарап шімірікпестен айтты сол сөздерді. Мен де қарап қалмадым, Болатқа қарап тұрдым да: «Болат-ау, сүйетін адамың болса, маған үйленгің келмесе, менімен сөйлесуден қашпай, бәрін түсіндірсең, мен түсінбейді деп ойладың ба. Осыншама былық ойындарың мені пайдаланғандарың қалай» дедім де шығып кеттім. Шығып бара жатып Болаттың «кешір» деген сөзін естідім. Үйге келе сала, ақ көйлегімді шешіп кетуге жиналдым. Көз жасымды тыя алмай, жиналып жатқанымда Болаттың жеңгелері менен кешіріп сұрап құрақ ұшты.
«Болат Ритамен екі күннің бірінде ұрсысып қалатын, олардың жақсы отбасын құратынына бәріміз күдіктендік. Соңғы ұрсысқандарында біз өзіміз едік Ритаға үйленуден айнытқан. Соңы бұлай боларын кім білген? Осы босағаны аттағаныңнан-ақ сенің мейірімді, төзімді жан екеніңді көріп, Болатқа осындай жар керек деп қуанғанымыз рас. Кешір айналайын, сенің алдыңда айыптымыз» деді. Тойға келген менің ата-анам да, туған-туыстарымнан да ұялып, кешіріп сұрап жатты. Бірақ ата-анамның парасаттылығынан ешқандай шу-шұрқансыз сол үйден кетіп қалдық.
Сонымен Болаттың үйінен өзімді керексіз зат секілді сезініп шықтым. Осы оқиғадан кейін өзіме-өзім біразға дейін келе алмай жүрдім. Енді маған бұл жерде қалудың еш мағынасы жоқ еді. Бар күш-жігермді жиып, қалаға кетіп қалдым.
Қазір мен Өскемен қаласында тұрып жатырмын. Аллаға шүкір, сүйікті жарым, бала-шағам бар. Қалаға келгеннен кейін де Болаттың жағдайынан хабардар болып тұратынмын. Ритаға үйленгенін, ұлды болғанын естідім. Одан кейін мүлде ол туралы ешкімнен сұрамауға, естімеуге тырыстым. Уақыт өте келе өзім де тұрмыс құрдым, балалы болдым. Басымнан өткен оқиға көрген түстей ұмытыла бастады. Бірақ жақында жерлестерімнен Болаттың Ритамен де тұра алмай ажырасқанын, қазір Семей қаласында жалғыз тұрып жатқанын естідім. Ол ішуін әлі қоя алмапты.
Сәуле, Өскемен қаласы