«Сүйіктімнен көңілім қалды»: Ерлер пікірі

Oinet.kz 21-09-2022 2191

Қарым-қатынас жұптық би іспетті, сол себепті ара-қатынаста әйелдер мен ерлерге бірдей жауапкершілік жүктеледі. Дейтұрғанмен, жұп екі жаққа кеткен кезде бір-біріне кінә тағу басталады. Айтулы мақалада айырылысуды басынан өткерген ерлер тарапы жағымсыз оқиғаға түрткі болған себептер туралы өз ойларымен бөліспек.

Screenshot_15.jpg

«Сенімсіздік пен жалғыздықтан мен арқылы арылуға тырысты»

Айдос:

«Алғаш танысқан кезімізде арамызда жүрек тербетер тылсым іңкәр сезім болды. Уақыт өте келе бәрі түсінікті болды: сүйіктім оның қасында болып, көңілін аулаған сәтке дейін ғана өзін жақсы сезінеді де, жанынан алшақтасам, жалғыздықтан қорқады. Сыртқа шықсам, ұзақ уақыт телефон қоңырауына жауап бермесем, өзін-өзі іштей жеп, жаман ойдың жетегінде жүретін. Мұндай сәттерде маған бірдеңе болғандай оның көңілі алаңдай бастайтын Бастапқыда мұны қызғанғаны болар деп пайымдайтынмын, бірте-бірте оның жалғыздықтан қатты қорқатынын түсіндім. Сүйіктімнің өмірінде атап айтарлықтай, қайғылы жағдай орын алмаған да еді, десе де ол бәріне сенімсіздікпен қарайтын. Бірде ол маған жұмысында жақсы лауазым пайда болғандығын әрі бастықтарының қызметкер іздестіріп жатқандығын айтты. Өз басым сүйіктіме «бағыңды сынап көр» деумен болдым. Ал ол болса «Жоқ, бұл – мүмкін емес. Басшылық бәрібір жақын тума-туыстарын немесе көңілдесін алады», – деген болатын.

Ғашығыма қайта-қайта түсіндіріп, оны жақсылыққа жетелеуден жалықтым. Оның үстіне ол менсіз уақыт өткізгісі келмейтін еді. «Жанымнан алыстасаң, өзімді қоярға жер таппаймын», – деп ашық мойындаған. Ал мен оның қасында жүріп, тынысым тарылып, өзімді жайсыз сезіне бастағанымды мойындаймын. Оның қылығы ерсі көрінді.   Ең бастысы, үнемі бір адамның жанынан табылудан, әр кез құтқарушы секілді оған «жасанды тыныс алдырудан» шаршадым. Жолымыз екіге айырылды, ол болған жағдайға мені кінәлап отыр. Ал, менің ойымша, ол ер адамның жеке шекарасын жаулауды қойып, өз өмірін сүрмейінше, осылай жалғыздықта өтетін болады».

«Ол барлық мәселелерін шешкенімді қалады»

Серікбол:

«Танысқанымызға бір ай өткеннен кейін кездесуге ұсыныс жасағанымда ол көңіл-күйінің болмай тұрғандығын айтты. Әлбетте мен не болғандығын сұрай бастадым. Ол үлкен қиындықтарға тап болғандығын айтып, пәтер ақысын төлеу қажеттігін, бірақ ол үшін қолында қаражат жоқ екендігін алға тартты. Мүмкіндігім болғандықтан, қол ұшын созуға ұсыныс білдірдім.

Ол болса ұсынысымды тиісті міндетім ретінде қабылдады. Шамасы, «арқа сүйер адам» сынағынан өткен сияқтымын. Осы сәттен бастап ақшаға қатысты дүниелердің барлығын маған артып қойды. Әрине, бұл ер азаматтың міндеті. Бірақ біз әлі некелесіп те үлгермеген едік.

Көлігі сынса – жөндеу орындарына апару, құрбыларымен жиналса – мейрамхана құны мен сапарына билет сатып алу да міндетіме кірді. Жоқ, жаман ойламаңыздар, сүйіктім шынымен де менімен бірге болуды қалады, мені жақсы көрді, дейтұрғанмен әр кез «еркек тиісті» деген қағиданы ұстанды. Ал мен мықты, өз қадамдарына өзі жауап бере алатын, қаржылай тәуелсіз жанды қаладым. Сараңдығымнан емес, тек «тұтынушылық қарым-қатынас болмасыншы» деген ғана тілекпен.

Уақыт өте келе жалыға бастағанымды түсіндім. Ал өз өмірімдегі қиындықтар туралы бөліссем «Маған айтпай-ақ қой, мен бәрібір ештеңе түсінбеймін», – деген жауапты еститінмін. Бұл біржақты күрес еді.

Ер азаматтың өз әйелі үшін жауапты болуы керек екендігімен келісемін, десе де әйел заты да қарым-қатынасқа жауапкершілікпен қарауы тиіс қой. Өз басым қыңыр баламен емес, ересек адаммен бірге болуды жөн санаймын».

«Ол тек ұлына әке таңдады»

Ұлықбек:

«Баласы бар екендігін білгенім рас. Оның көп жағдайда ұлының қызығушылықтарын жоғары қоятындығын да жақсы түсіндім. Көп ұзамай ол мені «болашақ жарым» деп емес, тек әке рөліне сай келетін жан ретінде лайық көргендігін сезе бастадым. Бұл жерде «бала – өмір мәні» деген пайымдауларды алға тартудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Алты жасар баласы мені бірден қабылдамады. Бірде онымен көшеде жалғыз қалдық, бір уақытта баладан жолға қарай жүгірмеуін өтіндім. Анасы жанымызға жақындай салысымен бала жала жабуға көшіп, «мені ұрды» деп айыптай бастады. Ұл баланың жалған сөйлегені ме, әлде сүйіктімнің оған жақтасқаны ма, әйтеуір бұл жағдай мені қатты қапаландырды.

Осы оқиғадан кейін ол маған суықтық танытты. Ұлының мұндайды ойдан шығара алмайтындығын алға тартты.

Ғашығымның сенімсіздік танытуы таң қалдырды. Араға біраз күн салып бұл жағдай туралы байыппен сөйлесе бастадық, ол мені түсінгендей болды. Дегенмен бірге уақыт өткізуді қойдық, ол ұлын үнемі өзімен алып жүруге тырысты. Мұны баласы екеуміздің бір-бірімізге үйренуіміз қажет екендігімізбен түсіндіретін.

Үштік. Бұл жағдай сүйген адамымды әлеуетті әке ретінде ғана қызықтыратынымды түсінгенге дейін жалғасқан еді».

«Бұрынғы жігітінің күнәсін маған артты»

Мағжан:

«Бір күні ол маған бұрынғы жігітімен қалай айырылысқандығын егжей-тегжейлі айтып берді. Жігіті екеуі жақсы өмір сүріп, көзіне шөп салған әрі опасыздықтың беті кездейсоқ ашылған. Бұл әр нәзік жандының жанына жара салып, қорлайтыны анық. Өз басым да сүйгенімнің қиянат жасағанын қаламас едім. Дейтұрғанмен, осы  оқиғаның қарым-қатынасымызға сызат түсіретіндігін әсте ойламаған болатынмын.

Барлық әңгімелер оның көз жасымен аяқталып, кейіннен «Бір мәрте алдандым, сол себепті біреуге сенім арту қиын», – деп ақталатын. Бұл сөздерді есіме жақсы сақтап, оған көбірек көңіл бөлуге тырыстым. Уайымға салмас үшін хабарламаларына уақытылы жауап беріп, үнемі қайда жүргенімді ескертіп отыратынмын. Оның да септігі тимеді.

Жұбымның жағдайын түсінуге тырысқан сайын оның маған деген сенімсіздігі артып, бұрынғы жігітімен салыстыруы да күннен күнге арта түсті. Бір күні жанжалдасып, ұрысқан кезімізде ол сене алмайтындығын айтып, тағы да айыптауға көшті.

… Жасамаған күнәм үшін үнемі ақталуды қаламайтынымды айттым. Біз айырылыстық, бірақ өкінбеймін. Бұрынғы қызым жаңа қарым-қатынасты бастамас бұрын өткен ара-қатынасын іштей жіберуі керек».

Syrlasu.kz

Ол мені оп-оңай қармағына түсірді
Күйеуімнің қырқын берген күні мені бірден кайын ағама қосты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу