Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Күйеуіммен ажырасып кеткем. Өйткені мардымды ақша таппайды, оның үстіне көлігінің кредиті бар. Арасында жетпей жатса менен сұрап алады ақшаны. Жыртығымды жамасқанның орнына өзі салмақ маған.
Ақыры: „Ақшаңды өзің тап, өз кредитіңді өзің жап, өз алдыңа өмір сүр, менің басымды қатырма„ деп екіге айырылстық. Ал мен маникюр-педикюр жасаймын. Тырнақ әрлеушімін. Бір айлықтан екінші айлыққа зорығып әрең жетем. Там-тұмдап Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне ақша сап жүрмін. Жеңілдікпен пәтер алсам ба деген дәмем бар. Сол үшін үнемдеймін. Тойып тамақ ішпейміз, жарытып дұрыстап киім де алмаймыз.
Балам ешқандай ақылы секцияға қатыспайды. Сабақтан соң тура тартып, маған жұмысқа келеді. Кешке дейін қасымда боп, бірге қайтамыз. Үй қала сыртында. Жол ұзақ. Ол да шаршатады. Әйтеуір түк пайдасы жоқ еркектен құтылып, бір жүгім жеңілдеді. Әйтпесе жұмыстан соң діңкең құрып тұрса да тағы қызмет қылуым керек түн ортасына дейін оның бабын табам деп. Сұрамай келе беретін туысқандары тағы бар. Не айтасыз, қатты шаршап жүрмін, негізі.
Менің қасымда Сая деген келіншек бар. Ол да мен секілді жалғызбасты. Бірақ мен секілді қиналмайды.
Қызы екеуі үнемі қымбат киім киіп, қымбат әшекей тағып, жасанып-сыланып жүреді. Тамаққа келгенде де мен секілді үнемдей бермейді. Қызың қайда десең, бассейнге кетті, тағы бір сұрағанда биге қатысады деп жатады. Оның бәрі ақша. Ақыры шыдамадым. Қосымша басқа жерде істейсің бе деп сұрадым одан. Жоқ дейді. Сонда қалай жеткізесің, әлде бұрынғы күйеуің жақсы алимент төлей ме деймін. Қайдағы алимент, сужұқпас біреу болатын, қайта келіп мазамды алмағанына рақмет айтамын дейді. Осылай бір тоқтадық.
Бір күні жұмыста солқылдап жылап отырсам (балам шалбарын жыртып алыпты, оның үстіне үйдің шатырынан су ағып тұр, септик ол толып қалған — бәрі ақша, сұраған адамдарым ақша жоқ дейді, сөйтіп жүргенде телефонымды түсіріп сындырып алдым, енді балама қайтіп хабарласам деп қорқып жылап жібергем), Сая қасыма келді. Жағдайымды айтып жатырмын, шаршап кеттім деп қоямын. Ақыры ол жеңімнен тартып, сыртқа жүр деді. Үйдің қалтарысына тұра қала темекісін тұтатқан Сая:
„Бұл арадағы ақша маған да жетпейді. Мен де сен секілді қиналғам. Демалыс күндері де жұмысқа шығып көрдім. 2 айдан соң айналып түстім. Тапқан үстеме ақшам еміме кетті. Дәрі алдым. Общым болмайды ештеңе. Бәрін көрдім. Сөйтіп бір амалын таптым. Мен оған көндім, сен оған қалай қарайсың білмеймін„, — деді бір әңгіменің шетін қылтитқан ол ары қарай айтайын ба дегендей маған көзін қадап.
Мен жанып түстім. Айтшы деймін.
— Ешкімге айтпайсың ғой, мені айыптамайсың ғой, — деді.
— Жоға да, күнімді көре алмай жүріп елден нем бар, деп қоям. Сөйтсем Сая күндіз тырнақ әрлеу жұмысынан шыға сап, екінші жұмысқа кіріседі екен. Кейде үйінде ер азаматтарға қызмет көрсетеді екен. Өзі сөйтіп құлаққа жеңіл тиетіндей етіп айтты. Әйтпесе жезөкше ғой. Аты қандай жаман. Осы арам ойымнан жиіркеніп, ыза боп кеттім. Саяға айттым, бұның дұрым емес деп. Сөйтіп кетіп қалдым.
„Кредитке байлап, мардымсыз жалақы беріп, қымбатшылыққа ұрындырып отбасын бұзып жатыр, еркектер құл болуда, ал әйелдер жезөкше болуда„ деп кіжіндім. Мүмкін биліктің еш кінәсі жоқ шығар. Бірақ әйтеуір өз-өзімізді ақтап алғымыз келіп кетті бір кезде осылай.
Гүлзина, Алматы қаласы